Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Геннадий Головкин: Мен шындықтың бетіне тура қарайтын адаммын

Геннадий Головкин: Мен шындықтың бетіне тура қарайтын адаммын

Орта салмақтағы IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин алдағы сенбі күні Жапонияда жергілікті боксшы Рета Муратамен шаршы алаңға шығады. Отандасымыз маңызды жекпе-жек алдында америкалық бокс маманы Тедди Атластың The Fight with Teddy Atlas жобасына сұхбат беріп, өзінің қазіргі мотивация­сы, кәсіпқой бокстың шыңына шығудағы қиындықтары, сондай-ақ мексикалық Сауль Альвареспен (57-1-2, 39 КО) өтуі мүмкін болған үшінші жекпе-жек туралы әңгімелейді. Назарларыңызға сұхбаттың жазбаша нұсқасын ұсынамыз.

– Геннадий, сіз кез келген боксшы шықсам деп арман­дайтын бар­лық белесті бағын­дырдыңыз. Олим­пиада­ның күміс жүлдегері, орта сал­мақ­­тағы әлем чемпионы атанып қана қомай, сол ата­ғы­ңыз­ды қатарынан 20 рет сәт­ті қор­ғадыңыз. Сіз спортта кейінгі 10 жылдағы ең ірі есім­дер­дің бірі болдыңыз. Қазір жа­сыңыз 40-қа таяп қалды (8 сәуірде 40-қа толады). Осы күн­ге дейін рингте жүруіңізге сізді не нәрсе жігерлендіріп келді?
– Өте жақсы сұрақ. Қазір мені бір нәрсе жігерлендіреді деп айту қиын. Бокс – мен үшін тек мотивация ғана емес, өмірімнің бір бөлшегі. Қазір мен өзімді өте жақсы сезінемін. Қазіргі өмір салтым бойынша мен әлі де шаршы алаңда еркін жұдырықтаса аламын. Демек, бүгінге дейін шаршы алаңда жүрсем, онда мені бокстан ысыратындай оқиға немесе адам болмағаны ғой. Спортшы ретінде де, қарапайым азамат ретінде де мен өз міндетімді атқарып жүргеніме қуаныштымын.
– Айтпақшы, келе жатқан туған кү­ні­ңізбен. Геннадий Го­ловкин 40 жасында «төбе­лесемін» деп ойлады ма екен?
– Рахмет. Шынымды айтсам, 40 жасыма дейін рингте жүремін деп ойлаған жоқпын. Осы күнге дейін кәсіби боксшы болып қаламын деген де ой болған жоқ. 40 жасымда да өзімді 39 жастағыдай сезінетін шығармын. Яғни өзіме әлі де көңілім толады, денім сау. 40 жасымда да өзімді өте тамаша сезінгім келеді.
– Ең кейінгі рет шаршы алаңға бір жарым жыл бұрын шықтыңыз. Ұзақ уақыттан кейін рингке қайта көте­рілу қиын екені белгілі. Әрдайым өз ба­быңда болғың келгенімен, жиі жұды­рықтаспағандықтан, тағы ұзақ уақыт жаттыққың да келмейді. Алдағы ай­қас­қа дайындық қалай өтіп жатыр, өзі­­­ңізді қалай сезінесіз және біз, яғни жан­­күйерлер сізден Токиода не күте аламыз?
– Тедди, дәл осы жерде мен сізді мақтағым келіп тұр. Өйткені сұрақ өте кәсіби дәрежеде қо­йылып тұр және бокста үлкен тәжірибеңіз бар екені бірден байқалады. Шынында солай. Мұндай кезде дайындық ұзақ болады. Бір жарым жылдың ішінде екі-үш рет жұдырықтасуға болар еді. Бірақ белгілі себептермен жекпе-жектер кейінге ысырыла берді. Екі рет толық жаттығу жиынын өткіздім. Ал қазір алға қарай ұмтылысты, жігерді сақтап, тағы да өз бабыма енуім керек. Бұл – қазір менің алдымда тұрған ең бірінші міндет.
– Кәсіпқой бокста айтар­лықтай ірі жетістіктеріңіз, тамаша бокс жо­лыңыз бар. Уақыты келгенде, «Ка­нелоға» қарсы тағы бір жекпе-жексіз бокстан кете аласыз ба? Көп же­тістікке жеткеніңізге қа­рамастан, ка­рьераңызды аяқ­тамас бұрын оған қарсы өзіңіз қанағаттана ала­тындай жекпе-жек болуы маңызды ма? Сіз үшін «Канеломен» тағы бір жекпе-жек өткізудің қажеті бар ма?
– Қазір мен бұл сұраққа қалай жауап берсем де, адамдар жауабымнан бәрібір бір ілік табады. Менің еңбегіме келер болсақ, оны мойындамауға тырысатын, яғни өз-өздерін алдайтын адамдар қашанда табылады. Ал «Канело» туралы сұрағыңызға жауап берер болсам, ертеңгі күніміз қа­лай боларын ешкім білмейді. Егер үшінші жекпе-жек болса, бәрімізге жақсы болар еді, ал болмаса бәрі бұрынғыша өз ағы­сымен жүре береді. Мен шын­дыққа тура қарайтын адаммын.
