Қызметкерге сыйақы емес, бонус беріледі
Мемлекеттік қызмет саласында бірқатар өзгеріс бар. Оның алғашқысы – еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі. Өткен жылдан бастап аталған жүйе бірқатар мемлекеттік органдарға пилоттық режимде енгізілді. Жаңа жүйе бойынша әрбір мемлекеттік қызметші жылдық жеке жоспарын бекітеді. Онда нақты көрсеткіштер жазылған. Соған сәйкес, жұмыстың тиімділігі бағаланады, әрі қызметкерге бонус беріледі.
Бұл туралы Қызылорда облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде өткен онлайн брифингте айтылды.
Басқосуда агенттіктің аппарат басшысы Саян Ахметжанов бонусты есептеу әдістемесін түсіндірді. Аппарат басшысының айтуынша, бұл төлем қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, сонымен қатар міндетін адал атқаруға сеп. Ол үшін ҚР Ұлттық экономика министрлігі арнайы қаражат көлемін бекіткен.
– Агенттік пен оның аумақтық департаменттеріндегі әкімшілік мемлекеттік қызметкерлерге бонус мемлекеттік органның бонустық қоры анықталған соң төленеді. Ал, құрылымдық бөлімшелердің бонустық қоры басшының жеке жұмыс жоспарының орындалуын бағалауға байланысты беріледі. Егер бөлімше басшысы қызметкерді бағалау қажет деп тапса, қызметкерлерге сыйақы тағайындалады, – деді Саян Ахметжанов.
Жиында агенттік төрағасы Айгүл Шаимова қазір мереке қарсаңында мемлекеттік қызметкерлерге берілетін сыйақылардан бас тартылғанын да айтты.
– Біз мерекелерге арналған сыйақылардан бас тарттық және қызметкерлерді ынталандыру мақсатында тек бонустарды пайдаланамыз. Ол жылына бір рет төленеді және бұл жұмыста айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген қызметкерлерге беріледі, – деді Айгүл Шаимова.
Қосымша мәлімет ретінде айта кетейік, кез келген мемлекеттік қызметкердің бонусын арнайы құрылған комиссия анықтайды. Бонусты есептеудің арнайы формуласына сәйкес, бағаланған процент мөлшері қызметкердің нақты атқарған жұмыс күндерінің санына көбейтіледі. Агенттікте орта есеппен алғанда әкімшілік қызметкерлерге жалпы сомасы 1,5 млн теңге мөлшерінде бонус төленген екен. Мәселен, агенттіктің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы Нұралы Бақытжан өткен жылы жүргізілген бағалау нәтижесінің қорытындысымен 5 жалақы көлемінде бонусқа қол жеткізгенін айтады. Бұдан бөлек, департаменттің бас маманы Бағдат Әбдіқадыров та нәтижелі қызметі үшін жыл қорытындысында жоғары бағаға ие болып, соған сай үстемеақы алған.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.