Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарақұмдағы қатпар тарих

Қарақұмдағы қатпар тарих

Халық наразылығын танытқан «Қарақұм көтерілісі» Қазақтың дәстүрлі ауыл шаруашылылығын түбірімен күйретіп, соңын алапат ашаршылыққа ұшыратқан Кеңес үкіметінің күшпен жүргізген ұжымдастыру саясаты қалың бұқараның большевиктер билігіне деген сенімін жоғалтып, ашық көтеріліске шығуға итермеледі. Тарихи құжаттарда 1929-1931 жылдары ел көлемінде 372 шаруалар көтерілісі болып, 80 мыңдай адам қатысқан деген мәлімет айтылады. Соның ішінде Арал өңірін қамтыған «Қарақұм көтерілісі» ауқымы жағынан Кеңес өкіметінің қатыгез саясатына қарсы бас көтерулердің ішінде әйгілі Созақ көтерілісінен кейінгі ең ірісі болған еді.
Даладағы дүрбелең
«Көтерілісшілердің алға қойған мақсаттары не?» деген сұраққа жауапты ҰҚК архивтерінде сақталған «Жұмағазы ханның сөйлеген сөзі» деп аталатын құжаттан таптық. Онда: «Кеңес өкіметін құлатып, қазақ жерінде өз билігімізді жүргіземіз деген ой бізде болған жоқ. Қазақ халқы Қазан төңкерісінен кейін басқа халыққа қарағанда бірінші болып Кеңесті қолдаған еді. Қазақстанға өз алдына автономия беріліп, мемлекет болғанына 9-10 жыл болды. Менің ойымша бұрынғы отарлық саясат әлі де жалғасып келеді. Неге біз Қарақұмға жиналдық? Өйткені Кеңес өкіметі қазақтарды репрессияға ұшыратты. Байларды конфискілеп, өздерін жер аударды. Басқаларына ауыр салық салып, руларды ыдыратып жіберді. Енді міне, күштеу жолымен коллективтендіру жүргізілуде. Халық осының бәріне көніп келді. Бірақ дінді жоюға кіріскен кезде халықтың шыдамы таусылды. Егер сіздер болған оқиғаны келіссөз арқылы шешетін болсаңыздар, біз сіздерге тек өз ризашылығымызды білдіреміз» делінген.
«Қарақұм көтерілісінің» қамтыған аумағы
Қалыптасқан мұндай ахуалды Қарақұм өңірін жайлаған халық өмірінен көреміз. 1928 жылғы жаңа кеңестік әкімшілік құрылымға сәйкес бұрынғы болыстықтар таратылып, орнына ауылдық кеңес құрыла бастады. Қаулыға сәйкес, Арал ауданында 19 ауылдық кеңес болып, қыр беткейі түгелімен №8 Ұзақбай сор ауылдық Кеңесіне біріктірілген еді. Ресми құжаттарда 6 ұжымдық шаруашылықтың 338 үй қожалықтарында 1357 адам саны бар деп жазылады. Бұл қазіргі Қарақұм, Атанши, Жіңішкеқұм ауылдық округтерінің аумағын қамтиды. Бұрын осы жерлерді мекендеген жергілікті рулар қыста қыстауда, жазда жайлауға көшіп, алды Орск, (Жаманқала), Тройцк, күзгі салым, қайтар жолда Ырғыз жәрмеңкесінен азық-түлік пен керек жарағын алып қайтып отырған. Кеңес үкіметі бұған тыйым салып, тек Қарақұмның өз ішінде ғана көшіп-қонып жүрулеріне рұқсат береді. Байларды кәмпескелеу және күштеп ұжымдастыру шаралары елдегі мал басының күрт азайып кетуіне соқтырған. Малы жоқтар ет салығы үшін де, дайындалған жем-шөп үшін де ақша төлеген. Тағы бір сорақылығы, көшпелі малшылар жер өңдеп, егін егуге тиісті болған. Көктемгі қар суын бөгеп, шығыр салып, су құйған көне егістіктің көмескі іздерін құмды өңірден әлі күнге дейін де көруге болады. Салық төлемесе бай ретінде жер аударылуы, не түрмеге қамалуы қаупінен қорыққан халық амалсыз қолдағы қалған малын сатып, үкімет тапсырмасын орындауға мәжбүр болды. Алайда ыстық климат, құм басқан тұзды жерді ала жаздай қолмен суару күткен нәтиже бермей, сепкен дән де шығынын өтей алмаған.
