Басты бағыт бәсекеге қабілеттілік
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауымен №102 орта мектеп ұжымы да танысып, басты құжаттағы ел дамуына бағытталған он міндеттің артар салмағын таразылап, талқылауда белсенділік көрсетті.
Мектеп директоры Ерік Өмірзақов Елбасы Жолдауындағы «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп аталатын жетінші бағытында білім беру жүйесін жаңа сапаға көтеру және жаһандық даму жолындағы бәсекеге қабілеттілікке айрықша басымдық берілгенін атап өтті. Ондағы мұғалім мәртебесіне қатысты нақты тапсырмалар көңілге сенім ұялатады. Әрине, мұғалім еңбегі ұлт ұрпағына сапалы білім, саналы тәрбие беру жолындағы нәтижелі табыстарымен көрінетіні баршаға мәлім.
Өткен оқу жылында облыс әкімінің қолдауымен жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Сонымен бірге, биылғы 16 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында мектеп жанынан «Күнекей» шағын орталығының ашылуы осы болашақ ұрпақты тәрбиелеудегі атқарылып жатқан іргелі істер десек жарасады.
Мектеп шәкірттері облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары атанып жүр. «Ақбота – 2017» республикалық интеллектуалдық марафонның жүлдегері 9 сынып оқушысы Наурызхан Меңдіқара «Дарын» республикалық ғылыми- практикалық орталығының қолдауымен Қазақстан Респубикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Санкт-Петербург қаласына барып қайтты. Онда Ресейдің ең үлкен әрі әсем тарихи-мәдени мұражайлары – Ұлттық Эрмитаж, Исаакиевский собор, Пушкин қалашығы мен Екатирининск сарайларына саяхат жасады.
Рухани жаңғыру аясында ұйымдастырылған Түркістан қаласындағы «Алаш үміті» халықаралық байқауында 6 сынып оқушысы мәнерлеп оқу жанры бойынша Саят Меңдіқара, ғылыми жоба жұмысымен 10 сынып оқушысы Ақтолқын Матығұл «Дарабоз» атанып келді.
Сексен екі жылдық тарихы бар №102 мектеп қабырғасынан тұңғыш рет «Алтын белгі» иегері шықты. 125 балл жинаған Ақерке Үргенішбай қазіргі таңда Алматы қаласында Қазақ Ұлттық университетінің экономика факультетінің І курс студенті.
Білімге басымдық берген Жолдаудағы міндеттердің артар жүгін сезіне отырып, мек-теп ұстаздары соны серпіліспен ұрпақ игілігіне қызмет ете береді.
Дана ЕРМАҒАМБЕТ.