Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Батыр Жүкембаев АҚШ-тағы жекпе-жекте жеңілді

Батыр Жүкембаев АҚШ-тағы жекпе-жекте жеңілді

АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен кәсіпқой бокс кешінде бірінші орта салмақта күш сынасып жүрген 30 жастағы қазақтың ұлы Батыр Жүкембаев өзінің спорттық мансабында алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Батыр Жүкембаевтың бұған дейінгі кездесулерінің барлығын Канадада өткізгені белгілі. Сол бес жылдан аса уақыт аралығында ол біраз бедел жиып та үлгерді. Қарсы келгендерді қоғадай жапырып, барша жанкүйерлердің қошеметіне бөленді. Анықтап айтсақ, 2016 жылдан бері 18 рет шаршы алаңға көтерілген қандасымыз барлық қарсыластарын тегістей ұтып,14 кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады.
АҚШ-тағы алғашқы жекпе-жегін Батыр Сабриэль Матиасқа қарсы өткізді. 29 жастағы Пуэрто-Риконың өкілі 17 кездесуінің тек біреуінде ғана ұтылған еді. Қалған 16 жекпе-жекте қарсыластарын есінен тандырды. Міне, қазақ боксшысына осындай мықтымен күш сынасуына тура келді.
Лос-Анджелестегі бәсекеде Матиастың үстемдігі анық байқалды. Төртінші раунда ол Жүкембаевты есеңгіретіп тастады. Одан кейін де Пуэрто-Риконың боксшысы қарқынын еш бәсеңдетпеді. Ал сегізінші раундтан кейін Батыр жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.
30 мамыр 2021 ж. 2 056 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031