Қазалы Қазалы аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Қопа батыр хақында

Қопа батыр хақында

Сыр бойындағы аты аңызға айналғандар арасында Қопа батырдың есімі ерекше аталады. Алайда ол әлі толық зерттелмеген, кісілік болмысы қажетінше ашылмаған тұлғалардың бірі. Айтылып жүрген әңгімелер ауыл ақсақалдары мен жыр-дастандар арқылы жеткен дүниелер ғана. Қопа батырдың ат үстінде жүрген кезеңін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкері Бақытжан Ахметбек «Сыр бойының батырлары» деген зерттеу еңбегінде XVIII ғасырға жатқызады. Тарихи дерек көздері бұл уақыт қазақ батырларына атамекенін қорғауды жүктеген өте ауыр мезгіл болғандығын айғақтайды. Сондықтан батыр баба туралы білетіндердің айтқандарын тыңдап, дастан мен арнау жырларды қайта оқып, жазбалар мен шежірені қарап шықтық.

Шежіре бойынша, ағайынды Қопа батыр мен Мырза батыр – Пішентайдың балалары. Руы Қаракесектің Есенкелдісі, оның ішінде Байыс аталығы. Мырза батырдан: Қаршыға, Мамай, Самай өмірге келсе, Қаршығадан: Төлебай мен Әбдікерді таратады. Қопа батырдан қалған жалғыз тұяқ деп – Ақжарқын апаны айтады. Бұл туралы Жұмабек Айдарбекұлының «Жанқожа батыр» дастанында: («Ел қорғаған Ер Жәкем», «Денсаулық» баспасы. Алматы,2006-274 бетте).
«Батырдың бәйбішесі – Сұлу ана,
Көркіне ақылы сай, жаны таза.
Қызы еді Қаракесек Қопа батыр,
Шығатын жекпе-жекке жұрттан оза.
Жоқ еді жомарт адам одан асқан,
Қосылған Нұрымбетке он бес жастан.
Сол кезде аяғы ауыр жүрген кезі,
Балаға, ел-жұртына болар дастан – деген жолдар бар.
Кәукей ауылында тұрған ардагер ұстаз Қалампыр Төлебайқызы: «Бала кезімде мен Әбдікер атамды көрдім» дейді. Ол балуан денелі, жауырынды, кісі еді. Алты қанат ақбоз үйдің төрінде үнемі бес-алты қабаттап жайылған көрпенің үстінде отыратын. Естуімше атқан оғы мүлт кетпейтін мерген болыпты. Сол тұста Сыр бойындағы Ақбөгетте (қазіргі Жаңақұрлыс ауылы) тұратынбыз. Бір күні атам ауыл маңындағы көлге құс атуға барады. Ымырт үйіріле жел соғып, аспанды бұлт торлайды. Сонда төбесіне келіп қалған қос аққуды алас-қапаста атып қалады. Біреуі сол бойда оққа ұшып, сыңарынан айрылғаны бірнеше рет төбесінен айналып ұшып кетеді. Осы оқыс оқиғадан соң атамыз екі көзінен айрылып, су қараңғы соқыр болып қалады. Құстың да киелісі болады екен. Ел аузындағы әңгімеден «сол жолы киелі аққуға жолығыпты», – дегенді еститінмін. Сол Әбдікер атамның Момын деген кемпірі болды. Қартайып, тоқсаннан асып қайтыс болған. Әжемнің сөзі анық, жады мықты, өзі ширақ болатын. Көп әңгіме білетін. Өзінің естігендері мен көргендерін бізге айтып отыратын.
1970 жылы арнаулы оқу орнын бітіріп, шалғайдағы Қызылқұм кеңшарының орталығындағы мектепке жолдамамен мұғалім болып орналастым. «Жанқожа батырдың бейіті жаңартылыпты, жергілікті зиратшыларға жол көрсететін шырақшысының да үй-жайы бар екен» дегенді сол елдің қарияларынан естідім. Үйге барған сайын көрген-білгенімді әжеме айтып беріп жүрдім. Бұл жолы да солай болды. Сонда «Мен бұл үйге келін боп түсіп қазан-ошағын ұстағанда он жетіде едім» – деді Момын әжем. – Содан бері көп уақыт өтсе де, ұмытылмас күндер еріксіз ойыма оралады. Әлі есімде. Бір күні күзде біздің үйге он түйе жетектеген екі кісі келді. Соның «Оспан болам, Қопа батырдың туыстарын іздеп келем» деп таныстырғаны Жанқожа батырдың немересі екен. Жасы қырықтардағы, ұзын сақалы көкірегін дейін түскен адам болатын. Сол жолы Қызылқұмнан бізді сұрастырып тауып, астық алып кеткен. Бұл менің өз көзіммен көргенім».
Момын әжем: «Қайта барғаныңда шырақшысынан сұрап білші, Жанқожа атаның тұқым-теберіктерінен тірі жүргендері бар ма екен? Жанқожа батыр біздің атамыз Қопа батырдың қызы Ақжарқыннан туған жиен болады», – деді сөзінің соңында.
Әжемнің айтқанына сенсек, дәстүр бойынша мінген атын, тұтынған сауыты мен қасиетті қаруын жиеніне нағашы атасы Қопа батыр берген. Ертедегі аңыз бойынша «қасиетті адамдардың тұтынған заттарында оның киесі болады, желеп-жебеп жүреді» – деген сенім болған. Мен елдегі әңгімешіл қарттарға жолығып, әжемнен есіткенімді айтып едім, олар атаның шырақшысы Исаұлы Сағадинді соқырішек болып ауырып, ұшақпен Арал қаласына алып кеткенін айтты. Содан көп ұзамай ол кісінің қайтыс болғанын білдім. Осыдан бастап Жанқожа батыр жөнінде жазылған мақала, естеліктерді оқи бастадым. Момын әжем айтқан Қопа батыр мен Ақжарқын және Оспан деген есімдерді кездестірсем-ау деген ниет әрдайым қаперімде жүретін.
1991 жылдың 22 қаңтарында аудандық газетке Өмірзақ Ахметовтың «Жанқожа батырдың бейнесі» деген мақаласы жарияланды. Қазалылық шежіреші Жанқожаның айбарлы батыр болып шығуына өзінің өскен ортасы екінші жағынан оның нағашы жағының мықтылығы әсерін тигізгенін баяндапты. Атап айтсақ, Киікбайдың бәйбішесі – Тәжі айтулы әулие, адуын батыр тама Есет батырдың қызы. Ол Жанқожаның түп нағашысы. Тәжінің шешесі табын Бөгенбай батырдың туған қарындасы. Нұрымбеттің бәйбішесі Жанқожаның өз шешесі Сұлу Қаракесек Қопа батырдың қызы. Жанқожа осындай ошақтың үш пұтындай мықты жердің түйіскен түйінінен шыққан батыр деп жазады Өмірзақ Ахметов. Атаның шығу тегіне қатысты деректен Оспан деген кісінің де есімін өз көзіммен оқыдым. Нұрымбеттен Жанқожа. Жанқожадан: Итжемес, Жолшы. Итжеместен: Ерқабыл, Айтуған. Ерқабылдан: Жақсылық, Намаз, Оспан, Елдеш, Ертілес атты бес баланы таратады. «Осы жазылғандар әжемнің айтқандарына сәйкес келеді-ау» деп ойлаймын.
Жоғарыда айтылған әңгімелерде негіз бар сияқты. Тектілік – ұрпақтан-ұрпаққа рухани сабақтастықпен берілетін асыл қасиет. Ол кездейсоқ құбылыс емес. Осы жерде «Үйдің жақсысы – ағашынан, жігіттің жақсысы нағашыдан» деген халық даналығы еске түседі. Қазақтың «Алып анадан» деген мәтелі осы айтылғандарды шындыққа жақындатады. Әкем Төлебай біздің түп-тамырымыз Ырғыз өңірінен деп айтып отыратын. Олар жаугершілік заманда Жанқожа батырды паналап, Қызылқұмның ішінде жүрген. Жанқожа батыр мерт болғаннан кейін оның соңына ерген туған-туыстары аяусыз қанға боялады. Осы істің ақырында аталар сыртқы жаудан ығысып, Сыр бойының беделді байы әрі аузы дуалы биі Пұсырманның қол астына келіп, қажетті көмек алып, қорғауына сүйенген. Қыз алып, қыз беріп, сүйегі Қаракесек, еті Асан болып орталарына сіңіп кетеді. Олардың бүкіл Әлім руының ішінде Асан ағайынға баруы Жанқожа ата Пұсырман би мен Бекарыстан биді қатты құрметтеген. Олар бір-бірін қолдаған және тұлға ретінде мойындаған. Жарық көрген кітаптарда да солай жазылған» – деді Қалампыр апа естелігінде.