Деректерге қарағанда, көтерілістің басталуы туралы мәліметтер 1930 жылғы көктемнің алғашқы күндерінен басталған. Наурыз айының ортасында Қармақшы ауданының №1 ауылында өткен тұрғындар жиналысында ауыл ақсақалы Ж.Бәйімбетов көпшілік алдында «Үкімет орташалар мен кедейлерді байлардан ажыратпай ауыр салық салды. Енді колхоз ұйымдастырған оған біздерді күшпен мүше етіп, малымыз бен мүліктерімізді тартып алып, тәркілегісі келді. Ислам дінінен бас тартуға итермелеп, мешіттерді жаптыруда. Мұндай өкіметтен не күтуге болады?» – дей келе «барлығымыз бірігіп Қарақұмға көшіп, Совет үкіметінен қорғануымыз керек» – деген пікірін айтқан. Жиналған жұрт ұсыныспен келісіп, ертеңіне 600-дей отбасы бар дүние-мүлік, малдарын қоса Қарақұмға қарай көше бастаған. Көршілес Ырғыз, Қарсақбай, Қармақшы, Тереңөзек, Қазалы және Арал аудандарының Қарақұмда көшіп жүрген рулардың 5 мыңдай адамдары отбасыларымен келіп қосылады. Бұдан таяқ, шоқпар, найза және балтамен қаруланған, тек кейбіреулерінде ғана аң аулайтын мылтықтар болған көрші аймақтардағы көтерілісшілердің бір-бірімен байланыс жасауға дайын екендігін аңғаруға болады. Ашынған көтерілісшілердің халыққа тізесі батқан күштеу саясатының қолшоқпарлары болған 130-дай Кеңес қызметщісінің қол-аяғын матап, өздерімен бірге ала кеткені жайлы мәліметтер болса да, оларды азаптап не атып тастаған қатыгездік әрекеттерге бармаған. Белгілі тарихшы Т.Омарбековтың пікірінше: «Қазақ қазақ болғалы барлық ұлт-азаттық қозғалыстар ру-тайпалық құрылымның ауқымында болғанын жасырмауымыз керек. Рулық-тайпалық ауқымда болғандықтан да аймақтық дәрежеде қалып қойды. Бір-бірімен байланысып, тұтас жүйеге көтеріле алмай қалды».
Отызыншы жылдардағы күштеп ұжымдастыру саясаты негізгі себеп болған Ырғыздағы «Әлімдер көтерілісі» мен Қазалыдағы «Асандар көтерілісі» сынды Қарақұм көтерісшілерінің қатарында да осы өңірде көшіп-қонып жүрген Қыпшақ, Табын, Шөмекей, Жаппас руларымен қоса, Арал, Қазалы өңірінің Қарасақал, Қаракесек, Төртқара руларының адамдары да белсене қатысқан. Халық ел басына күн туған шақта көкірек көзі ояу, көзі ашық сауатты адамдардың соңына еруге тырысатыны мәлім. Ру басшыларының Сарманқожа мешітінде (Сырман әулие) болған жиналысында Бәйімбетов Жұмағазы хан болып сайланады. Жұмағазы Троицк қаласындағы медресені бітірген, туған ауылында молда, сауатсыздықпен күресу науқаны кезінде мұғалім, табанды ұйымдастырушы болған адам. Хан Кеңесінің құрамына Арал ауданы бойынша Ақжанов Балапан енгізілді. Ол – Қарақұм төріндегі Ұябай-Сәрке бойын мекен еткен Қарасақал руының беделді, бетке ұстар адамы болған еді. Мыңғырған мал айда, қырға ықпалы жүрген атақты Ақжан байдың немересі. Жас кезінде Қазалыда сауат ашу мектебінде хат танып, ескіше дін оқуын да біршама меңгерген, білетіндердің айтуынша көтерілістің іс жүргізушісі (писарь) міндетін атқарған. Орда бұзар шағында халқының азаттығы үшін құрсанған жаумен ашық айқасқа шыққан «Қарақұм көтерілісінің» қаһарманы, Сталиндік қуғын-сүргін құрығынан құтыла алмады. Алпыс жеті жыл ғұмырының жиырма екі жылын ГУЛАГ лагерінің тар қапастарында елден жырақта өткізген Балапан тек өмірінің соңғы жалдарында ғана туған жеріне оралған еді. Хақ жолын берік ұстаған, шежіре тарихқа да жүйрік зерделі қарт өзінің текті де таза қалпын сақтап, 1970 жылы Қарақұм кеңшарында бала-шағасының ортасында дүниеден озды.
Құрсанған жауға қарсылық
Көтерілістің негізгі қамтыған аумағы Арал маңындағы Қарақұм өңірінде болғандықтан оның атауы да солай берілген. Оны көтеріліс оқиғалары жайлы мәлімет беретін ОГПУ тергеу құжаттарындағы көрсетілген жер атаулары айғақтайды. Хан ставкасы Сарманқожа мешітінде, көтерілісшілердің жиын орталығы Бестөбе-Сайқұдық және Қараүңгір-Тұздақ, Мұзбел төңірегінде болса, жазалаушы әскери күштерінің штабы Тоқабайда орналасқан. Қарақұмдағы көтерілісшілерді талқандау мәселесі 31 наурызда шешіліп, әскери соққы беру жолымен реттеуге ұйғарым жасалады. Осы мақсатпен Арал, Жосалы стансаларына Ырғыздағы Әлімдер көтерілісін басуда үлкен тәжірибе жинақтаған 8-кавалериялық дивизиямен қоса мұздай қаруланған әскери бөлімдер жедел жұмылдырылып, үш бағытта соққы беру көзделеді. Қарақұм операциясына басшылық етуге Еділ бойы әскери округінен арнайы бұйрық алған Евсеев тағайындалады. Сол күні-ақ оның қолына Сталиндік тап күресі идеясымен уланған қан төгуге құмар Голощекиннен – «Қызылорда округіндегі бандитизмнің көзін жедел жойыңыз!» – деген мазмұнда тапсырма келіп түседі. Көтеріліс туралы ОГПУ дың ең жоғарғы басшысы Ягода хабардар болған. Ол жайында Сталиннің өзі құлақтанып қалар деген ой «Қужақтың» ойынан да бір шықпай қойған көрінеді. Көп кешікпей-ақ ол 21 сәуір күні жағдайды түсіндіріп көсемге хат жазуға мәжбүр болады.
Дегенмен Қарақұмның қиын да ерекше табиғат жағдайы әскери операцияның орындалуын қиындата түседі. Оны Мәрқожа деген жерде 7 сәуір күні таңғы сағат 7-де басталып үш сағатқа созылған Петин бастаған жазалаушы отрядпен болған бетпе-бет шайқастан-ақ көруге болады. Жау қарасы көрінгеннен-ақ көтерілісшілер жапа-тармағай атқа қонып жүзбасылардың басқаруымен ұрандап шабады. Жаны алқымға тақалған сәтте жазалаушылар пулеметтеріне жабысып ажал оғын аяусыз сеуіп бағады. Қанға боялған аттар мен өліктерді аттап өтіп өңмеңдей ұмтылған көтерілісші батырлар қойын-қолтық