Олжас Бектенов Абай облысының туристік әлеуетін дамыту жөніндегі Президент тапсырмасының орындалу барысымен танысты
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары аясында Семей қаласы әкімшілік іскерлік орталығын дамыту жобаларымен және Алакөл жағалауын дамытудың кешенді жоспарымен танысты. Ұсынылған құжаттар Мемлекет басшысы бастамасымен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында жүзеге асырылуда. Премьер-министрге заманауи туристік-рекреациялық аймақ қалыптастыруға бағытталған Алакөл жағалауын дамытудың кешенді жоспары таныстырылды.
Облыс әкімі Берік Уәли өңірдің туризм саласын дамыту аясында 2029 жылға дейін 49 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғанын, 2025 жылы Алакөл жағалауының инфрақұрылымын дамытуға 1 млрд теңге бөлінгенін, бұл қаражат жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізуге, абаттандыру мен көшелерді жөндеуге бағытталғанын айтты. 2026 жылы бұл мақсаттарға 10 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, сондай-ақ цифрлық шешімдерді енгізуге, оның ішінде бейнебақылау жүйелерін және орнықты мобильді интернет-қамтуды енгізуге бағытталады.
Туристік аймақты одан әрі дамыту мақсатында оның аумағын 300-ден 3 мың гектарға дейін ұлғайту және өткізу қабілетін тәулігіне 75 мың туриске дейін арттыру көзделген кешенді жоспарды түзету жұмыстары жүргізілуде. Түзетулер биылғы қыркүйек айына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ электр желілерін, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін, көлік және коммуналдық инфрақұрылым нысандарын салу жобалары қамтылған.
2025 жылы облыста туризмді дамыту бойынша жалпы сомасы 8,9 млрд теңге болатын 4 жоба жүзеге асырылды.
Премьер-министр әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуды, туризмді дамытуды және инвестициялық тартымдылықты арттыруды қоса алғанда, облысты кешенді дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Жалпы алғанда, республика бойынша туристік инфрақұрылымдар, оның ішінде келушілерді орналастыру нысандарын жаңғырту және көлікке қолжетімділікті жақсарту қарқынды дамып келеді. Қабылданып жатқан шаралардың арқасында 2025 жылдың қорытындысы бойынша сала өсім көрсетіп отыр, мәселен, ішкі туристер саны 9,1-ден 10,1 млн-ға дейін, шетелдік туристер саны 1,3-тен 1,4 млн-ға дейін ұлғайды. Келушілерді орналастыру нысандарының кірістері 350,6 млрд теңгені құрады, ал инвестициялар көлемі 32,6%-ға өсіп, 1,26 трлн теңгеге жетті.
Осы ретте Семей қаласында Әкімшілік іскерлік орталығы (ӘІО) жобасын жүзеге асыру көзделген. Аумақтың жалпы ауданы 1 мың гектардан асады. Жоба аясында әлеуметтік және іскерлік инфрақұрылымы дамыған жаңа заманауи тұрғын үй ауданын құру жоспарлануда. 2026-2029 жылдар аралығында жалпы ауданы 3 млн шаршы метрден асатын 75 мың адамға арналған тұрғын үй кешендерін, сондай-ақ 17 мектеп пен балабақшаны қоса алғанда, 40-тан астам әлеуметтік, коммерциялық және әкімшілік мақсаттағы нысандарды салу қарастырылған.
Олжас Бектенов қала құрылысына қатысты шешімдердің сапасын қамтамасыз ету және облыс әкімдігі тарапынан кешенді жоспарды жүзеге асыруды тиімді үйлестіру қажеттігін атап өтті.












