Жаңа әліпбидің смартфонға арналған пернетақтасы пайда болды
Жақында ғана Нұрсұлтан Назарбаев өзгеріс енгізген латын әліпбиінің смартфондар үшін пернетақтасы жасалды, деп хабарлайды Today.kz.
Қазір пернетақта Android пен MacBook қолданушылары үшін қол жетімді. Оны программист Данияр Муханов 2-3 күннің ішінде жасап шыққан.
"Жаңа латын әліпбиінің пернетақтасын Android үшін java тілінде, MacBook үшін ukulele тілінде жаздым. Android пен MacBook-қа орнатуға болады. IOS-қа арналған пернетақтаны Zero To One Labs-тағы әріптестерім жасады, ол енді шығады. Смартфонға ыңғайлылығы жағын қолданушылар айтар. Мен әліпби қолданушысы ретінде жаңа әліпбиді бұрынғыдан жақсырақ дер едім. "У" әрпінің оқуға да, жазуға да ыңғайсыздығы бар. "И" мен "І" әрпі де әлі мінсіз емес. Басқасына көңілім тоқ", – деді Данияр Муханов.
Жаңа латын әліпбиі пернетақтасының құрастырылғанына бір күн өтсе де жүзден астам адам смартфонына қондырып алған.
Естеріңізге сала кетейік, 20 ақпан күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев латын графикасындағы қазақ әліпбиіне өзгеріс енгізген болатын.
Алғашқылардың бірі болып ҚР Парламент Сенатының Төрағасы Қасымжомарт Тоқаев латын графикасымен жазып көрді. Ал ҚР ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев үкімет отырысында латын графикасындағы қазақ әліпбиінен не үшін апострофтың алынғанын түсіндірді.
"Осы бағытта жұмыс істеген мамандардың көкейінде сұрақ туды. Апостроф дегеніміз - арнайы белгі, ажыратушы. Бұл іздеу жүйелерін, алгоритмдерді қиындатады. Мемлекет басшысы мамандардың, соның ішінде IT саласы мамандарының пікірін тыңдады. Бұл Президенттің маңызды стратегиялық шешім шығарарда қоғам пікіріне құлақ асатынын дәлелдейді. Әліпбидің қазіргі нұсқасы барынша тиімді", – деді министр.