Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » "19 рет тұрмысқа шықты". Сириядан оралған қазақ әйелінің әңгімесі

"19 рет тұрмысқа шықты". Сириядан оралған қазақ әйелінің әңгімесі

Қазақ әйелі 4 жыл отбасымен бірге Сирияда болып, ондағы сұмдықты көзімен көрген.

"Жусан" операциясының арқасында елге оралған 33 жастағы қазақ әйелі Сирияға қалай тап болғанын әңгімелеп берді.

"2009 жылы намаз оқи бастадым. 1,5 жылдан кейін намаз оқитын жігітке тұрмысқа шықтым. Ол дұрыс жолда екен деп ойладым. Күйеуім мені өзіне тарта бастады. Яғни "жиһад" мәселесін қозғап, намаз оқымайтындарды "кәпір" деп, өзінің дінге көзқарасын ашық білдірді. Мен жиһад деген не екенін түсінген жоқпын. Бірақ менде намаз оқымайтындар "мұсылман емес" деген түсінік қалыптаса бастады", - деді ол сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, 2012 жылы күйеуі Украинаға жұмысқа кетіп, бір айдан кейін одан хабар келген.

"Күйеуім өзі хабарласты да "екеуміздің жәннатта болғанымызды қалаймын" деді. Сонда ғана оның қайда кеткенін түсіндім. Күйеуімнің артынан баруға шешім қабылдадым. Сол жаққа барып-қайтуға билет алдым. Өйткені ол кезде 8 жастағы қызым болды. Ол Қазақстанда қалып қойды", - деді аты-жөнін айтуды жөн көрмеген келіншек.

Сондай-ақ ол алғашында күйеуін елге қайтарамын деген ой болғанын айтты.

"Содан Түркияға жол тарттым. Ол мені сонда күтіп алды. Кейін шекарадан оңай өттік. Онда темір қоршаулар болған жоқ. Бір ауылға келдік. Мен Сирияға келгенде адамдар қару-жарақпен жүрді. Ол түн мезгілі еді. Біз "Сирияға келген сияқтымыз ғой?" дедім. Күйеуім "иә" деп жауап берді. Ол жерде бір апта болдым. Кейін жұбайыма үйге қайтатынымды айттым. Сол уақытта ол менің төлқұжатымды тартып алды да, "Олар сенің қайда болғаныңды біліп отыр. Сен түрмеге отырасың" деді. Содан қорқып, күйеуімнің айтқанынан шыға алмадым", - дейді ол.

Сирияда әйелдердің құқы аяққа тапталады

33 жастағы қазақ әйелі 2013 жылдан 2017 жылға дейін ДАИШ-тың бақылауындағы Сирия аумағында күйеуімен тұрған. Сонда бір баласын дүниеге әкелген. Кейін күйеуі қайтыс болған соң, амалын тауып, күрттердің иелігіндегі аумаққа өтіпті.

Әңгіме барысында ол Сириядағы ДАИШ басқаратын аумақта әйелдердің құқы аяққа тапталғанын жасырмады.

"Күйеуім 2017 жылдың 5 наурызында өмірден өтті. Қалай қайтыс болғанын білмеймін. Бомбаға түсті ме, біреу өлтірді ме, оны ешкім айтпайды. Суретін де көрсетпеді. Сирияда күйеуі қайтыс болған әйелді бір үйге алып келеді. Ол жерде тамақ, жарық болмайды. Яғни ешқандай жағдай жасалмаған. Амал жоқ басқа күйеуге шығуға мәжбүр боласың. Ал күйеуге шықпасаң, сол жерде аштан өлесің. Ол күйеуің 2-3 күннен қайтыс болып кетуі мүмкін. Яғни, осылай 5 рет, 6 рет, тіпті 19 рет күйеуге шығып жатқан әйелдер болды", - дейді елге оралған келіншек.

Сонымен қатар отандасымыз Сириядағы қазақ әйелдері ойын ашық айта алмай қиналғанын жеткізді.

"Ол жақта қазақ қыздарымен араласып тұрдық. Көбі "үйге қайтқым" келеді деп айта алмай, іштен тынады. "Тек күйеуіммен бірге жәннатта болғым келеді" дейміз. Бірақ әркімнің өз ойы бар. Мысалы, мен елге қайтқым келді. Бірақ оны айта алмадым. Өйткені басымнан айырыламын. Не атып тастайды, не түрмеге отырғызады", - дейді ол.

Ол күрттер басқаратын аумақта 1,5 жыл тұрған. Кейін "Жусан" операциясы барысында Қазақстанға оралыпты.
14 мамыр 2019 ж. 1 401 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930