Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шаңырақтың түтіні түзу ұшсын

Шаңырақтың түтіні түзу ұшсын

«Еркекке жүрек керек, әйелге тірек керек» деген Әзілхан Нұршайықовтың сөзі бар. Мұны неге айтып отырмыз? Себебі бүгінгі қоғамдағы ер мен әйел теңдігі көпті толғандырып жүр. Кешегі қазақ азаматтары мен нәзік жандыларын бүгінгі және болашақтағысымен салыстыратындар да арамызда. Сонымен қатар олардың алшақтығы ұрпақ келешегіне алаңдайтын әрбір жанды ойландырады. Шындығында еркек пен әйел деп бүтін адамды екіге бөлуге бола ма? Бүгінде олардың қандай айырмашылықтары бар?
Бұл сұрақтар төңірегінде көтерілген мәселелердің соңы көбіне отбасыға әкеп тірейді. Өйткені бір шаңырақ астындағы айрандай ұйыған ер немесе әйел заты үйдегі өз орнын білмей, ақырында арты үлкен дауға айналады. Әрине ұрыстың басталуына себеп көп. Ол туралы тоқталудың өзі артық. Себебі осы турасында біршама жағдайларды күнделікті қоғамда көз көріп, құлақ естіп жүр.
Шындап келгенде «әйел теңдігі» мәселесін қанша даурықтырғанмен жаратылыс тұрғысынан ер мен әйел тең емес. Әрқайсысы өзіне тән қасиеттерімен ерекшеленеді. Егер бір-бірінен ешбір айырмашылығы жоқ өзара тең жаратылыс болғанда, Құдай Тағала еркек-әйел етіп бөлмей, бәрін біркелкі жаратар еді. Олар табиғатындағы өздеріне тән ерекшеліктерімен екеуі бірін-бірі толықтыра түседі.
Қазақта «Екі жарты бір бүтін» деген нақыл сөз қалған. Бұл нәзік жандылар денедегі жүрек болса, азамат ақыл іспетті екенін меңзейді. Ал жүрек ақылсыз, ақыл жүрексіз ғұмыр сүре алмайды. Екеуінде артық деп айту мүмкін емес. Өз міндеттерін толық атқарған кезде ғана дене дұрыс қызметін жалғастыра береді десе, екіншісі «Оларың бірі жоғары, яки төмен деу, дұрыс емес. Әрқайсысының қоғамдағы өзіндік рөлі бар. Әрбірі соны тең жасаған кезде ғана мінсіз қоғам бола алады». Нақтысында осындай пікірді алға тартушылардың көпшілігі бұрымдылар қауымы екен. Қалай ойлайсыз, бұлай айтылған ой дұрыс па?
Сырдың ақыны Тұрмағанбет:
Әйел көктен түскен жоқ,
Ол – еркектің баласы.
Еркек жерден шыққан жоқ,
Әйел оның анасы, – дегендей екі жыныс өкілінің өз орны бар. Кей тұстарда бірі асып түсіп, екіншісі одан төмен тұрады. Мысалы, ер адам қанша тырысса да нәзік жандылар секілді дүниеге бала әкеле алмайды. Өйткені тоғыз ай қабырғасы қайысып құрсақ көтерудегі сабыр, толғақ кезіндегі өліммен арпалысатын қайсарлылық – тек әйелге тән ерлік. Ер адам сәбиге олар секілді түн ұйқысын төрт бөліп, қарай алмайды. Бала тәрбиесінде де әйелдегі мейірімділік пен ептілікті еркек көрсете алмайды. Балабақшадағы тәрбиешілікке көбіне-көп қыз-келіншектердің алынуы осының айғағы. Міне олар өз табиғатындағы осындай қасиеттерімен бағалы.
