Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жазушылар Одағының жаңа төрағасы сайланды

Жазушылар Одағының жаңа төрағасы сайланды

Алматыда Қазақстан Жазушыларының кезекті XV Құрылтайы өтті. Құрылтайда Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының жаңа құрамы бекітіліп, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының жаңа төрағасы болып ақын, журналист Ұлықбек Есдәулет тағайындалды және бақылау-тексеру комиссиясы сайланып, ағалар алқасының құрамы бекітілді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Құрылтай Әнұранмен басталып, екі құрылтай арасында қаза болған 131 ақын-жазушыны бір сәт еске алу үнсіздігімен басталды. Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының Төрағасы Нұрлан Оразалин сөз сөйлеп, өткен ширек ғасырдағы жеткен жетістіктер мен кеткен кемшіліктерге тоқталды.
Сондай-ақ, құрылтайға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді. Құттықтау хатында Елбасы Қазақстан Жазушылар Одағының ХV құрылтайының ашылуымен құттықтап, құрылтай жұмысына табыс тіледі.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мемлекет тарапынан жазу­шыларға ұдайы қолдау білдіріп келеді. Атап айтсақ, жыл сайын шығармашыл қызметкерлер мен мәдениет қызметкерлерін мемлекеттік қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясы берiледi. Сонымен қатар, екі жылда бір рет Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығы тұрақты түрде табысталып келеді.
Бұған дейін Нұрлан Оразалин өзінің кезекті рет сайлауға түспейтінін мәлімдеген болатын. Ал жалпы жазушылар төрағалыққа көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулетті құп көрген еді. Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулетті жазушылар қауымының басым көпшілігі қолдады.
Сонымен көптен күткен мәселенің де басы ашылды. 25 жылдан кейін Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы ауысты. Сабыр Адай, Сауытбек Абдрахман, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Ермек Аманшаев бастаған алдыңғы буын ағалар мен қатар Бақытгүл Бабаш, Ақберен Елгезек, Әлия Дәулетбаева, Бақыт Беделхан, Ерлан Жүніс қатарлы жаңа толқынның барлығын қамтыған 151 адам одақ төрағасы атануға үміткер болған. Соның ішінен жаңа төраға болып Ұлықбек Есдәулет сайланды.
Baq.kz
12 наурыз 2018 ж. 1 531 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031