Жаңғақжегіш аттас беріңізші...
Адам баласының өзі өскен, тұрғылықты жерден келесі бір мекенге қоныс аударғанында оған бейімделіп кетуі қиынға соғады. Ондай жайға әдетте ауыл балалары жоғары оқу орындарына, әскер қатарына барғанда кезігіп жатады. Мұндағы басты қиындық — тіл жайы.
Сауатты сөйлеуді білмесең де, жалпы түсінігіңді жеткізбек мақсатта орыс тілінің еркіңе көнбей, сөздер қосымшаларына деген сенімсіздік сергелдеңге салып, қатты қиналғандардың қатарында өзім де болғанымды жасырмаймын. Ондайда теледидар тыңдап, кітап оқып, өзге орыстілді адамдардың сөйлеу үлгісіне қарап, дағды қалыптастырасың. Ал, бұл ресми тілді білмек тұрмақ, өмірінде бірде-бір орыс ұлтты азаматы ұшырастырып көрмеген оралман бауырларымыздың бұл туралы естеліктері еріксіз езуіңе күлкі үйіреді.
Студент кезде Қытай жерінен келген қандастарымыздың көбімен жақын байланыста болдық. Кейін Алматы қаласына жұмыс іздеп барғанымда олар маған көмегін аямады. Көбіне орталық не көпшілік жерлерге барғада сен орысша түсінесің ғой, бізбен бірге жүрші деп ертіп апаратын.
Бірде саябақта отырғанда қолыма ағаштан-ағашқа секіріп жүрген тиын қона кетті. Сол сәтте Құрманбек есімді оралман жігіт күліп, бет-жүзінің бәрі алқызыл түске енді. Бұның сырын сұрағанда ол:
— Өткен жолы бір топ ауыл жақтың жігіттері болып, бір асханадан тамақ ішкенбіз. Мәзір тізімін алып келіп, сүйікті тамағымыз лағманға тапсырыс бердік. Ас уақытымен келгенімен, оны жейтін заттар келмей қойды. Біз бала күннен таяқшамен тамақтанып үйренгенбіз ғой. Даяшыны шақырып, таяқша сұрасақ, қазақшасы аздау бойжеткен біздің не айтқанымызды ұғып болмады. Болмаған соң біріміз сұқ саусағымыз бен ортаңғы саусағымызды көрсетіп, түсіндірсек те, онымыздан түк шықпады.
Сәлден кейін арамыздағы бір жігіт: «Жігіттер, бізге не керегін білемін. Мұнда таяқша тұтынбайды, есесіне ақа сияқты бір бұйымдары бар. ...Есіме түсті, оның атын да білетін сияқтымын. Әлгі анау бір талдарда жүретін тышқан тұрыпты бір жануар бар ғой, сонымен аттас.
Досымның сөзінің дұрыс екенін топшыласақ та, оның нақты атауын біріміз де білмедік. Сосын асханадағыларға: «Жаңғақжегіш аттас беріңізші», — деп сұрап едік, олар мүлде түсінбеді. Абырой болғанда, біреу әлгі шанышқыны әкеліп берді.
— Неге «шанышқы» немесе «айыр» деп сұрамадыңдар, — дегенімде Құрекең: «Ол ойымызда болмапты» ,— деген сабырлы кейіппен. — Түркістанда жүргенімде онша білінбейтін еді, Алматыға келіп, орысшам оңалып қалды. Жақында бір кәпеге бардық. Сондағы менің тапқырлығымды көрсең, — деп масаттанған кейіп танытып, жеткізбек айын бөліп тастады. Қызықты жайтты білмекке қолқалап, айтпасына қоймадық.
— Жақында алтайлық ағайындар болып Алматының «мен» деген капесінде бас қостық. Көбі үлкен қалаға жаңадан келген студенттер. Олардан жасым үлкен болғандықтан, ағалық ықылас танытпаққа тамаққа шақырдым. Бір жағынан елдің жаңалығын тыңдап, ауылға барып қайтқандай күйге түстім. Сонда тапсырыс беріп, қалаған аспен ауқаттанып болған соң, есептесуде келгенде оның қанша болғанын сұрау туралы кішігірім талас басталып кетті. Үлкендігіме салып: «Сендер тұрғанда даяшыны мен шақырамын ба?» деймін «бөрі арығын білдірмеске» салып. Олар ат-тондарын ала қашып, отырғандардың арасында Қазақстанда басқаларына қарағанда көп болған маған есептесушіні шақыру міндеті бірауыздан ұсынылды. Көп ойланып тұрмадым: «Әписант ышот», — дедім. Даяшы есепті алып келді. Ортасына ақша салдым, біраздан кейін «Башы ыздаш», — деп ауыс ақшаны әкеліп берді. Қалтама салып жатып қарындасқа «Ыспасиба» деп ілтипат білдірдім.
Мұны көрген қасымдағылар: «Мә, үндемей жүріп, орысшаны сояды екенсіз ғой», — деді», — деп әңгімесін аяқтады.
Алтайдың арғы жағынан келген досымыздың бірі Ғылымғазы есімді азамат еді. Сол бір жолы Алматыға барып, дүңгіршектің бірінен темекі сұрағанында оның жоқ екенін жеткізген сатушыға ұсақ ақша ұсыныпты. Сатушы орыс тілінде ешқандай мүмкіндігі жоқ екенін, бір талы да қалмағанын айтақанда, тыңдамай тағы да сондай ақша берген көрінеді. Бұл әрекетке таң қалған сатушы қазақшалап: «Оралмансың-ау деймін», — десе, досым: «Иә», — деп жауап беріпті. «Қай жерден келдің?» — десе ойланбастан: «Ресейден»,— дей салыпты. Дүңгіршектегі әйелдің көзі шарасынан шығардай болып: «Қалайша, Ресейден келіп тұрып, орысша түсінбей тұрсың?» — десе: «Неге болмасын. Қазақстанда тұрып, қазаша білмейтіндер сияқты, онда тұратындардың қатарында да орысша білмейтіндері болған да» , — деп тұқыртыпты.
«Ұялған тек тұрмас» дегендей, әлгі апай жігіттің ісіне ризашылық білдіріп, кешірім сұраған көрінеді.
Сол Ғылекең қазір Ресей мен Қазақстан арасында құрылыс заттарын сатумен айналысып жүрген белгілі кәсіпкер.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА