Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өліп, қайта тірілдім

Өліп, қайта тірілдім

«Естімеген елде көп» деген. Осы бір өзім куә болған жайтты өзгеріссіз газет бетіне жариялауды жөн көріп отырмын.

Журналистік қызметте әралуан тақырыптарға қалам тербеп, табан тоздырып, нешелеген есікті еркін қаққан басым өмірде бар екендігімді дәлелдеудің қиындығын бастан кешіргенде бәріне қайран қалдым.

Жақында денсаулығым сыр беріп, жергілікті дәрігерге көріндім. Жағдаймен жіті танысқан олар уақытша ауырсынуды басатын дәрілер егіп, одан әрі үлкен қалаларда ем-шара алу тиімділігі жөнінде кеңес берді. Емханада отырып-ақ әлеуметтік желіден қажетті мәліметтерді алуға кірісіп кеттім. Көп ұзамай Шымкент қаласынан жеке клиниканы тауып, жауапты мамандарымен тілдестім.

Мән-жайға қаныққан ол жақтағы ақ халаттылар қабылдауына жазып, арнайы сараптама жүргізу үшін қан талдамасын ала келуімді ескертті. Емі тегін емес. Оған тексерістен өту үшін жұмсалатын ақша, өзің мен серігіңнің жол ақысын қосқанда бірталай «дөңгелектің» басы қылаң берді. Ауру әлеуметтік жағдайға қарасын ба, күннен-күнге үдетіп барады. Біреуден ала тұратын аз көлемдегі қаржы емес. Соңғы тоқтамым банк­тен несие рәсімдеу болды.

Ертеңіне ертемен ай сайын жалақы алатын банкке бардым. Ұзын-сонар кезектен босап, аға менеджерден ақша алуға мүмкіндік бар-жоғын сұрағанымда, базаға кіріп, табысымның керекті несиеме жеткіліктілігін айтты. Бұрын-соңды қарыз алып көрмеген мен іштей, кредит жайының кедергісіз шешілетініне сенімді кейіппен отырдым. Құжаттар рәсімделіп, негізгі орталықтан хабар күткен маған қызмет көрсетіп отырған банк қызметкері абыржи қарап: «Шұғыл кірістер басқармасына барыңызшы. Сіздің ісіңізді қауіпсіздік қызметі қарап жатыр», – деді. Бір түсініспеушілік болғанын бағамдап, аудандық кірістер басқармасына жол тарттым.

Мәселе осы жерде басталды. Кеңес алуға барған басқарманың тіркеу, ақпараттарды қабылдау бөлімінің бас маманы құжат бойынша базаға аты-жөнімді енгізіп болған соң: «Бір түсінбестік туындап тұр. Қазір халыққа қызмет көрсету орталығына барып, мекенжай анықтамасын алып келіңіз. Мәселені анықтайық», – деді сабырлы кейіппен. Жедел барып, ол жерден тұрғылықты мекенжайым бойынша анықтамаға тез қол жеткіздім. Анықтама беруші базаға қайта-қайта қарап, оның дұрыстығын тексерді.

Жедел түрде кірістер басқармасына жеттім. Ондағы тіркеу, азаматтарды қабылдау бөлімінің қызметкері менің аты-жөнімді қайта теріп: «Бұл қалай болғаны? Сіз 2011 жылдан бері азаматтар базасында өлгендер қатарында тұрсыз...», – дегенінде біреу төбемнен мұздай су құйып жібергендей, мең-зең күйге түстім.
– Бұл не масқара? Мұндай бұрын-соңды тәжірибеде кездескен бе еді? — дедім алғашқы сұрағымда.
– Болып тұрады. Облыс жасайды ондайды.
– Қалайша Қазалы ауданында тұрған адамның есебін облыс жүргізеді?
– ...
Сауалыма жауап таппады ма әлде мән-жайды толық білгісі келді ме, маман жұмыс телефонымен облыстық департаменттегі Нұржамал есімді қызметкерге телефон шалып, мән-жайды түсіндірді.
– Сәлеметсіз бе? Біздегі бір салық төлеуші мемлекеттік мәліметтер базасында өмірден өткендер қатарында тұр. Бірақ ол заңды күші бар азамат. Оны қалай қалпына келтіріп береміз? – дегенінде сөйлесіп тұрған адамы жауабын қарсы сұрақпен бастады.
– Ол оған қалай, не себеппен ілікті? Бағдарлама сендердікі ғой. Адам өзінен-өзі базадан шығарылмайды. Сендер үнемі солай етесіңдер! – деді де тұтқаны қоя салды.

