Жаздық киім үлгісіне көшті
Қоғамдық тәртіптің талапқа сай болуы – елдегі тұрақтылықтың кепілі екені анық. Қазақтың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды», – деген өнегелі тәмсілі күні бүгінге дейін маңызын жоғалтпай келе жатқандығы сондықтан. Сондай-ақ көпшілік арасында орын алып жүрген қылмыстың алдын алу шаралары да заман ағымынан кенже қалмауы керек. Оның үстіне елдің тұңғыш Президентінің қоғамда тәртіп сақшыларының жағымды келбетін қалыптастыруды тапсыруы бірқатар жауапты міндеттер жүктейді.
Осыдан біршама уақыт бұрын Полиция қызметкерлері бірыңғай жаңа формаға көшкенін білеміз. Бұл да азаматтардың сақшыларға деген ерекше көзқарасын қалыптастырды десек болады. Өткен сенбі күні Қазалы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері орталық алаңда жазғы киім үлгісіне көшуге байланысты саптық жиын өткізді. Онда жаңадан сап түзеген жас қызметкерлерден ант қабылданып, олардың халықтың тыныштығын күзетуге даярлығы тексерілді.
Жиынға полиция бөліміндегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлібек Әлиев пен бірқатар сала ардагерлері қатысты. Мамандықтың ыстық-суығын бірдей көріп, еңбек демалысына шыққан олар жас өрендердің жұмыстарына табыс тілеп, ел тыныштығын сақтау жолында анттарына адал болатындарына сенім білдірді.
Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