Шалғайдағы шымыр шәкірттер
Жанқожа батыр ауылындағы спорт кешенінің ашылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Десе де оның талапты жастары облыс біріншілігінде топ жарып келеді. Бұл жетістік “Таланттың бәрі ауылдан шығады” деген сөзге айқын дәлел бола алады.
Спорт кешенінде өткен жылы қыркүйек айында ғана ашылған кикбокс үйірмесінің шәкірттері облыстық турнирде топ жарып, өздерінің мықты екендіктерін дәлелдеуде. Бүгінде жас спортшы Сұлтанмұрат Бозқұлан жетекшілік ететін үйірмеде 35-ке жуық бала спортпен шұғылданады.
Кикбокс – спорттың жас әрі қиын түрі. ХХ ғасырдың 60-70 жылдары АҚШ-та пайда болған. Аталған спорт түрі елімізге тоқсаныншы жылдардан кейін ене бастады. Бұрын бокспен шұғылданып жүрген спортшылардың бірқатары кикбоксқа ден қойды. Қазір осы спорт түрінен еліміздің даңқын арттырып, жеңіс тұғырына көтеріліп жүрген жастар көп.
Жанқожабатырлық жас өскіндер әр аптаның сейсенбі, бейсенбі, жұма және сенбі күндері бүгінгі күннің талабына сай салынған кешенде жаттығу жұмыстарын жүргізеді. Мұнда келушілер арнайы бөлінген залда жаттықтырушының берген тапсырмаларын орындап, спаррингтер өткізеді. Жаттығудан соң жылы суға жуынып, бой сергітуге бар жағдай жасалған. Осындай заманауи кешен салып берген ел ағаларына кішкентай спортшылардың айтар алғысы шексіз.
Сұлтанмұраттың шәкірттері үйірме өз жұмысын бастаған екі айдан кейін-ақ алғашқы жарысқа қатысып, бақ сынап көрді. Сөйтіп өткен жылдың 14 қарашасында Қызылорда қаласындағы облыстық турнирде 36 келі салмақта сынға түскен Рақымжан Байкенже қола медальды қанағат тұтты. Мұнан кейін осы жылдың басында Қазақстан чемпионатының іріктеу жарысында Әзім Бақтыгерей алтыннан алқа тағынса, Бибінұр Отарбай күміспен күптелді. Ал Қанатбек Мейрамбекұлы мен Нұрбақыт Сәду үшінші орын тұғырынан көрінді. Мұнан соң Байқоңыр қаласындағы облыстық турнирде Бибінұр Отарбай бірінші, Нұрбақыт Сәду екінші, Рақымжан Байкенже үшінші орынға қол жеткізді.
Міне осылайша аядай ғана ауылдың балалары бас-аяғы 5-6 айдың көлемінде үлкен көрсеткіштерге қол жеткізді. Әрине, бұл ретте кикбокстың қыр-сырын үйретіп жүрген бапкердің де еңбекқорлығын айта кеткен орынды. Сұлтанмұрат Жарылқасынұлы да жастайынан бокс, кикбокс, әскери самбомен айналысып, бірқатар республикалық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінген мықты спортшы.
– Елбасы әр Жолдауда дені сау ұрпақ – жарқын болашақ кепілі екенін ұдайы айтады. Осы орайда жастардың бос уақытта пайдалы іспен айналысып, спортпен шұғылдануы үшін кикбокс үйірмесінің атқаратын рөлі зор. Жетістіктері де жаман емес. Қазіргі таңда жас кикбоксшылар мамыр айында өтетін Қазақстан чемпионатына қатысуға мүмкіндік беретін іріктеу ойындарына бақ сынау үшін дайындалуда, – дейді жас жаттықтырушы.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