Баскетболшылар бапкері
Соңғы жылдары аудан көлемінде бұқаралық спортты дамыту мен халық денсаулығын жақсарту жолында жан жадыратарлық жарқын істер жүзеге асырылуда. Осы ретте бүгінде Қазалы спорт клубында балалардың 7 спорт түрі бойынша кез келген уақытта жаттығуына жағдай жасалған.
Онда қазақ күресі, таэквандо, футбол, шахмат, волейбол, дзюдо және баскетбол үйірмелері бар. Соның ішінде бізді ерекше қызықтырғаны баскетбол тобы болды. Баскетбол дегенде көз алдыңа сұңғақ бойлы ұзындығы 2 метрге жуық спортшылар елестейтіні шындық. Бұл ойынның өзіндік қыр-сыры жеткілікті. Аталған спорт клубының жаттықтырушысы Құдайберген Медетов біліктілігінің арқасында осы спорт түрін жасөспірімдерге насихаттаудан жалықпайды. Талапшыл жаттықтырушы ер және қыз балалардан құралған команданы жеңімпаздар қатарына қосуға қажырлы еңбек етуде. Нәтижесі жаман емес.
– Жалпы баскетбол ептілікті қажет ететін тартысты спорт ойыны. Оған бес ойыншыдан тұратын екі команда қатысады. Баскетбол алаңының қарама-қарсы екі шетіне орнатылатын қалқаны бар тағандарға кәрзеңке бекітіледі. Ойынның мақсаты – допты қарсылас жаққа мол түсіріп, ұпай жинау. Бұл кез келген шәкіртті жігерлілік пен дәлдікке үйретеді. Олардың арасында үздік ойынымен көрініп жүргендері аз емес, – дейді жаттықтырушы.
Құдайбергеннің қарамағында үш топтан құралған 12 жасөспірім бар. Жастайынан спортқа бейімдеген шәкірттері ширақтығымен жетістікке жетуде. Атап айтқанда, Ақтөбе, Қызылорда қалаларында өткен облыстық турнирде қыздар командасы үшінші орынды иеленді. Байқоңырда ұйымдастырылған облыс біріншілігінде қыздар жеңіс тұғырына шықса, ер балалар екінші орынды жеңіп алды. Әр жарыста тартысты ойын үлгісін көрсетіп жүрген Гүлнұр Талғат және Мөлдір Нұрлан облыстық баскетбол құрама командасы қатарына алынған. Бойжеткендер алғырлығы, шалттығы және себетке дәл салатын мергендігімен ерекшеленеді.
Гүлнұр Ж.Жабаев атындағы №234 мектепте 11 сыныпта оқиды. Спорт академиясына түсуге талпынып жүр.
“Мінезімнің тіктігінен басында таэквандоны таңдағанмын. Кейіннен баскетбол ойынына қызығушылығым оянды. Қазір команда көшбасшысымын. Алғашқы жарысымда қорықсам да жауапкершілікті сезініп, жанымдағы қыздардың тәжірибесіздігіне қарамастан команданы алға алып шықтым. Сөйтіп бірінші орынды жеңіп алдық. Спортта батылдық қажет. Алдыңа мақсат қойсаң жеңіске жетесің. Жаттыққанда үнжырғаң түспеуі тиіс. Сондықтан да мұнда шыдамдылық пен төзімділік талап етіледі.
Топтағы ойыншылар допты сақиналы торқалтаға дөп түсіруі қажет. Қақпа жерден кем дегенде 3 метр биіктікте орнатылады. Соған орай жақсы секіре білуің керек. Тор қалтаны жақын жерден дәлдесе 2 ұпай беріледі. 6,25 метрден сәтті лақтырылған доп ұпайы бірден 3-ке көбейеді. Ойын барысында дриблинг, белден айналдырып лақтыру әдістерін қолданғанды ұнатамын”
, – дейді Гүлнұр сенімді кейіппен.Спортшы қыз болашақта халықаралық деңгейдегі жаттықтырушы болуды армандайтынын да жасырмады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА