Жетес бидің жас туралы айтқаны
Жетес бидің жасы сексен екіге толған шағы екен. Бұл кезде бидің денсаулығында біраз кінәрат орын алып, көзінің көру қабілеті нашарлапты. Солай бола тұра, бұрынғы өнегесін алған азаматтар ауыл-аймақтың тойына арнайы хабар беріп, көлік жіберіп алдырыпты. Сондай маңызды жиынның біріне шақырылған Жетестің жағдайын көрген төртқара елінен Жағал деген беделді кісі оған мынадай сұрақ қойыпты:
– Жетеке, сексеннің екісіне келдіңіз. Сексен жасыңыздың әр он жылын бір белеске қойған да, сегізінен асқан екенсіз. Осы белестерді неге теңер едіңіз? – дейді.
Сонда Жетес қария ойланып отырып:
– Шырағым, Жағалжан, мен он жасымда ойнадым, асық аттым, топай тарттым, ойынның қызығына тоймадым, жиырмада әр нәрсені ойладым. Қыз-келіншекке қырындадым, өз бетімше ұрынбадым. Барымды бойға киіндім, сұлу қызға шүйілдім. Отызға келдім, жігіттің нағыз нар болатын кезі екен. Қанша жүк арқаласам да көтердім, дос-жаранның назын ескердім. Тағы бір қызыл түлкі болдым, қыран бүркітке алдырмадым, құмай тазыға шалдырмадым, үлкенді сыйладым, кішіні қимадым, сөз маржанын жинадым. Қырыққа келдім, ақ алмастай жарқылдадым, арғымақтай аңқылдадым, ақ иық қырандай шаңқылдадым, аққан дариядай сарқылмадым, алдымнан шешусіз дау өтпеді, сөз кезегі келгенде маған адам жетпеді. Елуге келдім, елу дегенің де бір төбе екен. Басына шықтым, жан-жағыма қарадым. Сөйтсем, әлгі төбем қарға жер екен, алды-артыма көз салдым, бірақ қай жағы алыс, қай жағы жақын біле алмадым. Тәуекел деп тағы алға өрледім. Алпысқа астым, алты тарау жолға түстім, сонда да адаспадым, алжаспадым. Жетпіске келдім, жеңілгенімді білдім, билікті балаға бердім, айтқанына көндім, айдауына жүрдім, қатар-құрбым азайды, көре алмаймын маңайды, аяққа тұсау түсті, еркін жүре алмаймын, тілге бұғау түсті, еркін сөйлеп, күле алмаймын. Енді, міне, сексенге келдім, келін мен бала басым болды, атала асым болды, кемпір қасым болды, екі көзден қалдым, көзден қалған соң сөзден қалдым, жан-жағыма қарамаймын, күнімді санамаймын, алдым – терең құз, артым – биік жар, сол жағым – су, оң жағым – ну екен.
Е, е, Жағалжан, енді менің қанша өмір сүретінімді бір жаратушы Алла Тағала өзі біледі, – деген екен.
Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