Оқушыларға тегін сағыз таратқан қазақстандық компанияның басы дауға қалды
Шымкент мектептерінде сағыздан уланған балалар туралы жалған ақпарат таратушыларға қатысты тергеу шаралары жүргізілуде. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Әйгерім Жұмағұлова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әйгерім Жұмағұлованың сөзінше, әлеуметтік желілерде және WhatsApp мессенджерінде балалардың уланғаны туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат тараған.
Атап айтсақ, «Қаладағы мектептерде оқушыларға белгісіз жастар "Бибо" деп аталатын сағыз таратып, салдарынан балалар уланған. Оқиға 1,7,47,80,87-мектептерде болған. Ата-аналарды балаларына мұқият болуға шақырып, бөтен адамнан сағыз, тәттілер алмауды ескерткен. Балалар естерінен танып, есірткілік затқа уланып қалған, жедел жәрдем шақырылды», деген мәтінде хабарлама тарап жатыр.
Осы хабарлама тарағаннан кейін оқиға орнына қалалық білім бөлімінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылары, ішкі істер қызметкерлерімен бірге аталған мектептерге барған. Алайда, ол жерлерде улану жайты анықталмаған. Барлық оқушы сабақтарында болғаны, олардың ата-аналары балаларының уланбағанын жеткізген. Қазір әкімдік тарапынан жалған хабарлама таратқандар анықталуда.
Бірақ, мәлім етілгендей, мектептердің аулаларында "Бибо" сағыздары расымен де таратылған.
«Сағыз таратқан компанияның адамдары анықталды. Олардың барлығы "NURTAU Distribution company" компаниясының қызметкерлері. Компанияның "Бибо" маркалы сағыз бен кәмпиттеріне сай барлық сертификаттары бар. Мектеп оқушыларына сағыз таратып, өздерінің мерейтойларын атап өтпек болған. Қазір құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізуде», - дейді Әйгерім Жұмағұлова.