Исламиадада бүгін қазақстандықтар спорттың бірнеше түрінен ойын көрсетеді
Түркияның Конья қаласында өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындарында қазақстандықтар спорттың бірнеше түрінен ойын көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін қазақстандықтар дзюдо, суға жүзу, спорттық гимнастика, кикбоксинг, каратэ-до спортынан сынға түседі.
Дзюдодан командалық жарыста Айболат Ыстыбай, Қанат Сейілхан (66 келі), Дастан Шаяхметов (73 келі), Барақ Арқабай, Бекәділ Шаймерденов, Әділет Мисин (81 келі), Ислам Бозбаев (90 келіден жоғары) татамиге шығады.
Ал суға жүзуден 50 метрге еркін әдіспен жүзуде Даниэла Дю мен София Әбубәкірова, баттерфляй әдісімен жүзуде Әділбек Мусин мен Александр Варакин бақ сынайды. Сондай-ақ, әйелдер арасында 100 метрлік қашықтықта аралас эстафетада Ксения Игнатова, Аделаиада Пчелинцева, Даниэла Дю мен София Әбубәкірова, ерлер арасында Егор Попов, Арсен Қожахметов, Максим Сказобцов, Айбек Қамзенов ел намысын қорғайды.
Спорттық гимнастикада көпсайыста Аяжан Шамшитдинова, Аяжан Бауыржанова ойын көрсетеді.
Кикбоксингте ширек финалда Ерсұлтан Гажден (54 келі), Нұрдәулет қалшора (57 келі), Батырхан Қуандықов (63,5 келі), Шара Хамзина (60 келі), Жанар Атагулаева (65 келі) сайысқа түседі.
Бүгінгі жарыс күнінде каатэ-до спортынан Қайсар Алпысбай (60 келі), Мәдина Алиманова (50 келі), Дидар Әмірәлі (67 келі), Әсемгүл Ердәулет (55 келі) және Нұрқанат Әжіқанов (75 келі) бәсеке көрігін қыздырады.
16 тамыздағы медальдар кестесінде ел құрамасы бесінші орында келеді. Еншімізде 71 (19 алтын, 20 күміс, 32 қола) медаль бар.
Медальдар саны жөнінен Түркия - 265 (106-89-70), Өзбекстан - 121 (43-30-48), Иран - 116 (37-35-44) медаль еншілеп, алдыңғы үштікте келеді. Ал төртінші орындағы Әзербайжан - 71 (22-28-21) медаль еншілеп үлгерді.