Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Алашты азаптаған абақты

Алашты азаптаған абақты

Қариялар коммунизмді аңсап, жер-көкке сыйғызбай мақтағанын талай көрдік. Бірақ бұл саяси ұстаным бізге жеке ойы бар, интеллект дәрежесіндегі адамдар үшін өмір сүретін орта еместей көрінеді. Неге десеңіз, Кеңестік үкімет ұлттарды біріктіру идеясын іске асыруға тырысқанын ойға алу керек. Сосын осы мақсатқа жетуде адамдарға түрлі тәсіл қолданғанын білгеніміз жөн.

Алла Тағала өзіндік ерекшелігімен жаратқан ұлттың қаймағын сылып тастап, жалған ұранға ермегендерді түрмеге тоғытқан, әрі-беріден кейін абақтыдан қорланған жансыз денесін ит-құсқа жем қылған идеологияны аңсаудың өзі қорқынышты. Адамзат құқығы алтыннан қымбат саналатын бүгінгі күннің өзінде Қытайдағы коммунизмнің сарқыншағы жағаны ұстатып отыр емес пе? Мұның да бейкүнә «түзету лагері» деген атауы бар. Қандастарымыз Қытайда қанша сорақылық көріп мұның жанында өткен ғасырдағы Ақмола мен Қарағандыдағы абақтыларда азап көргендердің соры бес елі екенін көбіміз біле бермейміз.
Қастандық құрылымы
Бүгінде кез-келген кеңестік түрме Батыста «гулаг» деп аталады. Іс жүзінде ГУЛАГ – лагерьлер мен ұстау орындарының бас дирекциясы 1930 жылы пайда болып, отыз жыл бойы қазақ даласын қанға бөктірген азаптау бірлестігі. Бұл 1960 жылы ғана жабылды. Оған дейін «мемлекет ішіндегі мемлекет» отыз мыңнан астам түрмеге төрелік етті. Тарихшылар мұның бәрі Иосиф Сталиннің есімімен тығыз байланысты екенін айтады. Өйткені оның тұсында миллиондаған тұтқын қала, канал мен фабрика құрылысына қатысқан. Тіпті алтын мен уран өндіретін Арктика шеңберінен тыс жерлерде және өмір сүруге қолайсыз Колымда аумақтарды игеретін жүйе құрылды.
ГУЛАГ мұражайының мәліметтері бойынша, осы жүйенің жауыздығын 20 миллион тұтқын көрген. Кем дегенде 1,7 миллион адам аштық, ауыр жұмыс, ауру немесе ату салдарынан жан тәсілім болған. Олардың арасында қылмыскерлер де, атышулы «саяси» мақалалармен қалған өмірін түрменің түбінде өткізген жазықсыз адамдар да болды.
Ал АЛЖИР лагерінің тарихы 1934 жылы 8 ­маусымда Отанға сатқындардың отбасы мүшелері туралы жарлық шыққаннан кейін басталды. Заң күшіне енгеннен кейін Сібірдің алыс аймақтарына осы санатқа жататын азаматтарды 5 жылға жер аудару түрінде жаза тағайындады. Олай болмаған жағдайда 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырып, түрлі шектеу қойылды.
1937 жылы 15 тамызда «сатқындардың» туыстарын ішкі халықтық коммиссияның сотсыз, дәлелсіз жазалауға мүмкіндік беретін №00486 бұйрығы шықты да, соның негізінде желтоқсанда арнайы қоныс орнында №26 АЛЖИР ашылды. Жазық даладағы алғашқы азаптау орны ресми түрде «R-17 түзету-еңбек лагері» деп аталды.
1937 жылдан бастап Қазақстан аумағында ГУЛАГ құрылымының ең ірі лагерлері – АЛЖИР, Степлаг – № 4 арнайы лагерь, Қазақстанның Қарағанды облысының Кеңгір ауылындағы саяси тұтқындарға арналған лагерь, Карлаг – Қарағанды мәжбүрлі еңбек лагері кезең-кезеңімен іске қосыла бастады. Аздаған уақыттың ішінде Қазақ жері тұтас үлкен түрмеге айналды. Репрессия жылдары бес миллионнан астам адам осындағы лагерьлерге ресми түрде жер аударылды. Лагерьлер мен ұстау орындарының бас дирекциясы ретінде аңызға айналған ГУЛАГ бір кездері Нұр-Сұлтан қаласының маңында болған. Қазір тарихи орын мұражай кешеніне айналған.

