Сербияда бокстан әлем чемпионаты аяқталды
Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс және 1 қола жүлде еншіледі. Жарыстың соңғы күнінде отандасымыз, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов әлем чемпионы атанды. Ал Қазақстан командалық есепте екінші орынға көтерілді, деп хабарлайды 24.kz.
Токио Олимпиадасынан қола жүлдемен оралған Сәкен Бибосынов әлем чемпионатында да тақымын қысып, жеңісті тағатсыздана күткен күллі қазақтың үмітін ақтады. Кешегі финалда 51 келі салмақта АҚШ боксшысы Роско Хиллдан басым түсіп, чемпион атанды. Төрешілерді Сәкен алғашқы раундтарда мойындатты. Отандасымыз бұл жарыс жолында кіл мықтыларды жеңді. Алғашқы кездесуінде өзбектің әйгілі Олимпиада чемпионы Хасанбой Дусматовты жолдан ығыстырды.
Бибосынов, бокстан әлем чемпионы:
- Токиода әнұранымызды шырқата алмадым. Осы чемпионатта әнұранымызды шырқату маңдайымызға жазылған екен. Ол тек ғана менің жеңісім емес, әке-шешемнің, бапкерімнің арқасы, сол кісілердің еңбегі деп білемін. Қазақ халқының қолдауын әрқашан сезінемін. Қолдауларыңызға рақмет. Мұнымен тоқтап қалмаймын. Бұйырса, алдағы жарыстарда да тек алтын алу үшін бар күшімді салатын боламын.
Сәкен 2019 жылғы әлем чемпионаты мен биылғы Олимпиадада кеткен есесін қайтарғандай. Ол жолы тұғырдың ең биік сатысы бұйырмағанымен бұл жолы шеберлігін көрсетті. Алда спортшының өзі де, жеке бапкері де осы жеңіске тоқмейілсіп, тоқтап қалмайтынын айтты.
МырзағалИ Айтжанов, ұлттық құрама бапкері:
- Олимпиададан кейін негізі қайтадан шыңға шығу өте қиын. Сол себепті Олимпиададан кейін екі апта демалдық. Содан кейін Сәкеннен сұрағанмын. Керек емес шығар деп. Жоқ, аға, әлем чемпионатына қатысамын. Есені қайтарамын. Алтын аламын деген. Енді сөзінде тұрды деуге болады. Барын берді. Кешегі сында сондай-ақ Серік Теміржан күмістен алқа тақты. 57 келіде сынға түскен отандасымыз финалға дейін сүрінбей жетті. Алайда ақтық сында АҚШ боксшысына есе жіберді. Десек те, Серік үшін бұл да үлкен нәтиже. Жас боксшы жеңіске деген жігерімен жанкүйерлерін қуантты.
Серік Теміржанов, әлем чемпионатының күміс жүлдегері:
- Осы боксшы жылдам екен. Соған үлгірмей қалдым. Басқа ештеңе айта алмаймын. Мойындаймын жылдам екенін. Қателіктер кетті. Дұрыстауға тырысамын. Қолдап жатқандарыңызға Алла разы болсын.
Қайрат Сатжанов, ұлттық құраманың бас бапкері:
- Жоспар 2,4,6 алтын бола ма, командалық есепте бірінші алайық дегенбіз. Алға сондай мақсат қойып, әрқайсыларыңыз чемпион болуға лайықтысыңдар дедік. Біраз қателік болды төрешілер жағынан. Жақсы бокстасты. Осы жарыс кезіндегі Қазақстан халқына рақмет айтқым кеп отыр. Бізді бұл жарыс біріктірді. Сөйтіп, Қазақстан ұлттық құрамасы Белградта өткен әлем чемпионатында 5 медальға ие болды! Теміртас Жүсіпов пен Сәкен Бибосынов чемпион, ал Махмуд Сабырхан мен Серік Теміржан күміс иеленді. Ал құрама капитаны Абылайхан Жүсіпов қола жүлде еншіледі. Командалық есепте Қазақстан екінші орынға тұрақтады. Кубалықтар 3 алтын алып, көш бастады. Ал АҚШ құрамасы үшінші.