Тәңір бір ту астына тоғыстырған

Әзірбайжан мен Армян республикасына жақын жатқан ұлттар да Патшаның тұқайын көрді. Неге екені белгісіз, билік олардан да қауіп сезінді. Сөйтті де күрд, армян, парсы, түріктерді жаппай Қазақстанға тасыды. Тек Қырым татарларын ғана өзбектердің құшағына еріксіз салып берді.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де ұлан-ғайыр атырапқа жаңадан қоныстанушылар келді. Өз еріктерімен емес. Кеңес шенеуніктерінің сужүректігі неміс халқына ауды. Фашистер Ленинградқа ентелегенде ондағы неміс пен финдерді гитлер әскеріне қосылып кетуінен қауіптенді. Мұндай тәуекелдің алдын алу үшін Қазақстанға көшіріп, зауыт пен кен орындарына жұмыс істеуге жіберді. Еділ бойындағы, Мәскеу облысындағы этнос өкілдерін Қарағанды мен Қызылорда облысына қудалады. Соғыстың орта тұсында Закавказье асуынан немістердің кедергісіз өтуі Сталиннің ұлттарға сенімсіздігін одан әрі өршітті. Ақыры шешен, ингуш, қарашай мен қалмақ халықтарын осында қуып әкелді. Тек кінәлі адамдар жазаланса, совет билігінің бұл әрекетін тарих ақтап алар еді. Өйткені Қарашай Республикасын басып алған фашистер жұрттың бір бөлігін өз ұйымдарына қосып, жол көрсетуші ретінде пайдаланды. Ал сұрқия саясат ақ-қараны ажыратпастан, тұтас ұлтты езгіге салды. Түп тамырымен Қазақ жеріне көшіріп, ауыр жұмысқа салды. Оның біразы жұмыстың ауырлығынан жан тапсырғаны белгілі.
Соғыс аяқталар тұстағы мәліметке сәйкес елге 1 миллион 200 мың адам жер аударылып келген. Оның 110 мыңнан астамы Қызылорда өңірінен пана тапқан. Солай бола тұра, Сыр бойына күштеп әкелінгендер басқа облыстарға қарағанда аз. Мәселен, Кеңестік саясаттың құрбанына айналғандар ең аз қоныстанған Павлодарға 23 мың адам жіберіліпті.
Осы тұста қазақ ұлтының қонақжайлығы, жанашырлығы мен мәрттігі туралы тоқтаусыз сөз қозғауға болар еді. Өзге ұлттардың ризашылығын да сөз етсек жарасады. Бірақ аталған жағдай жайында кавказдықтар үнемі ризашылығын білдіріп, немістер қазақ тілінің өркендеуіне, кәрістер осындағы кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосып жатқанда мұндай әңгіме бекер болар.
Соғыс аяқталған жылдары қыстыгүні аяқ-киімнің жоқтығынан сабаққа бара алмай отырған жатжұрттықтарға жәрдемдескен жергілікті жұрт қазір біте-қайнаса өмір сүріп жатыр. Тәңір барын мойындайтын қауым мұны тағдыр деп атайды. Тағдырдың айдауымен бір шаңырақ астына тоғысқан ұлттардың бүгінгі жарасымды тірлігі Қазақ Республикасының «уығына» айналды. Қазіргі таңда жұрттың жүз процентке жуығы қазақ тілінде сөйлейтін Қызыорда өңірінде орыс, кәріс, неміс, өзбек, тіпті грек ұлтының өкілдеріне дейін біте қайнаса өмір сүруде. Көршілер біріне-бірі қонақ болып, ұлттық мерекелерін бірге тойлайтын қауымның болашағы болымды, келешегі кемел болары сөзсіз.
Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