Астана күнінде туғандар
6 шілде – Қазақстан Республикасының астанасы – Нұр-Сұлтан қаласының туған күні. Бұл қазақ елі үшін маңызды мерекенің бірі. Осы орайда айтулы күнмен тұспа-тұс өмірге келген қазалылық жастармен жүздесіп, пікірлескен едік.
Әке мен бала мерейі
Қазалы қаласының тұрғындары Алтынбек Піржанов пен ұлы Дамир де 6 шілдеде туған.
«Мен 1988 жылы туғанмын. Кейіннен менің туған күнімде Астана күні тойлана бастады. Әрине қуанышты жағдай. Атаулы күнмен тұспа-тұс меншікті мерекесін атап өту адамның бәріне бірдей бұйыра бермейді. Осыдан үш жыл бұрын шілденің алтыншы жұлдызында өмірге ұлым Дамир келіп, қуанышымыз еселене түсті. Қос той қабат келген бұл күннің отбасымыз үшін маңызы зор.
Баршаны мерейлі мерекемен құттықтаймын. Арадағы жиырма бір жыл ішінде астанамыз – Нұр-Сұлтан қаласы қарыштап даму үстінде. Одан әрі гүлденіп, халқымыз бейбіт аспан астында бақытты, шат-шадыман өмір сүре берсін», – ол қуанышты кейіппен.
Келешегі кемел ару
Үміт Дымберген – Кәукей ауылының тумасы. Ол 1998 жылы 6 шілде күні дүние есігін ашқан. Отбасындағы төрт қыздың кенжесі. Биыл Орал қаласындағы Махамбет Өтемісов атындағы мемлекеттік университетті бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдады.
– Ұстаз болу – бала күнгі арманым. Қызыл диплом иегері атанды. Әсем қала Астанамыздың туған күні өмірге әкелген әуелі Аллаға, ата-анама алғысым шексіз. Туған күнімді дәл осы күні тойлайтынымды мақтанышпен айтамын. Жыл артқан сайын жаңарып, жасарып, көріктене түскен елорданың болашағы зор. Келешектен менің де күтерім көп. Өз ісімің нағыз маманы болып, елдің өркендеуіне үлес қосқым келеді, – дейді Үміт Сағидуллақызы.
Егіздер өміріндегі ерекшелік
Ү.Түктібаев ауылындағы Сахиевтер отбасында Нұрсұлтан және Сара есімді егіз ұл мен қыз тәрбиеленуде. Олар 2000 жылдың 6 шілдесінде дүниеге келген. Бүгінде Алматы жоғары медициналық колледжінде Нұрсұлтан – фельдшер, Сара – медбике мамандығын алуда. Екеуі де грант негізінде оқиды.
– Аудандық перзентханада босандым. Гинеколог-дәрігер Адия Айтчекова: «Бүгін Президент Н.Назарбаев 60 жасқа толып отыр. Осындай ерекше күні кіндігі кесілген бұл ағайындылар келешек елдің мақтанышына айналсын. Есімдерін Нұрсұлтан мен Сара деп қояйық», – деді. Көңілін жықпадық әрі бізге де ұнады. Сөйтіп Нұрсұлтан мен Сараның ата-анасы атандық. Қуаныштан болса керек, жұбайым Қазпошта арқылы Елбасына «Сіздің туған күніңізде егіз балалы болдым. Құрметтеріңізге есімдеріңізді қойдым» деген хат жолдапты. Арада екі ай өткенде Президент Н.Назарбаевтан арнайы құттықтау келді. Қазір үйде сақтаулы,– дейді аналары Күләй.
Егіздердің сыртқы келбеті де мінездері де екі бөлек. Нұрсұлтан сабырлы, көп сөзге жоқ. Ал Сара ашық әрі көңілді қыз.
– Сыңарымның түрі де, жаратылысы да әкеме тартқан, мен анамнан аумаймын. Ерке Есіл жағасындағы Астанаға биыл 21 жыл толды. Бұл ел өміріндегі аса ірі тарихи оқиға, қазақ халқының мерейлі мерекесі. Қазақстан, Астана атаулары егіз ұғымға айналып кетті. Сарыарқа төсінен бой көтерген көрікті шаһар бүгінде елдің мақтанышына айналды. Біз бас қаланың туған күнімен қатар келетін қуанышты күнімізді қос мереке ретінде отбасымызбен үнемі атап өтеміз,
– дейді Сара Әмірқызы.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА