Қоржында қос медаль
Маусымның 19-20 күндері айыр қалпақты Қырғыз елінің астанасы Бішкек қаласында грек-рим күресінен бозкілем батырларының текетіресі болды. Мұнда 17 мен 23 жасты қамтитын жарыстың тарландары Азия арысы яки чемпионы болуға бар күштерін салды. Дүбірлі додаға аттанған Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Қазалының қос Қажымұқаны бар. Олар 45 келі салмақтағы Шыңғысхан Әбдіхалымов пен 110 келі салмақта бақ сынаған Қуаныш Аманкелді. Жерлестер бозкілемде бар күштерін салды. Бірақ екеуі де ақтық сынға шығар жолда сүрінді. Сөйтіп, қола жүлдені қоржынға салды.
Өткен сәрсенбіде грек-рим күресінен елдің намысын арқалаған спортшыларымыз елге оралды. Палуандарды №17 Қазалы олимпиадалық резервтың мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің ұжымы бірлесіп күтіп алды. Сол тұста спортшы жігіттермен аз-кем пікір алмастық.
– Ақтық сынға шығар жолда Үндістан спортшысынан жеңілдім. Сөйтіп үшінші орынға таласып, қола жүлдені қанағат қылуға тура келді. Спорт болған соң, жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Сәл ғана іштей өкініш болды, бірақ мұның өзі көңіл қуантарлық көрсеткіш. Ендігі алда болатын Әлем Чемпионатына бару үшін жаттығудан қол үзбей, дайындықты осы бастан қолға алу қажет. Алла қаласа әлемнің алып палуандары бас қосқан дүбірлі додада топ жарып, ел абыройын асқақтатуға бар күш жігерімді саламын. Қалай болмасын жеңіс туын желбіретуге еңбектенемін, – деді Қуаныш Аманкелді.
Ал Шыңғысхан Әбдіхалымов айыр қалпақты ағайындардың бозкілемінде кеткен қателікпен үздіксіз жұмыс жасайтынын айтады.
– Бішкектегі тартысты көптен күттім. Алғаш жолдама алғаннан дайындықта болдым. Бірақ ата-бабамыз айтқандай, «бұйырыс болмапты». Қырғызстан еліндегі жарысты үштікпен қорытындыладым. Бұдан кейінгі мақсат – Италияның Рим қаласында өтетін Әлем Чемпионатына аяқ басу. Сәтін салса, елдегі тілекші жандардың үмітін ақтайтын боламын. Бастысы – дайындық. Сондықтан жаттықтырушылардың айтқанынан шықпай, күн-түн демей еңбектену керек, – дейді.
Білесіз бе, жас спортшылардың көзіндегі жалын, өзіне деген сенімділігі мені таң қалдырды. Азия Чемпионатында кеткен еселеріне іштей қынжылып тұрса да, алдағы жарыста жүлделі орыннан көрінуді мойындарына міндеттеп алып тұр. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» десек, палуандардың бұл мінезі оларды әлі талай биікке жетелейді.
Спортшыларды күтіп алу рәсіміне аудандық спорт бөлімінің басшысы Орысбек Жамшейтов, ардагер жаттықтырушы Сапарбек Көбегенов, №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің басшысы Бақытбек Мәмбетжан және жас жаттықтырушылар мен спортшы жастар қатысты. Барлығы жүрекжарды лебіздерін жеткізіп, гүл шоқтарын табыс етті. Ал біз Қуаныш қуантатын күн көп болып, Шыңғысхан шыңдардан көріне берсін деген тілегімізді жеткіздік.
Абзал ЖОЛТЕРЕК