шайқасқа қол жеткізіп, жазалаушыларды сойыл мен шоқпардың астына алып әбден састырады. Қоршауда қалу қаупін аңғарған жазалаушылар ұйымдасқан түрде Бөрікелер шөл жағына қарай қаша жөнеледі. Олардан 18 адам өліп, 10 адам ауыр жараланады, пулеметтерін сүйретіп қашқан жаудың көптеген винтовка, қылыш-найзалары ұрыс даласында қалады. Алайда көтерілісшілер шығыны бұдан да асып кетеді, олар 150-200 адамынан айрылады. Сол күні Сарманқожа мешітінің жанындағы 3000 астам көтерілісшілердің жартылай қоршауына түскен Гущин отряды 15 адамынан, көптеген қару-жарақтарынан айрылып әрең дегенде шегініп үлгереді. Суқұдық деген жердегі болған ұрыста Сидельников басқарған 43 атты әскер полкінің солдаттары да аяқ астынан көтерілісшілердің қалың қолына бетпе-бет келіп, сасқанынан кейін бұрылып қаша жөнеледі. Қарсақбайдан аттанған комунистік отряд та жол көрсетушілердің адастырғанына байланысты діттеген жеріне жете алмай кейін қайтуға мәжбүр болады. Осылайша көтерілістің бірінші кезеңінде әскер күшімен тез арада «бүлікшілерді» тәубасына келтіреміз деген үкіметтің ойлары жүзеге аспайды. Алғашқы айқастардағы көтерілісшілердің жеңістері «ұзынқұлақ» арқылы ауылдар арасында тез тарап, көрші облыстарға да қозғау сала бастайды. Қарулы үкімет әскерлерінің Қарақұмды тіміскілеп кезіп жүргенін естіген ауыл тұрғындары асығыс сайланып, көтерілісшілерге барып қосылып жатты. 11-Орынбор дивизиясының командирі жағдайды бағамдай келе қосымша әскер шақыртуға мәжбүр болады. 15 сәуірге қарай Орынбордан, Ташкенттен және басқа қаладан келген әскер Тоқабайға жиналып, тәртіпке келтіріле бастайды. Ресми құжаттарға қарағанда жазалаушы әскерлердің бар қолы 700 қылыштан, 30 пулеметтен, 3 зеңбіректен тұрды деп көрсетілген. Жиналған әскер Қарақұмға тереңдеп енуді қамтамасыз ету үшін автомобиль жолдарын салуға кірісіп те кетеді. Бұл жолмен броньды автомобильдер ерсілі-қарсылы жүріп көтерілісшілердің жолын бөгеп, жазалаушы әскерлерді қорғауға тиіс болады. Өйткені алғашқы ұрыс қимылдары көрсеткендей құдықтар өте сирек болғандықтан атты әскерлерден бас тартып, шөлге төзімді түйелермен ауыстыруға және саны шағын отрядтармен қимыл жасауға шешім жасалады. Іс құжаттарында: «Қарақұм төсіне алғаш келген автомобильдерден Көтерілісшілердің төбе шашы тік тұрып, даладағы жылқылардың үрке қашқаны» туралы айтылады.
Алдауға арандаған арыстар
Әскери ахуалмен жан-жақты танысу үшін келген Соғыс Кеңесінің арнайы комиссиясы қалыптасқан ауыр жағдайды егжей-тегжейлі тексеріп, Қазақ өлкелік атқару комитетінен Қарақұмға беделді мемлекеттік комиссия шығарып көтерілісшілермен бейбіт тіл табысудың жолдарын қарастыруды талап етеді. Көтеріліске қатысқан шаруалардың қаншалықты қауіп төндіргенін Әскери округ басшылығының 1930 жылы 13 сәуірдегі Голощекинге «өте құпия, жария болмауы қамтамасыз етілсін» деп мұқиятталған мынадай