Ұлы дала жүрегіндегі жара
Қазақстанда посткеңестік елдерге тән «бодан мұражайы» жоқ. Бұған себеп – қазақтардың ­орыстарды оккупант деп санамайтындығы. Кезінде Ұлы даланың көшпенді ата-бабалары кез келген елге үстемдігін жүргізгендіктен оккупацияда болу – ұят деген түсінік бар. Патша үкіметінің үстемдігі сол себепті мойындалмайды. Шын мәнінде сталинизмнен көп зардап шеккен Қазақстаннан өзге ел жоқ.
1932 жылғы сұмдық аштық қазақ ұлтын екі есе азайтты. Ал ГУЛАГ-тың 1930-50 жылдары Ұлы дала жүрегінде ұйымдастырған ең үлкен және қара түрмелері зиялы қауымының қаймағын құртты.
АЛЖИР Нұр-Сұлтаннан 40 шақырымдай жерде орналасқан. Карлаг үстемдік құрған кезде нысан «26-шы нүкте» деп аталып, 1976 жылы Малиновка деген жылы атқа ие болды. 2005 жылы Ақмол деп өзгертілді (Ақмола қаласы).
1937 жылдың үшінші шілдесінде НКВД-ның Батыс Сібір бойынша басқармасының бастығы Миронов пен Қазақстан Ішкі істер халық комиссары Залинге бір мезгілде шұғыл құпия тапсырма келеді. Онда күзеті күшейтіліп, қатаң тәртіптегі тікенек сыммен және биік дуалмен қоршалған концентрациялық лагерь ұйымдастыруға пәрмен берілген. Мұнда қанқұйлы қылмыскер немесе кәнігі ұры емес, нәзік жанды әйелдер – ана, қарындас, балалар қамалуға тиіс болды.
Қарағанды ГУЛАГ-ының құрамына енгізілген бұл тозақ мекемесінің атауы да құлаққа тосын естіледі – АЛЖИР. Бұл шифрограммаға ГУЛАГ бастығы Берман қол қойғанмен, оның әміршісі сол кезеңдегі НКВД бастығы Ежов болды. «АЛЖИР» (Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері) осы Қарлагтың дербес бөлімшесі еді. Ол 1938 жылы 6 қаңтарда Р-17 еңбекпен түзеу лагерінің орнына құрылды. Бұл кезең жаппай қуғын-сүргін науқанының әбден өршіген шағы болатын. КСРО Компартиясының ХVІ съезінде И. Сталин «Репрессия — шабуылдың қажетті элементі болып табылады” деп жариялаған соң жазықты-жазықсыз қамауға алу ерекше қарқынмен жүргізілді. Аз ғана уақытта Қарлагтағы отанын сатқандардың әйелдері 12 мыңнан асып түсті.
Әйелдерді ауруы да, екіқабаттығы да, сәбилі болуы да құтқара алмады. Тіпті «отанын сатқандар» делінген қара күйе жағылған адамдардың бұрынғы әйелдері де тұзаққа ілікті. Өкіметтің пайымдауынша, әйелдер күйеулерінің көзқарастарын қолдайды, сондықтан олар да — қауіпті адамдар.
Тұтқынға алу тұтқиылдан жүргізілді. Әйелдер керек-жарақтарын да алып үлгере алмай, туған-туыстарымен қоштасуға мүмкіндік берілмеді. Балаларына қарауға да мұршасы болмады.
1938 жылы лагерге бірінші рет бір жастан үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдер әкелінді. Мұнда елдің түкпір-түкпірінен: Мәскеу, Ленинград, Украина, Беларусия, Армения, Орта Азиядан келіп түсе бастады. Сөйтіп, барақтары лық толды, тұтқын әйелдерге орын жетпеді. Жаңадан келгендер жауын астында, аптап ыстықта, қақаған аязда өздеріне жертөле салып, сәкі орнатты.
Алғашқы лагерь қысы АЛЖИР-ліктердің айтуы бойынша -40 градус аязға жетті. Әрине, ең бастысы, барактарды аман сақтап қалу болатын. Қазақ даласындағы қаулаған қамыс олардың денелеріне жылу берді. Бау-бақша өсіріп, бес мың гектар жерге бидай екті. Әрқайсысы 250 сиырдан тұратын екі ферма салынды. Лагерь бас бақшасының көлемі 18 гектар болатын. Жеміс жидектен мол өнім алу үшін әйелдер арық қазып, суару жүйесін жасады.
1938–1939 жылдары бақша мен бидай алқабында жұмыс ойдағыдай жүріп жатты. Алайда әйелдер үшін еңбек жағдайы аса ауыр болатын. Әрбір саман кірпіштің салмағы 16 кг еді. Бүкіл жұмыс, оның ішінде үйдің қабырғасын қалау қолмен атқарылатын.
1939 жылдан бастап лагерьде фермалар ашылып, егін егу, мал шаруашылығы жүргізіле бастады. Көптеген әйел бүкіл Карлаг территориясындағы қаптап жатқан мал фермасында жұмыс істейтін. Олар Қарағанды, Ақмола мен Петропавл ет комбинаттарына қажетті мал өсіретін. Әр фермада тұтқын әйелге жүзден астам бұзау өсіру міндеттелетін.
Лагерьдегі еңбектің ауыр түрі – қамыс ору. Бұған дәлел Р.Голубеваның лагерьде жазған естеліктерінің бірі «Курт – драгоценный камень» өлеңінде мынадай жолдар келтіріледі: «АЛЖИР-дегі әйелдер тағдыры аса ауыр. Бүгін тағы да қамыс дайындау үшін көлге келдік. Денемізден сүйекке өткен ызғар жанымызды ауыртады. Қасымызда иттерімен күзетшілер жүр. Ешнәрсеге мұрша берер емес. Көлдің жақын бетінде Жалаңаш деп аталатын ауыл бар. Ол ауыл адамдары біз жайлы не айтады екен? Олар да бізді жау деп біле ме екен? Біздің тағдырымыздан бейхабар ғой. Бір кезде біздің жанымызға ауыл балалары келді. Қоршап тұрып, ауыр сөздер айтып, тас лақтыра бастады. Жанымыз күйзеліске түсті. Балаларды осылай тәрбиелеуге болады ма? Неге?» деген сұрақтар тамаққа кептеліп тұр. Күзетшілер қарқылдап күліп: «Көрдіңдер ме, халық жауларының әйелдерін жоғарыдағылар ғана емес, балалар да жек көреді», – дегенде жүрегімізді тіліп түскендей болды. Бір кезде қатты қимылдан құлап түстім. Тұмсығым жерге тиді, қарасам тас дегеніміз бүктелген мата екен. Одан сүт иісі аңқиды. Мен сонда ғана түсіндім. Ауыл түрғындарының бізге берген асы екен. Қуанғанымыздан бәріміз асыл тастарды жинай бастадық. Кешке сол жиналған тасты жедік. Мен неміс қызы кешке жатарда ауыл тұрғындарына қатты разы болып, мұсылмандардың Алласына табындым. Өзіме емес, ауыл қарттарына денсаулық, әйелдер мен аналарға бақыт тіледім. Әсіресе балаларға, бақытсыз болмасын деп тіледім», – деген жолдары бар. Бүгінде басқа ұлттардың қазақ жұртына алғыс айтатын күні осыдан шықса керек.

