Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Аманат

Аманат

Арқадан соққан қара суық ауылдың адамдарын бүрсеңдетіп, азғантай малды қорадан шығармай тастағанына екі күн болды. Сумаңдай соққан суық жел далаға шыққандардың қойны-қонышына қалтырата кіріп, қолындағы қолғап пен бетін көлегейлеген шүберек орамалды бұйым көретін емес. Төбесі жайдақ, қалың қамыспен жабылып, топан лаймен бастырылған жолым және жертөле үйлер жыңғылдың шоғы болмаса жалпылдақ изен мен қамыс отынның жалынына жылып жарытпайды. Ит екеш ит те құйрықтарын бұтына қысып, ықпана іздеп, селдіреген қамыс қоралардың қалыңдау жерін паналайды. Жер қатпай тұрып өздері қазып алған, немесе пысық иелері жерден қазып берген кетектерінде жатқан иттер әнтек дыбыс шықса тұмсықтарын да шығармастан маңқ-маңқ етіп үрген болады.

Жолым үйдің көне киізбен қапталып, сыртына кенеп қап қағылған ауыр құранды ағаш есігі сықырлап ашылды. Даланың суығын өзімен ала кірген әйел қолындағы бір бау нар қамысты сүйрете кіріп ошақтың жанына тастап, шоғы көмескілене бастаған қоламтаны үрлей бастады.
Қызарған шоқтың үстіне ошақтың жанында жатқан изеннің құрғақ жалпылдақтарын салып тұтатып алды да, нар қамыстың қос уысын отқа ысырды. Сәл бықсыған қамыс сәлден соң мұржадан жұлқи тартқан желдің күші мен «гүр» етіп, күш алып, жүре берді.

Осы кезде үйге бүрсеңдей бас сұққан қыз бала:
– Күннің райы жаман. Байжан көкем болмағанда суаттан су алу да мұң еді. Көкем «Сиырға енді суды жылытып беріңдер. Қарап тұрмасаңдар, бұзауын қатырып аласыңдар, жылы қора дегенмен түн қатты суық болып тұр. Тоқсанның шығуы ғой. Шапқан жыңғылдарыңды бүгін тасып алыңдар, ұзамай қар жаууы мүмкін» деп ескертті, – деді.
Бұлардың дауысынан оянды ма, жоқ ұйықтай алмай жатыр ма, пешпен бөлінген екі бөлменің төрінде жатқан кісінің:
– Балалардың анасы-ау, шайың қайда? – деген шаршаңқы дауысы шықты.
– Қазір, отағасы. Қыздардың тамағын берейін. Өзің ұйықтай алдың ба? Түнімен жөтеліп шығып едің? – деген ұзынша бойлы, ақсары жүзді әйел төргі бөлмеге өтіп, пештің түбіндегі көрпеге оранып жатқан орта жасты еңсерген жігіт ағасына беттеді.
– Үйреншікті жөтел ғой. Ақашжан қайда? Жаңағы түйенің жылы сүтінен кейін кішкентай көзім ілініп, бойыма қуат енгендей болды. Енді табананың мен түйенің сүтін қатқан қою шайың болса, қанекей, – деп шаршаңқы жүзіне күлкі үйірілді.
Біраздан бері түнемелік ауыз жапай жөтеліп, шаршаңқырап жатқан отағасының бұл қылығына, әйелдің жаны жадырап, жүрісі де жеңілдеп кетті.
– Ақашжанды Күнзипаның үйіне апарып қойдым. Азанғы кезде бөлме салқындау болды. Үйге жағатын отын кіргізуге кеткенде сенің мазаңды алмасын дегенім ғой. Төлеген бала жан ғой, өбектеп жатыр. Бүгін жұмысқа шықпапты.
– Ә ә, ... дұрыс екен. Онда шайыңды қамдай ғой.
Табананға қолдан шайқалған айранның сары майын жағып жеп, түйенің қою сүтін қатқан күрең шайды терлеп-тепшіп ішкен отағасының жағдайын көрген шаңырақтың отанасының жаны жайланғандай болды.
– Балалардың анасы-ау, әлі кеш батқан жоқ. Түн болса ұзақ. Кешегі Қазалыдан келген тұздалмаған жас етті қазанға сал. Көршілерді шақыр. Менің көңілімді сұрай келгенмен дәм тата алмай жүр. Құдайға шүкір, бүгін жақсымын. Қауқылдасып отырайық.
– Әрине, әрине ... Менің де ойымдағы нәрсе. Сен мазасызданғасын бата алмай жүр едім, – деп орнынан жеңіл тұрған әйел ауызғы бөлмеге өтті.
Тамаққа дейін де, тамақтың үстінде де отағасы өрбіген әңгімеге араласып, көңілді отырды. Әйелдер шығып кеткенен кейін:
– Бері жақындаңдар. Менің сендерден артық жақыным жоқ. Жаңабай болса Қазалыда. Жұмысы бар, бала-шаға асырау оңай ма? Тоқсанның шығуы, Алланың ұтырлы күні шығар, олай-былай болып жатсам мені Көлбай атаның биігіне шығарыңдар. Сендерге өтінішім осы. Байжан, сен Жаңабаймен хабарласып отыр. Мынандай шақта ағайындардың бәрін дүрліктірмей-ақ қойыңдар. Бұйырғаны болар, – деп сөзінің соңында булыға жөтеліп қалды.
– Ой, Реке... – деп келе жатқан Байжанға – Болды болды, шайға барыңдар, – деді.
Сол түні ұшқындап басталып, түн ауа жапалақтай бастаған қар екі күн үзбестен жауды. Үшінші күні таң ата сырқат әлсірей бастады. Аяқ жетер жердегі ағайын-туыс жиналып, қамдана бастағанда, түс ауа жапалақтап жауған қар толастады да, соны күткендей отағасы да ақиреттік сапарға кете барды.

