Қазақстанды кім басқаруы мүмкін? Белгілі саясаттанушы болжам жасады
Ерлан Сайыровтың пікірінше, Назарбаев Қазақстан тәуелсіздігінің архитекторы болып қала береді
Саясаттанушы Ерлан Сайыров Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін тоқтатуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның пікірінше, мемлекетті жаңа басшылар басқаруы керек.
"Елбасы бұл қадамды уақытында жасады. Жаңа басшылар Қазақстанды басқаруы керек. Қазақстан президенті оны бүгінгі үндеуінде айтты. Нұрсұлтан Назарбаев елді 30 жыл басқарды. Мемлекет басшысының елді басқару кезеңі Қазақстан тәуелсіздігі іргетасының қалануымен тұспа-тұс келді", - дейді Ерлан Сайыров.
Осы орайда саясаттанушы Қазақстан президентінің еңбегіне жоғары баға беріп, ол қашан да Қазақстан тәуелсіздігінің архитекторы болып қала беретінін атап өтті.
"Мұны атап өткен жөн. Себебі, шекара, еліміздегі мемлекеттік институттарды қалыптастыру мәселесі бар. Мұның барлығын Нұрсұлтан Назарбаев істеп шықты. Қазақстанды басқару оңай болған жоқ. Әрине, оның жұмысында кемшіліктер болды. Мысалы, саяси және экономика саласында. Оны жасырудың қажеті жоқ. Дегенмен Назарбаевтың негізгі артықшылығы – ол тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастырды", - деді ол.
Сонымен қатар Ерлан Сайыров Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың уақытша президент міндетін атқаруына қатысты өз ойын айтты.
"Біріншіден, ол – либерал. Екіншіден, Тоқаевтың халықаралық деңгейде белгілі бір ықпалы мен беделі бар. Кезінде ол БҰҰ бас хатшысының орынбасары, Қазақстанның премьер-министрі қызметтерін атқарды. Тоқаев еліміздің экономикасын жақсы біледі, мінезі жұмсақ", - деді саясаттанушы.
https://sputniknews.kz