Карлагтағы күрес
1931 жылы 17 қыркүйекте сол кездегі жалаң және шөлді қазақ даласында ГУЛАГ-тың ең ірі лагерлерінің бірі – Карлаг құрылды. 28 жыл ішінде лагерь жүз мыңдаған адамның жанын алды. Оның ішінде белгілі мәдениет қайраткерлері, ­зиялы қауым өкілдері өлім құшты. Бірақ көбіне қарапайым шаруалар қойша қырылды. Негізі 1931 жылы қазақ даласында 17 мың гектар алқапты қамтитын «Гигант» совхозы ұйымдастырылды. Осы атаумен 1931-1959 жылдар аралығында 6 миллион саяси тұтқындардың, интернаттар мен әскерилердің өмірін өксікке айналдырған мекеме жұмыс істеді. Бұл қанды құбыжықтың аты – НКВД-ның Карлагы еді.
Қазақ, неміс, орыс, румын, венгр, поляк, беларус, еврей, шешен, ингуш, француз, грузин, итальяндық, қырғыз, украин, жапон, фин, литва, латыш, эстондарды кеңестің халықтық комиссиясы қолдан келгенше құртуға тырысты. Карлаг жүйесіне көптеген лагерь мен арнайы аймақ кірді. Оның ішінде ең ірілері – Спасслаг (әскери тұтқындар), Алжир (Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері) Степлаг (украин, балта, власовиттер).
Карлагтың әкімшілік орталығы Қарағанды қаласынан 50 шақырым қашықтықта орналасқан Долинка ауылы болды. Карлагтың жалпы көлемін Франция аумағымен салыстыруға болады. Тұтқындардың негізгі қызметі жол салу үшін тас шығару болды. Барлық жұмыс қолмен жасалды. Адамдар суықтан, аштықтан және физикалық қажудан қайтыс болды. Ең әлсіздерін күзетшілер өлтіре салды. Лагерьлерді құру кезінде НКВД-нің уәкілетті бөлімшелері бүкіл жергілікті халықты осы территориядан күштеп шығарды. Амалдары таусылған кезде қазақтардың малын тартып алды. Бұл олар үшін аштықпен пара-пар еді. Аурулардан қайтыс болғандардың есімін ешкім білмеді. Жеке істері өлгеннен кейін жойылған. Кеңес Одағының зиялы қауымы да Карлаг қапасын көрді. Олардың арасында биолог Чижевский, Лев Гумилев, әкесі Севастьян сияқты тұлғалар да болды.
Абақты адами жағдайға, денсаулыққа қарамады. Тіпті аяғы ауыр әйелдерге дейін адам төзгісіз азапты көрді. Талай шарана түрмені шаңырақ қылды. Соның бірі Зоя Слюдова балалық шағы туралы: Анам 1939 жылы 18 жасында Беларуссиядан қуылды. Мен 1940 жылы туып, Долинкада өстім. Біздің мұғалімдер «Отанын сатқандардың әйелі» болды. 8 жасымда бізді Компанейский балалар үйіне ауыстырды. Тәрбиешілер біздің нанымызды тартып алатын. Біз қайтыс болған балаларды өзіміз жерледік. Балаларды ағаш бөшкелерге сала беретін. Бүгінде олардың есімін ешкім білмейді. Құлыптасы да жоқ. Бірақ бізді қинау, өлтіру шыбын өлтіргеннен ауыр емес тұғын. Өйткені біз «халық жауының» балалары едік, – дейді.
Дайындаған Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
11 наурыз 2021 ж. 30 949 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031