Жаңа атау – жарқын бастама
Қызылордада «Қазақстан – 2050» демократиялық күштердің облыстық коалициясы мен Nur Otan партиясы облыстық филиалы жанындағы «Мирас» аймақтық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті.
Жиынға қатысушылар Қазақстан Республикасының астанасын Нұр-Сұлтан қаласы деп атауға қолдау білдіріп, ел тарихындағы маңызды әрі жауапты шешімнің мәніне тоқталып, жаңа атаудың дамуымызға тигізер әсері жайында сөз қозғады.
Кеңес отырысына жетекшілік еткен Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев ел мен халықтың мүддесін бірінші кезекке қойып, әрдайым дұрыс шешім қабылдай білген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына сіңірген еңбегі жөнінде айтты.
– Ел тізгінін қолына ұстаған 30 жылға жуық уақытта Елбасы Қазақстанның әлемге танылуына өлшеусіз үлес қосты. Тұралап қалған экономиканы аяғынан тік тұрғызып, елдің еңсесін көтерді. Ядролық қарудан бас тартып, әлемге бейбітшіліктің үлгісін көрсетті. Ұлтаралық татулық пен діни конфессиялардың ауызбіршілігіне баса мән беріп, тұрақтылық пен тыныштықты ту етті. Әлемге тарыдай шашылып кеткен қазақтың басын қосып, атамекенге ат басын бұруына мүмкіндік жасады. Астананы әсем қала Алматыдан Арқа төріне көшіруі нақты стратегиялық шешім екенін уақыт өзі дәлелдеді. Оған ешкімнің таласы жоқ, – деді Ибадулла Құттықожаев.
Басқосу барысында коалиция мүшелігіндегі партия басшылары, «Мирас» аймақтық кеңесінің мүшелері де сөз алып, елордамызға Елбасы есімін беру туралы ойын ортаға салып, пікірімен бөлісті. Атап айтқанда, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының облыстық филиалы төрағасы Серікбай Өмірзақов, «Ақжол» Қазақстан демократиялық партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәрбану Есекеева, «Қазақстан коммунистік халық партиясы» облыстық филиалының хатшысы Талғат Телеубаев, «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшелері М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің директоры Бақытжан Сайлыбаев, аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Нұрлыбек Мыңжас және т.б. сөз сөйледі. Олар Қазақстанның табыстары мен жеңістері Назарбаев есімімен тағыз байланысты екенін тілге тиек етіп, өтпелі кезеңде елді өрге сүйреген Н.Назарбаевтың есімін елордамызға беру орынды шешім және ел дамуының жаңа кезеңін анықтайтын аса маңызды қадам екенін құптады.
Жиын соңында облыстық коалиция мен аймақтық «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшелері ел астанасының атауын өзгерту туралы тарихи шешімге үн қосуға бағытталған Үндеу қабылдады.
Миуа БАЙНАЗАР