2017 жылы Астана қаласында жарық көрген Тілеген Әбиұлының «Екі әулеттің ізімін» кітабында «Осыдан 450-500 жылдай бұрын Сырдария өзенінің бойынан Қаракесектің Есенкелділері Ырғыз өңіріне қоныс аударған» деп түсіндіреді. Оның ішінде Есенкелдіден тарайтын Байыс бабаның ұрпақтары кешегі Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада бас сауғалап киелі ата мекен Сыр бойына қайта оралып, Арал ауданының Ақбөгет, Ұялы, Бектау, Қазалы ауданының Арықбалық, Кәукей қонысын паналап, Қарақалпақ елінің Шымбай, Тақта көпір жұртына дейін барған көрінеді. Бүгінде Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Ақтоғай ауылында «Байыс көлі», Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Арықбалық ауылында «Байыс арық» деген жер атауларының болуы бабалардың туып-өскен, қоныс аударған, жүрген жерлері туралы мәлімет береді.
Кәукей ауылының келесі тұрғыны Шәки Күлімбетов Қопа батырдың ел қорғаған батырлығымен қоса екінші жағынан теміршілік өнердің тылсымын меңгерген ұста, өз ісінің шебері, ұсынақты кісі болғандығын айтады. Ел ішіндегі айғақтар бойынша Жанқожа бабаның оқ өтпейтін сауытын Қопа батыр соғыпты-мыс. Болат шығыршықтарды бір-біріне кигізіп тоқыған сауытты ең асыл құрыштан жасаған. Сауыт-садақ пен қыр мылтықтың оғынан, көк найзаның ұшы мен ақ семсердің жүзінен қорғануға арналған киім. Оның тарихы өте тереңде жатыр. Ұстаның шеберлігіне қарай жасалу жолы да әр алуан. Қазақ ұсталары соғылуы қиын сауыттың жиырмаға жуық түрін жасаған. Соның ішінде асыл болаттан соғылған Аймауыт, Ақ сауыт, Көк сауыт, Берен сауытты атақты батырлар тұтынған. Бұл орайда, Нысанбек Төреқұловтың «Жанқожа батыр» дастанындағы
Ерте тұрып ер Жәкең,
Көкешкі атына мінеді,
Көк сауытын киеді,
Беліне қару іледі,
Келе жатқан дұшпанның
Алдынан шыға береді – деген жолдары байыптап қараған адамға батыр баба киген сауыттың түрін есімізге салады.
Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Сарбаз бен оның мінген атын қорғауға арналған сауытты да алғаш рет біздің бабаларымыз жасаған. Ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашты. Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереңнен сыр шертеді. Осының бәрі ежелгі замандарда біздің жеріміздегі дала өркениеті технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетеді» деп ұлы даланың ұлы есімдерін ұлықтауды өсиет етеді. «Біз көрмесек те, біз жасаған істің игілігін ұрпағымыз көрсін» деген Қопа батыр мен Мырза үлкен шайқас болардың алдында батырлар жекпе-жегінде көзге түсіп, өз заманындағы ірі жорықтарда теңдесі жоқ ерлік көрсетіп, елі мен жерін анталаған жаудан қорғаған ұлы даланың қастерлі перзенттері екеніне жоғарыдағы айтылғандар нақты дәлел екеніне күмән жоқ.
Қайратбек АЛТЫНБЕКҰЛЫ,
Бозкөл ауылы
26 қазан 2019 ж. 119 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930