Ел дамуына жаңа серпін береді
Елбасы 5 қазан күні өзінің жылдағы халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауын жариялады. Тәуелсіздік алған уақыттан бастап Қазақстан халқының бай-қуатты һәм тұрақты өмір сүруі үшін мемлекеттік деңгейдегі түрлі бағдарлама мен стратегиялық маңызды құжат қабылданып, халқымыздың әл-ауқатын арттыру жолында іске асырып келеді. Әлеуметтік-экономикалық жаңғыру, даму жолында жасалып жатқан ауқымды жұмыстар еліміздің мәртебесін жер жүзі жұртшылығы алдында асырып, Қазақстан әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену ұмтылысын айқындай түсті. Мемлекетіміздің алдағы уақыттағы дамуына жетелер межелі жұмыстарды жоспарлауда, халыққа дәріптеуде қазақстандықтардың басты идеологиялық құжаты – Елбасы Жолдауы болып табылады.
Биылғы бұл Жолдауда да Қазақстан халқының өмірін жақсартуға, тұрмысын түзетуге баса назар аударылған. Жолдау жариялану барысында нақты мәселелерге тоқталып, жауапты тұлғаларға тиянақты нұсқау мен тапсырма берілді. Бұрынғы белгіленген «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Рухани жаңғыру» сынды сүбелі, ауқымды жоспарлардың әрі қарай өміршеңдігін арттырып, сапалы орындалуына тиісті сала басшыларын жұмыла жұмыс істеуге шақырды. Соның ішінде әсіресе, ұстаздар қауымының кәсіби мәртебесін көтеру мен жастарға сапалы білім беру, сондай-ақ мемлекет қаржысын тиімді орынға жұмсап, үнемді пайдалану сияқты нақты ұсынысы көпшіліктің көңілінен шықты.
Алдағы уақытта Жолдауда айтылған мәселелердің әрбіріне жеке-жеке тоқталып талқылауға және әр мәселе бойынша жүйелі жұмыстар атқаруға еліміздің келешегі үшін үлес қосуға әзірміз. Сонымен қатар, Жолдауда Қазақстанның халықаралық деңгейдегі беделі туралы да өте маңызды мәселе көтерілді. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде Қазақстанды жаһан танып, әлем елдерімен қатар түзеп, мойындады. Алпауыт мемлекеттермен тең дәрежеде өз орнын белгіледі.
Жалпы, бұл Жолдауда Қазақстан халқының жанына, өміріне керек нәрселердің барлығы сөз болды. Әсіресе, Елбасы адам денсаулығының әркез мықты, салауатты болуын, жүрек ауруының, оның ішінде, кезекте тұрған онкосырқатты емдеп жазу, осы бағытта аурухана ашу, жас ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беру, мектептердегі жағдайды жылдам жақсарту, ауысымды оқытуды жөнге келтіру, ұстаздарға жағдай жасап, білімді ұрпақ өсіруге жол ашу, жайлы тұрғын үйлермен қамтамасыз ету керектігін нақты айтты. Енді баршамыздың алдымызда ел болып жұмылып, бұған дейін де жасалып келген жұмыстарды одан әрі жалғастырып, айтылған мәселелерді жүзеге асыру міндеті күтіп тұр. Бұл ел дамуына жаңа серпін береді.
Қасқырбек МӘМБЕТЖАН,
«Нұр Отан» партиясы Қазалы аудандық
филиалы төрағасының бірінші орынбасары