жедел хатынан көруге болады. «Қарақұм құмдарындағы бандылар санының көптігі анықталды. Банды саны өсе түсуде, жергілікті халықтың көпшілігі бандыларға тілектес. Бізге жаулық көзқарастағы бандыны дым қалдырмай жойып жіберу жаңа қиындықтар туғызуда» – деп алаңдаушылық білдіре отырып, «біздер бандыға қарсыласуды тоқтатуды ұсынып, делегаттар жіберу туралы шешімге келдік. Нақты шаралар ретінде саяси жұмыстар жедел жүзеге асырылып, бандыны іштей іріткен және олардың халық есебінен өсуін тоқтатқан жөн» деп мәлімдейді. «Кеңеске қарсы қозғалыстың және партия саясатының таптық мәнін түсіндіретін бірқатар бұқаралық листовкалар шығарған жөн» – деп белгіленген шараларға байланысты Қазақстан Орталық атқару Комитетінің төрағасы Е.Ерназаровтың атынан жазылған үндеу парақтары ұшақпен таратылды. Голощекин басқарған Қазақстан басшылары әскерилердің бұл хатынан кейін қаласа да, қаламаса да көтерілісті саяси, бейбіт жол мен басу жолдарын қарастыруға мәжбүр болған.
Қазақстан ОАК тарапынан Ә.Жангелдин бастаған, құрамына С.Сейфуллин, Ғ.Мүсірепов, Юсупов, ­Таспаевтар енгізілген комиссия 19 сәуірде Арал қаласына келіп, Қазақстан ОГПУ-нің басшысы Альшанскийді қосып алып, сол күні Тоқабайға жеткізіледі. Елге танымал кісілердің келгеніне ризашылық білдірген көтерілісшілер комиссия мүшелерін үлкен құрметпен күтіп алып, арнайы киіз үй тігіп, мал сойып, меймандостық білдіріп, қонақ еткендігі жайлы деректер бар. Мен кезінде бұл деректерді осы оқиғалардың куәсі болған Қарақұмдық Әбілтай Іздегенов ақсақалдың өзінен естіген едім. Құйма құлақ ақсақал өзінің бала жігіт кезінде Қарақұмға келген мемлекеттік комиссияға жолбасшы болып қызмет атқарғанын, 1927 жылы Қазалыдағы әйгілі Қожаназар ишан салдырған мешіт үйі жанындағы тегістікке тігілген ақ боз үйлерде қонақтарды күтіп қолдарына су құйғанын, көтеріліс көсемдері халықтың көңіл-күйін, салт-дәстүрлерін жақсы білетін белгілі адамдармен емен-жарқын жүздесіп, сөйлескенін айтқан еді.
Әр рудан өкілдер кіргізілген көтерілісшілердің Үкімет комиссиясымен жүргізген келіссөзі 4 күнге созылды. Көтерілісшілер өз талаптарын «Қазақстан ОАК үкімет комиссиясына Қарақұмға жиналған азаматтардан өтініш» түрінде жазбаша түрде табыс етеді.
Өкінішке қарай Біріккен Саяси Бас басқарма үкімет комиссиясының шешімін күтпей Бәйімбетов Жұмағазы мен оның 8 серігін ұстап Алматыға апарып абақтыға жабады. Сылтау ретінде «Жұмағазы және оның сыбайластары қару-жарақты өткізуден бас тартты» дегенді желеу еткен. Олардың қылмыстары заңды түрде дәлелденбесе де халыққа үрей ұялату үшін 1930 жылдың 15 шілдесінде «үштік» қаулысымен ату жазасына кесіледі. Үкім Алматы қаласында көп кешіктірілмей орындалады.