2011 жылы болған жайтқа мен жауап бермеймін ғой. Себебі жазылмаған, қарап отырмын. Қазіргі жағдайда не істейміз?— деп күмілжіп қайта нөмірді тергенінде облыстық басқарма маманы жеке сәйкестендіру нөмірімді сұрап, мәліметтер базасына өзі кіретінін айтты. Сосын: «Сен неге қайта қалпына келтіріп берейік дейсің?.. Қарасаңшы, сұрау салған Косбармаковаларың басқа елдің азаматы. Оның 2011 жылы біздің елге келгендегі уақытша тұру түбіртегінің мерзімі бітті. Содан жойылды. Мәселені миграцияға жібересіңдер. Біздің қандай қатысымыз бар?» – деген уәжін білдірді.

– Қайдағыны айтып отыр. Мен ешқашан Қазақстаннан шығып көрмеген қазақпын ғой, – деп әңгімеге киліктім. Сөзімді аудандық басқарма маманы да қолдап:
– Апай, жеке басты куәландыратын құжат тек резиденттерге берілмей ме? – деді.
– Берілсе... маған не дейсің?
– Бізде базаға кіру құқығы жоқ қой. Болатын жағын қарайық та, – деген ұсынысына қарамай, телефонды тастай салды.

Жазбаша сұраным қалдырдым да тірі деп тану жұмысына батыл кірісіп кеттім.
Қазалы ауданының полиция бөлімі көші-қон қызметі бөлімшесінің халықты құжаттандыру және тіркеу қызметінің мұрағат қорында 28.09.2010 жылы ҚР Әділет министрлігінен берілген жеке куәлікпен Әйтеке би кентінде тұрақты есепке тіркеліп тұрғандығым жөнінде анықтама берді. Полиция бөлімінің аға инспекторы тиісті қағазды қолыма ұстатып, адамның тірілігін тек АХАТ бөлімі ғана анықтайтынын түсіндірді.

Қазалы ауданының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінен тиісті мағлұматқа қол жеткізу оңайға соқпады.
Азаматтың туылуы, қайтыс болуы, некеге тұру, босануы жайлы мәліметті бірыңғай орталықтандырған деректер қорына жүктейтін мекеме тірілігімді айғақтайтын құжат беруге қауқарсыз екенін алға тартқанымен, тілшілік куәлігімді көрсетіп, жазбаша өтініш берген соң арада екі күн өткенде АХАЖ тіркеу пункті ақпараттар жүйесі бо­йынша зерттеу жүргізіліп, Қазалы ауданы бойынша менің атыма қайтыс болу туралы акт жазбасы тіркелмегендігіне қанықтым.

Арада төрт күн өткеннен кейін Қазалы ауданы бо­йынша мемлекеттік кірістер басқармасынан жазбаша жауап алдым. Сондай-ақ сегіз жыл ішіндегі жәредемақы салымының дұрыстығына көз жеткіздім.

Онда ҚР БСАЖ бағдарламасына салық төлеуші ретінде 2011 жылы тіркелгендігім, кейін қосарланған салық төлеушінің тіркеу нөмірін әкімшілендіру барысында 22.09.2011 жылы бағдарлама есебінен шығарылғаным көрсетіліпті. Жоғарыдағы жайға байланысты облыстық кірістер департаментіне қателікті түзету жөнінде сұраным жолданып, тіркеу деректері қалыпқа келгендігі жазылыпты. Сондай-ақ өтінімді ақпараттық жүйеге енгізген қызметкер қазіргі уақытта басқармада жұмыс істемейтінін жеткізіп, жауапқа қанағаттанбаған жағдайда құзырлы орындарға дәлелдемелер арқылы талап-арыз беріп, шағымдануға құқылы екендігімді де ескертіпті.
Осылайша алғаш бұрыс мәлімет беріп, тірі еместер санатына енгізген кірістер басқармасы мәртебемді қайта анықтап, тірі деп танылғандар тобынан табылдым.

Өзімді «іздей» жүріп сандық жүйе қолданысқа еніп, қолжетімділік дамыған тұста орталықтандылған деректер қорымен жұмыс істейтін мекемелердің әлі де мағлұматтары біріздендірілмегеніне көз жеткіздім.
Адам құндылығын – қоғам құндылығына санайтын Конституция салтанат құрған мемлекетте ғұмыр кешіп жүріп, санама сыз, жаныма жара салған салғырттық кесірінен орын алған мән-жайдың талқы-таразысын жауапты мекемелердің өзіне қалдырдым. Себебі ар жазасы – бар жазаның ауыры. Мақаланы жазудағы мақсатым, ай сайын салықтық түсімдер төлеген түбіртекке иланбай, өзіңіздің деректер қорында бар-жоғыңызды анықтаудың артық емесін көпке ұғындыру еді. Кім біледі, бәлкім, құжат бойынша Сіз бұл өмірде мүлде жоқ шығарсыз...

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
22 маусым 2019 ж. 1 207 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 58

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930