– Жекпе-жектің тартысты болуы боксшының стиліне байланысты екені белгілі. Ал­да Мура­тадан не күтесіз? Қан­дай жек­пе-жек көреміз?
– Муратаның қабілетін баға­ламауға әсте болмайды. Оның үстіне жекпе-жек кеші Жапонияда өтеді. Тәжі­рибеміз көрсеткендей, Жапонияда біз күтпеген, тосын жағдайлар болуы мүмкін. Ол біздің жекпе-жекті одан да қызықты етеді. Менің ойымша, шынында жекпе-жекті жа­сай­тын – бокс мәнері. Бізде бол­­жау қиынға соғатын өте ашық әрі қызықты екі түрлі стиль бар. Біз көрермендерге, жан­күйерлерге тамаша бокс кешін, бокс мерекесін сыйлаймыз деп үміттенемін. Жалпы, бокс әлемі үшін бұл биылғы ең үздік жекпе-жектердің бірі болады.
– Жеке өз басым, мен сізді әлі де жеңілмеген боксшы деп есептеймін. Мұны біздің шоуға қатысып жат­қандықтан айтып жатқан жоқпын. Мен бұл ойымды ESPN телеарнасында да айтқанмын. «Канеломен» өткен екі жекпе-жекте де сіз жең­діңіз деп есептедім. Меніңше, сіз бірінші айқаста оны қуып жүріп сабадыңыз, былайша айтқанда, Головкин болдыңыз. Ал екіншісінде басқаша жұ­дырықтасып, джебпен «таяқ жегіздіңіз». Қазір осы екі айқас туралы не ойлайсыз? Маған және кө­рермендерге осы жекпе-жекке көзқарасыңызды түсін­діріп берсеңіз. Сіздің артқа қа­йырылмайтыныңызды білеміз. Бірақ неге төрешілер сіздің ұпайы­­ңызды ұрлады? Ашығын айт­қанда, олар бірінші айқаста да, екінші жекпе-жекте де сізді тонады. Оның (Альварес) бизнесте ақша генераторы екенін білгенде қандай сезімде боласыз? Осы сұраққа өзіңізге қо­лайлы түрде жауап берсеңіз.
– Ол жекпе-жектер туралы айту менің жанымды жара­ламайды. Мұны үнемі айтып та жүрмін. Шынтуайтында, шындық ешкімге керек емес екенін білемін. Бірақ шындықты айтып, өз ұстанымында қалатын адамдарды құрметтеймін. Бұл адамның жақсы қасиеті деп ойлаймын. Кім не десе, о десін, осы екі жекпе-жекте де мен жеңіске жеттім. Адамдарда көп жағдайда екіжүзділік басым болады. Оның қандай екенін айтайын ба? Яғни біз тұрған бизнестің (бокстың) ережесінде осындай жағдайлар кездесетін болса, онда ол жұмыс істейді деген сөз. Тек соны түсіну керек. Бұл жерде оны жаман не жақсы деп айтудың өзі артық. Тек ол бизнес ережелерінің бірі екенін түсіну қажет.
– Сізді ұзақ уақыт бойы Абель Санчес жаттықтырды. Қа­зір Джонатон Бэнкстің қол ас­тында жаттығасыз. Айыр­ма­шылық қандай?
– Қазір менің айналамда өте білікті мамандар шоғырланған. Спорттың кез келген түрінде жетілу керек, даму керек. Барлық жағынан. Менің керемет диетологым бар. Ол менің жағдайым нашарлауы үшін емес, жақсаруы үшін қажет. Сенің жаныңда мықты мамандар, команда болса, олар сені күштірек етеді. Саған көмектеседі. Қазіргі уақытта сол мамандардың бәрі менімен жұмыс істейтіндей мүмкіндігім бар.
Сұраққа келер болсақ: «Джо­натон Бэнкстің Абель Санчес­тен айырмашылығы қан­дай?». Мені дұрыс түсініңіздер, мен қазір бұл жерде біреуді жамандап, екіншісін мақтағым келмейді. Абель туралы да, Бэнкс туралы да жақсы пікірдемін. Олар – дүниетанымы бір-біріне ұқ­самайтын мүлдем кереғар адамдар. Абельге маған жасаған жақ­сылықтары, берген тәжірибесі үшін алғысымды білдіремін. Мен оны бағалаймын. Қазіргі уақытта мен Джонатон Бэнкспен жұмыс істеп жатырмын. Оған да алғысым шек­сіз, оны да жаттықтырушым ретінде, жетекшім (ұстазым) ретінде құрметтеймін. Бұл – өмір­дің бір кезеңі. Бұрын болғанның бәрін ұмытып, жаңа нәрсе үйреніп жатырмын деу дұрыс емес. Бұл – тек білгенімді жетілдіру. Одан тек жақсара, дами түсемін деп ойлаймын.
 
Дайындаған
Әли БИТӨРЕ,
«Egemen Qazaqstan»
03 сәуір 2022 ж. 1 324 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 48

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930