Қанды қырғын, қансоқты уақытта
1930 жылғы Сарысу, Созақ, Ырғыз аудандарынан басталып, Қызылорда округінде жалғасын тапқан Қарақұм көтерілісіне Қазалы, Қармақшы, Тереңөзек, Арал, т.б. аудандардың шаруалары да қатысты. Сөйтіп, жаңа өкіметтің қысымына шыдамай, Қарақұмды паналаған ауылдар азын-аулақ қарумен бірігіп қорғануға мәжбүр болды. Ал ОГПУ агенттері «Қарақұмда қаруланған қаптаған бандалар жүр» деген қауесет таратты. Осыған байланысты Арал қаласы мен Жосалы станциясында жазалаушы отрядтар құрылып, олар Қаракұмға аттанды. Жазалаушылар мұздай қаруланған бандаларды көре алмаса да, қарусыз адамдарды қырғынға ұшыратты. Бұл жөнінде кейін 8-атты әскер дивизиясы ерекше бөлімінің бастығы А.Бармас Ырғыз және Қарақұм көтерілістерін басу туралы жазба құжаттарында: «Көтерілісшілерді қырып тастадық, мәйітті санап болмайды», – деп жазған.
Қарақұм оқиғаларымен бір мезгілде Қазалы ауданында да көтерілісті басу операциясы жүргізілді. Мұнда 1930 жылдың ақпан-наурыз айларында Шортан-Мешіт деген жерде Ақмырза ишан Төсов басқарған көтеріліс бұрқ етті.
1930 жылғы тамызда мемлекетке астық тапсыру барысындағы асыра сілтеу негізінде Қазалы ауданында Мақсым имам басқарған (Иманмақсым Орымбетов, тағы бір деректерде - Иман Мақсым) көтеріліс («Асандар көтерілісі» аталған) бұрқ ете түседі.
Шаруалардың осындай қарсылығын әлсірету мақсатында Голощекиннің басшылығымен әкімшілік басқарудың жаңа реформасы жүргізілді. 1930 жылдың маусымында барлық округтер таратылды. Қазақстан аумағында 175 аудан құрылды. Оның ішінде Қазалы, Қармақшы, Қызылорда аудандары Оңтүстік Қазақстан облысының құрамына енді. Қазақстанның мал шаруашылығы аудандарында 1930 жылдың аяғында 2771 серіктестіктің 2 409-ы зорлықпен ұжымшарға айналдырылды. Осының салдарынан 1930-1931 жылдары Қазақстанда 193 мың шаруа шаруашылықтары қоныс аударған. Мал саны күрт азайып, 1931 жылдың аяғында республика шаруашылықтарының 87%-ы малсыз қалды. Яғни, республика екі жыл ішінде 33 миллион бас малдан айырылды. Оның үстіне 1931 жылы республика аумағын құрғақшылық жайлады. Бүкіл Қазақстан қасірет пен аштықтың құрсауында қалды.
Қазалы аудандық партия комитетінің БК(б)П Қазақ Өлкелік Комитетіне - Голощекиннің атына жолдаған жеделхатында аудандағы ауылшаруашылық серіктестіктер есебінен 46 ұжымшардың құрылғаны хабарланған еді.
Еріксіз ұжымдастыру, жоғарыда айтылғандай, әсіресе, мал шаруашылығымен айналысып, малдың ыңғайымен көшіп-қонып үйренген халыққа жағымсыз болды. Осының салдарынан шаруалардың жаппай қоныс аударуы белең алды. Адамдар бір-бірлеп, кейде тұтастай ауылымен қалаларға, республикадан тыс жерлерге үдере көшті. ГПУ-дің аудандық бөлімшесі бастығының 1930 жылғы 23 шілдедегі хабарында Қазалы ауданында малын сақтап қалу мақсатымен бір түн ішінде 6 ауыл Қызылорда округінен тысқары жерге көшіп кеткені айтылған.