Жедел жерлеудің қам-қарекеті жасалып, шілдеханасында марқұмның тілегі еске алынды. Бекбауыл мен Көлбай ата биігі онша қашық болмағанмен екі күн толастамай жауған қар айналаны теп-тегіс етіп басып қалған. Ой-шұқыры белгісіз. Оның үстіне «Қар жауды деп қуанба, артының болар аязы», – дегені тағы бар. Отырған ағайын, туған-туыс, көршілер бастарын көтерместен «ертең шығарар кезде көрерміз», – деп тарасты.

Ертеңгісін күн ашық болды. Бірақ қытымыр, бет шымшитын аяз бар. Кеше кешкіліктен бері көрші-көлем болып тазалаған шағын шарбаққа жаназа намазына қатысатындар жинала бастады.

Сол кезде боздаған нардың дауысы шықты. Жиналғандар шарбақтың алдына келген шананы, түйенің бұйдасын ұстаған Байжанды көрді. Баласындай мәпелеп, үкілеп отырған, жақында ғана боталаған, бір үйдің асыраушысы, балаларының ауызын аққа жарытқан жалғыз нарын сыйлас ағасының аманатын орындау үшін жетегіне алып келген азаматқа марқұмның туыстары ғана емес, ауылдастарының бәрі риза болды. Шаруа жайын білетін бір-жар ақсақалдар «Қалың қарды жарып жүру ауырлау болады-ау, сүті қайтып кетпесе неғылсын», – деп бастарын шайқасты. Мал иесі оны білмей тұрған жоқ. Нақтылап өзіне айтпаса да, сыйлас ағасының аманатына қиянат жасағысы келмегендіктен, «малым, азаматтық арымның садағасы» дегендіктен осылай жасаған еді.

Жаназа намазы шығарылып болғаннан кейін марқұмның арулап жуылған денесі түйе шанаға салынды. Сол кезде Байжан анасының жанында тұрған төрт жасар баланы шананың жанына алып келіп, түйенің бұйдасын баланың қолына ұстатып:
– Реке, міне Ақашың бұйда ұстауға жарады. Соңғы сапарыңа өзі шығарып салып тұр, бақұл бол, – деп балаға нарды жетектетіп шарбақтан шығарды. Түйе шанаға ерген ер азаматтар ұзай бастағанда, үйдегі дауыс шығарған жандармен қатар боздаған ботаның үні де естіліп тұрды.

Ертеңгілік аязбен қатқылдана бастаған қарды күтірлете басқан нардың ізінен қинала қозғалған түйе шана Көлбай ата биігіне беттеді.

Р.S: Бұл Байжан атты көкеміздің азаматтығы арқасында әкемнің соңғы аманаты орындалған 1952-дегі Ұлу жылының қатал қысы болатын.

Құдайберген ЕСЕКЕЙ,
Әйтеке би кенті
16 шілде 2019 ж. 1 305 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 53

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930