Ал еркектер ше? Олардың әйелдерге қарағанда дене бітімі жағынан күштілеу келеді. Жауға қарсы шауып, ел қорғау секілді басқа да ауыр жұмыстарды солар атқарады. Дер кезінде шешім қабылдау жағынан да әйел затынан анағұрлым алда. Бұған мысал ретінде нәзік жандылар көлік айдап келе жатып, кенеттен бір жағдайға тап бола қалса, көбінесе рөлді жіберіп, бетін басады екен. Ал ерлер салқынқандылық танытып, жағдайдан шығудың амалына көшеді. Сондықтан болар «әйелдер теңдігі» деп ұрандататын батыстықтарда ғасырға жуық уақыт өтсе де, әлі күнге дейін ұшақ жүргізетін әйел заты жоқтың қасы. Неге? Себебі ұшқыштық – дер уақытта шешім қабылдауды, батырлықты талап ететін аса қиын мамандық. Сол себепті де олардың көпшілігі жолсеріктікті таңдайды. Әлем басшыларына қарасақ та көбінесе көзге еркектер түседі. Мұның өзі табиғи көрсеткіш. «Мұндай істерді әйел адам мүлдем істей алмайды» деуден аулақпыз. Кейбір еркектерді он орап алатындары да кездеседі. Дегенмен басшы болуға деген ептіліктің басым бөлігі ер азаматтарда.
Шыны керек, қоғамда «менің еркектен қай жерім кем, өзімді өзім асырай аламын» деп желігіп жүрген әйелдер кездеседі. Бұлардың отағасына тәуелді болуды жаны қаламай дала кезуі де ғажап емес. Осындай жеңіл ойдың жетегінде кететін кейбір арулар кейіннен өкініп, бармақ тістейді. Отбасы ошағынан түзу шыққан түтінін емес, өзіне қажетті өмірлік күтімді қалайды. Негізгі айтпағым да осы. Мансап қуып, барлығын кейінге қалдырып, бастаған кәсібін жарты жолдан тастағысы келмейді. Осылайша кеш тұрмысқа шығып, «барлығын өзім жасаймын, осыған дейін өзім де күн көрдім» деген жеңіл ойдың жетегіне ереді. Көпбалалы ана атанудан бас тартып, бір баламен шектелгісі келеді. Соның салдарынан болар, бұрынғының қариялары мен ақжаулықты аналар бүгінгі келіндерге көңілі аса тола қоймайды. Әрине барлығына емес.
Ертеректе әйел сырттың жұмысында болып, еркек үй ішінде қалатын болса, халық ержігіттерді қатаң сөккен. Себебі ер азамат – үйдің панасы, қамқоршысы, асыраушысы. Ал әйел заты қат-қабат шаруалардың бел ортасында болып, үй шаруасы, бала күтімі, отағасының жағдайы сынды жағдайларға бас қатыруы тиіс. Тіпті отбасында көп істің басын қайыру оларға бұйыра бермеген. Ескінің көзімен қарасаңыз, бұрынғы оқиғалар осылай орын алған. Бертін келе әйел қауымы жігіттермен тең болып жүрген жөн деп, байбалам салушылар саны артты.
Бір мемлекетте екі президент, бір көлікте екі рөл, екі жүргізушінің болмайтыны секілді кішігірім мемлекет, яғни отбасында да бір басшы болуы керек. Әйтпесе үйдің берекесі қашуы ғажап емес.
Бір жақты пікірді ғана ұстана алмаймыз. Тек әйел заты ғана барлығына кінәлі деп айтудың өзі артық. Бұл ретте еркектер қауымының да айыпты екенін айта кету керек. «Мен ер азаматпын» деген ұғымды теріс пайдаланып, шаңырақты шайқалтып жүргендер қаншама?! Отағасы екенмін деп дөрекілікке, «мен айттым, болдыға» салынбай, басқа түскен қиындықты өзара түсіністікпен, ақылдасумен шешкен жөн. Алайда әйелдерде бұл тұрғыда еріне бағынғаны дұрыс.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде «Сендердің ең ізгілерің – әйелдерімен жақсы мәміледе болғандарың» десе, бірінде «Артында қалған күйеуі өзінен разы болған күйде жан тапсырған әйелдің барар жері – Жұмақ» деп ол екеуін өзара рухани түсіністікке шақырған.
Байқасаңыз, біз қозғап отырған тақырып біраз жерді шолуды қажет етеді. Бұл тұрғыда айтылар пікір де сан алуан. Бастысы ертеден қалған үрдістен солай көп шаңырақтың түтінін түзу ұшыруға талпынатындар қатары көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
15 сәуір 2020 ж. 1 534 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031