Сонымен, жоғарыда аталған наразылықтар, толқулар мен көтерілістердің шығу себептері және олардың аяусыз басылғаны, халық көрген зәбір-жапаның айқын көріністері тек Кеңес өкіметі құлап, қазақ елі егемендік алғаннан кейін ғана ашылып отыр. Жергілікті тарихшы ғалымдар бұл толқулардың ауылды кеңестендіру кезінде сол тұста БКП(б) Қазақ Өлкелік Комитетін басқарған Ф.Голощекин жүргізген жалшы, кедей, орта шаруаларға да бірдей шектен тыс, ақылға сыймайтын салықтар салу сияқты саяси науқандардан туындағанын тілге тиек етеді. Олар мұрағаттық құжаттарға сүйене отырып, көтерілістердің басталу себептерін төмендегідей топтастырады:
1)«1929-1930 жылдардағы астық дайындау науқандары кезіндегі асыра сілтеулер;
2)Орта шаруаларға қарсы жүргізілген қуғын-сүргіндер. Мұрағат мәліметтерінен «артық» астықты өткізбеуіне байланысты сотталғандардың ішінде көбі кедей, орта шаруа екендігі мәлім болып отыр;
3)«Ауқатты шаруа» терминінің айналымға түсуі, яғни олардың орта шаруа немесе кулак емес екендігінің ажыратылмауы;
4)Кеңестің қылмыстық құқық саясатына байланысты халық соттары бұрын-соңды болмаған «екі жыл отыр – екі жыл бас бостандығынан айыру», «бес жыл дыбысыңды шығарма – бес жылға жеке басының құқықтарын шектеу», «бес жыл қайда барсаң, онда бар – бес жылға жер аудару» деген сияқты стандарттар ойлап тапты;
5)Өкіметтің қолдан ойластырылған науқандары кезінде сот, прокуратура қызметкерлері астық дайындау өкілдерінің қолшоқпарларына айналды;
6)Жоғарыдан түскен қаулыларды мүлтіксіз орындап үйренген жергілікті «шолақ белсенділер» жұмысты «жандандыру» мақсатында түрлі әдістер ойлап тапты: кулактармен қатар орта шаруаларды қыстыгүні шешіндіріп салқын ұраларға қамады, тіпті, қылбұрау салу да болды;
7)Шикізат, ескі-кұсқы дайындау бағыты бойынша да кедейлер мен орташаларға шектен тыс салықтар салынып, дөрекі, қорлау әдістері қолданылды. Бір қойдан 1 пүт (16 кг-дан астам) жүн салық салынған кездер де болған. Жүн, мата салықтарын орындау үшін қазақ шаруалары үйлеріндегі көрпелерін сөгуге, киіздерін қайта түтуге дейін барды. Салынған салық мөлшерін орындамаған адамдардың төбесінен мүздай су құю, «тәркіленесің» деп қорқыту, т.б. жазалар қолданылған; Асыра сілтеудің сорақы көрінісі шаруаларды ұжымдарға біріктіруден көрінді. Өз еркімен ұжымға кіру принципінің әкімшілік-әміршіл жолмен жүргізілуі, ортаға күнкөріс малдармен қатар тауыққа дейін салынуы, бірден шаруашылық жүргізудің жоғары сатысына өту, шаруашылықтарды жөн-жосықсыз ірілендіру кедей-шаруаларға үлкен соққы болды;
8)Тұқым жинау кезінде Қызылорда округінің Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының көшпелі, жартылай көшпелі шаруашылықтармен айналысатындықтарына қарамастан, бірдей салынған салықтар мөлшері шарықтау шегіне жетті;
9)Дінмен күресу кезінде партия өкілдері «солақай саясатымен» көзге түсті. Мешіттер тұқым сақтайтын қоймаларға, кеңсеге, «қылмыстыларды» қамайтын үйлерге, т.б. айналдырылды. Осы жағдайлар қарапайым халықты «Коммунистер жойылсын!», «Дін бостандығы берілсін!», «Дінді қорғайық!» ұрандарымен бас көтеруге итермеледі.
Қорыта айтқанда, халық наразылықтары мен бас көтерулердің себептерін тиісті орындардың дер кезінде талдап, шара қолданбауы қазақтардың 1930-1933 жылдары аштықта шыбындай қырылуына, 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргінге ұшырауына әкеліп соқтырды».
Айта кетсек, бүкіл елдегі сияқты Қазақстанда, оның ішінде Қазалы ауданында да жеке адамдарға бағытталған қуғын-сүргін өте қатал түрде жүргізілді. Облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің деректері бойынша 1930-1939 жылдары ОГПУ, НКВД органдары облыста 4 мыңға жуық адамды жазалаған.
«Тамыры терең, тарихы кенен – Қазалы» кітабында 1920-1950 жылдар аралығында Қазалы ауданы бойынша жаппай қуғын-сүргінге үшыраған 326 адамның тізімі көрсетілген. Сонымен бірге КСРО Жоғарғы Кеңесінің жазықсыз репрессияға ұшыраған адамдарды ақтау жөніндегі 1989 жылғы 16 қаңтардағы жарлығына сәйкес құрылған комиссияның қорытындысы бойынша ақталған 25 адамның ғана тізімі берілген (142-150-б.). Сонда бұл – әлі де болса көптеген жазықсыз құрбан болғандардың тағдыры белгісіз деген сөз.
Қазалы ауданының энциклопедиясы.
Алматы. Қазақ университеті баспасы - 2016