Ә.Жангелдин бастаған комиссия көтерілісшілерге қолынан келгенше уәде бергенімен, екіжүзді саясат жүргізген ОГПУ өкілдері олардың қазақтарға шындап қамқорлық жасамақ болған әрекеттерін қалт жібермей қадағалап, ұната қоймаған. Тіпті Голощекиннің өзі де «бандылар қозғалысының түп төркіні туралы комиссия бағасын қате деп есептеймін» деген мазмұнда шұғыл жедел хат жолдап, олардың игі істерін жоққа шығаруға тырысты. Қияндағы «Қараүңгір тұздаққа» екі рет барып халқының шеккен қасіретін өз көзімен көріп жазалаушы жендеттердің озбырлығына шарасыз күйде болған Лениннен мандат алған Ә.Жангелдиннің өзі кейін «мұндай боларын білгенде, онда бекер барған екенмін» деп өкінген деседі.
Үкіметтің берген уәделерінде тұрмай көтерілісшілерді тұтқынға алып жаппай жазалай басталғанда халық алданғанын біліп, ел арасында наразылықтың жаңа толқыны туады. 1930 жылдың шілде айындағы рубасылар жиналысында Жұбанов Қожбанды хан сайлап Қарақұмға келген қызылдардан қорғану керек деген шешімге келіп, қайта күреске шығады. Ұзамай олардың саны 2000 адамға жетеді. Кеңес өкіметінің оларға қарсы мұздай қаруландырып жіберген дивизионы таяқ, найза, шоқпар, аң аулайтын мылтықтармен қаруланған көтерілісшілермен бірнеше рет ұрысқа түсіп, жеңіске жетеді. Көтерісшілердің соңынан Сарысуға дейін өкшелей қуған әскерлер сол жылғы 8 желтоқсан күні Көжебай деген жердегі шайқаста екі тәулік бойы қарсылық көрсеткен сарбаздарды бір жолата жусатып салады.
Уақыт тасасында қалған бұл қанды оқиғаның ұмыт болғаны қашан. Бүгіндері тек азаттық үшін алысып, көкірегін оққа тосып, шейіт болғандардың мәңгілік мекені болған «Қырғын мола» қорымы ғана құла түзден қарауытып көрінеді. Үкімет әскерлері Қарақұмды сүзіп шығып, ақ-қарасын айырмай ауыл адамдарын шетінен ұстап алып, абақтыға жатқызады. Қолға түскен 586 адамның «үштік» қаулысымен 175-і атуға, 172-і 3-10 жыл мерзімге түзету лагерлеріне айдалады.
Кеңестік тоталитарлық өктемдікке қарсы күрес тарихындағы орны бар, беймәлім сырлары әлі де болса жете зерттелмей, көп назарынан тыс қалған «Қарақұм көтерілісі» міне, осылайша аяқталды.
Әрине бұл оқиғалардың барлығы да казір тарих қойнауына кетті. Десе де қазақ халқының қазіргі ұлттық жаңаруы тарихи шындықтың да жарыққа шығуын қажет етіп отыр. Сондықтан «Қарақұм көтерілісі» туралы шындықты бүгінгі ұрпақ жете білгені абзал. Ата-бабалардың әміршілік пен әділетсіздікке қарсы ұлттық намысын ту еткен ерлік күресінің жарқын беттері әрқашан мақтаныш етуге тұрады.

Үргенішбай ҚУАТ,
білім беру саласының ардагері.
12 желтоқсан 2020 ж. 26 106 0

Ұлт жанды азамат

05 қараша 2024 ж. 9

Қасиет қонған кие иесі

05 қараша 2024 ж. 11

Бір сүйектің алты аты

05 қараша 2024 ж. 16

«Алтын алма» баптаушы

05 қараша 2024 ж. 21

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.
Атамның әңгімесі

Атамның әңгімесі

03 мамыр 2024 ж.
Кіндік шешеңіз кім?

Кіндік шешеңіз кім?

12 наурыз 2024 ж.
Көнеден қалған мұра

Көнеден қалған мұра

20 ақпан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930