Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » 10 жыл күттірген жеңіс

10 жыл күттірген жеңіс

Жыл сайын аймаққа қарасты жеті ауданда дәстүрлі түрде ауыл спортшыларының спартакиадасы өтіп отырады. Осы кезек биыл Қазалы ауданына келді. ХХХV рет ұйымдастырылған ойындарда спорттың 18 түрінен 1000-нан астам спортшы бақ сынады. Ақыр соңында 10 жыл күттірген жүлдені Қазалы ауданы еншіледі. Яғни, жалпы командалық есепте 108 ұпаймен өзге аудандардан үздік болды. Бүгін төрт күнге созылған жарыста болған жайттарды кеңінен тарқататын боламыз.

Үстел теннисінің үздіктері
Аудан қоржынына алғашқы жүлдені үс­тел теннисінің үздіктері салды. Медетбек Ермахановтың жетекшілігімен өнер көрсеткен спортшылар ә дегеннен қарсылас шақ келтірмеді. Біріннен соң бірін артта қалдырып, өзгелерден оза шапты. Шындығында ауданның намысы үшін тер төгіп жүрген спортшылар үшін қандай кездесу болмасын аса маңызды. Бірақ жауапкершілік жүгіне селсоқ қарамайтын теннисшілер мықты екендерін тағы да дәлелдеді.
Жалпы, қазалылық теннисшілер сапында кіл сен тұр мен атайын дара спортышлар көп. Дегенмен соның ішінде Ернар Ибрай, Нұрбол Рысмаханов, Майрагүл Ерлан мен Гүлбақыт Қапаш осы додада күш сынады. Олар ұдайы жаттығуда, бабында жүргендерін айқын көрсетті.
– Ауыл спортшыларының биылғы спартакиадасында барлық ауданның іріктелген үздіктері келді. Дода болған соң қандай жағдай болмасын бас жүлдеге таласу әрбір спортшының санасында болатын жауапкершілік. Абырой болып діттеген мақсатымызға жеттік. Сәтін салса, әлі талай жеңіске жетіп, аудан мерейін үстем ететін боламыз, – деді жетекші.
Топ жарған тоғызқұмалақшылар
Бұған дейін тоғызқұмалақтан аудан спорт­шыларының жеңіс тұғырынан көрініп жүргенін жақсы білеміз. Сол секілді бұл жолғы спартакиадада қазалылық тоғызқұмалақшылар мықты екеніндерін мойындатты. Артылған үмітті ақтады. Құрама жетекшісі Серік Еркебаев бастаған Сәбит Шүленбаев, Шыңғыс Ұзақ, Данияр Тұрлыбек, Ұлдана Маханбетамин және Айжан Әбілтаева есімді жерлестер сәтті өнер көрсетіп, қоржынға кезекті жүлделі бірінші орынды салды.
– Бұл ауқымды додада осал қарсылас жоқ. Мейлі ол спорттың қандай түрі болсада, өзіңді дәлелдеп шығуың қажет. Қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақ та дәл солай. Ақырын ақылға салып, анық қадам жасамасаң, жеңіле салуың ғажап емес. Сондықтан артымызда Қазалы жұрты демеп тұрғанда, сенімге селкеу түсіргіміз келмеді, – дейді спортшылар.

Қоржынға түскен қос қола медаль
Ауыл спортшыларының «Алтын күз – 2022» спартакиадасының бағдарламасына енген ұлттық спорт түрлері – бес тас пен асық атудан қазалылықтар қос қола медальға қол жеткізді.
Асық атудан аудан құрамасының сапында Майлыбас ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Дәуренбек Құрманбаев, С.Сейфуллин атындағы №165 мектептің мұғалімі Мұратбек Үсентай, М.Горький атындағы №16 мектеп-лицейдің мұғалімі Асылхан Байсүгіров және Әйтеке би кентіндегі №17 Қазалы олимпиадалық резервтың мамандандырылған балалар-жасөс­пірімдер мектебінің жаттықтырушысы Наурызбай Дәулеталиевтер өнер көрсетті.
Ал бес асықтан аудан намысын Ж.Жабаев атындағы №234 мектептің мұғалімдері Ардақ Досанова пен Гүлнұр Өмірбекқызы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекші маманы Раиса Тасыбаевалар қорғады.

Шахматшылар шыққан шың
Осыдан 8 жылдан бұрын ауданда «Қазалы аудандық шахмат федерациясы» құрылды. Президенті Құбыл Ршымбетов. Сол уақыттан бері шахмат есігін қаққан өскіндер аз болмады. Нәтижесі де жаман емес. Барған жерден қоржындары құр қайтпайды. Бірақ 4 күнге созылған сайыста ақыл ойдың ойыны қатарында үздіктер өнер көрсетті. Команда құрамында Әбдірейім Шүренов, Мұрат Әбдіқалықов, Аида Үйрекбай және Әлия Таубай сынды озаттар бой көрсетіп, «Алтын күз – 2022» спартакиадасында екінші орынды еншіледі. Алдыңғы буын спортшылардың өзі аудан абыройы үшін намысқа тырысып жатқанын көріп, бәрекелді дестік.

Аяқдопшылар тағы да мойындатты
Шындығын айту керек, жыл сайынғы өтетін спартакиада ойындарында үлкен үміт күтетін спорттың түрі – футбол. Себебі, біздің аяқдопшылар бұған дейін талай рет топ жарған. Оған ертеректен бастау алған аудан футбол федерациясының салып берген жолын айтпай кету әбестік. Өйткені алдыңғы буын ағалардың жеңісті жолын бүгінгі аяқдопшылар аяқ асты етпей келеді.
Спартакиадаға оралайық. Алғашқы күннен жеребе тартылып, Қазалы ауданының құрамасы Жаңақорған, Қармақшы, Жалағаш аудандарымен бір топқа түсті. Бір-бірінің қыр-сырын білетін қарсыластар бұған дейін финалдық ойындарда бірінші орынды сарапқа салып жүрген. Сондықтан «Үйреніскен жау атыспаққа жақсы» демекші, бір-бірінен тартынбайтыны белгілі.
Топтағы алғашқы ойын Жаңақорған ауданымен басталды. Сол күні Жалаңтөс батыр атындағы орталық стадионда тамаша кездесудің куәсі болдық. Олай дейтінім, жігіттер үшін бұл 3 ұпайды алу оңай болмады.
Қызқаша шолып өтсем, ойыншылар жасыл алаңға шығып, бас төрешінің ысқырығы естілгеннен жерлестер допты уысынан шығармады. Бір сәтте ойынның орта тұсында айып добы белгіленді. Мүмкіндікті мүлт жібермеген жаңақорғандық 5-ші номерлі Абай есімді ойыншы есепті ашты. Осылайша алғашқы тайм Жаңақорған ауданның пайдасына аяқталды.
Уақыт зырғып, ойынның соңына таяды. Жанкүйерлер айқайға басып, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін бір орында отыра алмай, тыпыршып кетті. Алаңның екі бұрышынан ұйымдастырылған өткір шабуылдар Жаңақорған қамалынан өтпеді.
«Жерлестер жеңілді» деп отырғанда команда капитаны Жандосбек Нәбиев есепті теңестіріп, жанкүйерлерді бір серпілтіп қойды. Артынша көп ұзамай құрамадағы қорғаушы Нұржан Ахмет есепті 2-1 қылып, командасын алға шығарды. Міне, осылай Дархан Ысқақовтың шәкірттері алғашқы үш ұпайды еншіледі.
Ертесіне біздің аяқдопшылар қармақшылық жігіттерден 6-1 есебімен басым түсіп, топтағы алғашқы орынға жайғасты. Одан соң басты қарсыластары Жалағаш ауданының құрамасы болды. Өйткені, қай жеңіске жеткені топтан ақтық сынға жолдама алады. Абырой болғанда есеп тең аяқталып, жігіттер финалға жолдама алды. Қарсылас Шиелі ауданы.
Соңғы ойын тартысқа толы болды. Алғашқы таймда тең тарқасқан кездесудің екінші бөлігі қызықты өтті. Құрама шабуылшысы Әлім Тәңірбергенова 3 минуттың ішінде Шиелі қақпасына екі гол соғып, ерекше көзге түсті. Одан соң біздің қақпаға 11 метрлік айып добы белгіленген-ді. Бірақ қақпашы Нұрперзент Төребек допты шығара білді. Осылайша көптен күткен жеңіс қоржынға түсті. Ойын соңында барша жиналған жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген ойыншылар қолдауға келген жандарға алғыстарын білдірді.

Қол добының қайсар қыздары
Спартакиада тағы бір жүлделі бірінші орынға үміткер спорттың түрі қыздар арасындағы қол добы. Жеребе тартылғаннан кейін Қазалының қайсар қыздары Арал, Сырдария, Қармақшылық арулармен ойнайтыны белгілі болды. Топтан барлығынан оза шапқан біздің нәзік жандылар алдарына жан салмады. Барлығында айқын басымдық жеңіп, топтан бірінші орынмен шықты. Ал финалдағы қарсылас бұған дейін талай жерде топ жарып жүрген Жаңақорған ауданының құрамасы.
Шешуші сәт туды. Барлық жанкүйер Ыбырай Алтынсарин атындағы №204 орта мектептің спорт залына ағылды. Алаңға жайғасқаннан жаттығуда жүрген жерлестердің «қалай болмасын жеңімпаз боламыз» деп, көздерінде от жанып тұрғанын байқадық. Бірақ, қарсыласта осал емес.
Ысқырық дауысы естілгеннен жаңақорғандық қыздар бірден 5 доп айырмасымен алға шығып кетті. Жан-жақтан шабуыл ұйымдастырып, жерлестерді шаршатты. Бір сәтте ойынның барысы құрама жаттықтырушысы Серік Бисембеков алған тайм ауттан кейін өзгеріп сала берді. Қыздар үздіксіз шабуылға шығып, алғашқы 30 минутты 10-11 есебімен қорытындылады. Сол тұста екі жақтың қыздары ереже бұзып, қызыл қағазбен алаңнан қуылды.
Екінші тайм басталғаннан Жаңақорған ауданының арулары қайтадан ілгері шықты. Біз жасаған шабуылдар нәтиже бермей, жеңілістің ащы дәмі сезіле бастады. Неге екені белгісіз, сол сәтте ойынды жүргізген төрешілердің бір бүйрегі Жаңақорған құрамасына бұрып тұрғанын аңғардық. Оны мен ғана емес, жиналған қалың жұрт анық байқады. Жерлес қыздарды қайта-қайта тығырыққа тіреп, шетінен алаңнан 2 минутқа алаңға шығара берді. Екінші ойыншымызға қызыл қағаз беріп алаңнан қуды. Болмаша дүние үшін айып добын алып беріп, біздің арулардың ойынға деген құлшынысын төмендетті. Тіпті, үш ойыншымен қалдырып, жығып берді десек артық болмас.
Бір сәтте спорт залға жеңістің желі ескендей болды. Барлығы 360 градусқа өзгеріп, қайсар қыздарымыз 4 ойыншымен 17-21 болып тұрған жерінен есепті теңестірді. «Шын мықтыға тұсау жоқ» дегенің осы болса керек деген жанкүйерлер айқайға басып, арулардың жеңіске жететініне сенімді бола бастады. Жаттықтырушылар бір орында тұра алмай, тыпыршып сала берді. Аз уақыттан кейін ұтымды шабуыл жасаған қарсыластар мүмкіндікті мүлт жібермей тағы да бір доп айырмасымен алға шықты. Ойынның бітуіне санаулы ғана минуттар қалғанда есепті теңестірген Серік Бисембековтың шәкірттері, артыншы жеңіс голын соғып үлгерді. Көп ұзамай төреші ысырығы естіліп, ойын аяқталды. Есеп 24-23. Қуанышында шек болмай, көздеріне еріксіз жас алған арулар мұндай ғажайып боларын білмесе керек-ті. Өз-өздеріне сенбей жанкүйерлерге керемет эмоция сыйлағандары үшін төбелері көкке сәл ғана жетпейтіндей күй кешті.
Міне, бұл 8 жылдан бері тер төккен Серік Бисембековтың еңбегі. Өткен жылы Жаңақорған ауданында қола жүлдені еншілегенін есептемегенде, бұл үлкен көрсеткіш. Сондай-ақ, осы тұста Жеңісбек Құрманәлінің ойыншыларға қолдау көрсетіп, жасаған жүйелі жұмысын баса айтсақ болады. Бұған дейін мұндай болмады деуге болмас. Өйткені, 2016 жылы осындай жағдай орын алып, қол добынан біздің қыздар үздік атанған. Бірақ 6 жылғы үзілістен кейін естілген жағымды жаңалықта бапкердің еңбегі ұшан-теңіз екенін мойындау керек.
Қорыта айтсақ...
Қазан айының 9-ы күні аудандық оқушылар үйінде қорытынды шара ұйымдастырылып, жүлделі орын алған спортшылар марапат мінберінен көрінді.
Жеңімпаздар мен жүлдегер командаларды аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов пен облыстық мәдениет және спорт басқармасының бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Ғалым Сихымов құттықтап, марапаттарын табыстады.
Айта кетейік, аталған спорт түрлерінен бөлек баскетболдан әйелдер командасы жеңіс тұғырынан көрініп, бірінші орын алды. Сондай-ақ баскетболдан ерлер командасы 2 орынға, қол күресі, волейболдан ерлер командасы 2 орынға қол жеткізді.
Айтпақшы, аудандық спорт бөлімінің басшысы Орысбек Жәмшейтов спартакиада ойындарының туын дәстүрлі түрде Шиелі ауданына табыс етті. Демек, аудан мақтаныштары келер жылы Шиелі ауданында топ жаратын болады.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
11 қазан 2022 ж. 891 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930