Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әл-Фараби және медицина

Әл-Фараби және медицина

Елдің баға жетпес ұлттық дербестігін тарихи тұрғыдан баянды ету үшін қолжазба мұраларының маңызы өте зор. Мұндай дүниелер елдік идеямыздың қалыптасуының тарихи даму жолынан көрініс береді. Ертеде көне түркіден бастап қазіргі күнге дейінгі көптеген жазба мұра қалдырған қазақ ұлтының тарихи, әдеби-мәдени жәдігерлері ғылыми тұрғыдан жүйелі түрде жинастырылып, сипаттама берілген жоқ әрі ана тіліне де толықтай аударылмай келеді.
Осыған орай А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылыми қызметкерлері тарапынан оңтүстік өңірден шыққан бірнеше тұлғалардың қалдырған тың қолжазба еңбектеріне шолу жасау жұмыстары қолға алынды. Солардың бірі – Фараб өлкесінің тумасы Шейх Мұхаммед Әбу Насыр Аднан әл-Фарабидің «Нассан Тиббиян – әл-Кәфи фи сана ат-тиб» атты қолжазбасына ғылыми тұрғыда зерттеу жүріп жатыр. Атының өзі қазақ жерінің тумасы екенінен хабар береді. Ол тарих сахнасында Ибн Халкан есімімен танымал. Заманында тарих, медицина, астраномия ғылымдарын меңгерген. Сонымен қатар ол шариғатты бойлап білген және дүние, мал-мүлікке қызықпаған дініне берік болған екен. Ол Аббасидтер халифаттығында ғұмыр кешіп, Бағдад, Мысыр жерлерінде білімін шыңдаған.
Әл-Фараби жайында «Мұжам иламу тиб» кітабында былай делінеді: «Ол түріктердің жерінен шыққан дана тұлғалы дәрігер болған. Бағдатта медицина, астрономия саласы бойынша қызмет етіп, кейін Мысыр еліне қоныс аударып онда Зафир Исмайл (1133-1154 ж.ж.) әмірге қызмет еткен». Бүгінде қолымызда аталған ғалымның «Нассан Тиббиян – әл-Кәфи фи сана ат-тиб» атты еңбегі бар. Ол Мысырда хижра жылы бойынша 510 жылы жазылған және қазіргі уақытта «Катар ұлттық кітапханасында» сақталған. Оның мазмұнында адамның күнделікті өмірде табиғатпен қалай қарым-қатынас жасау керектігі туралы сөз қозғалады. Сонымен қатар бас, көз, тері аурулары секілді 900-ден астам аурудың түрі мен емі ұсынылған. Баса айта кететін нәрсе ұсынылған емнің барлығында дерлік табиғи дәрі-дәрмектерді қолдану керектігі ескерілген. Бұған қоса тамақ ішу әдебі мен шарттары да баяндалған. Автор «Нассан Тиббиян – әл-Кәфи фи сана ат-тиб» кітабында адамның денсаулығы табиғатпен, қоршаған ортамен тығыз байланысы барын көрсетуге тырысқан. Сондай-ақ қандай да бір ауруға шалдыққан адам құрамында химиялық элементтері бар дәрі-дәрмекке емес, керісінше, дәстүрлі әрі табиғи жолмен емдеу әдістерін көрсеткен. Бұған қоса, ғалым қолжазбаның алғашқы бетінде медицина екі түрге, яғни теория мен практикаға бөлінетінін тілге тиек еткен. Одан кейін осы екі бағыт бойынша жан-жақты анықтамалар берген.
Жалпы Шейх Мұхаммед Әбунаср Аднан әл-Фарабидің қолжазбасында адам ағзасына қажетті көптеген пайдалы кеңестер мен емдік жолдар жан-жақты талқыланып баяндалған. Бұл өз кезегінде ғалымның медицина саласындағы білімінің жоғары екендігін айқындайды. Бұған қоса аталмыш еңбек қазіргі экологиясы бұзылған, химиялық қоспасы бар дәрі-дәрмек пен сапасыз азықтың саны артқан қоғам үшін аса маңызды болса керек. Өйткені бүгінгі ортада аталмыш дәрі-дәрмектен гөрі дәстүрлі емдеу жолдарын іздейтін науқастардың саны аз емес. Сондықтан алдағы уақытта бұл жұмысты жіті зерттеп, оның пайдалы тұстарын халықтың назарына ұсыну көзделіп отыр.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы
08 шілде 2020 ж. 6 133 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031