Ұлық мейрам ұлықталды
Жылдағы дәстүр бойынша отыз күн ораза аяқталысымен «Жанқожа батыр» мешітінде ертемен Айт намазы оқылды. Жиналғандарды аудан әкімі Мұрат Ергешбаев мұсылмандардың ұлық мейрамымен құттықтады.
– Айлардың төресі, күллі мұсылман баласы үшін қасиетті Рамазан айымен қоштасатын күнге де жеттік. Елдегі барша мұсылмандар күннің ыстығына қарамастан, Рамазан айын жақсы ниетпен, оразамен өткізді. Кездескен қиындықтарға сабыр етіп, Алланың разылығына ұмтылды. Осы берекелі айда мешіттерде ауызашар мен қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына көмек көрсетілді. Сауабы мол жақсы істерге үлес қосқан жерлестеріме өзімнің және аудан тұрғындары атынан Алла разы болсын.
Жаратушымыз қасиетті мерекеде тәуелсіз елімізге, бауырмал халқымызға шапағатын жаудырсын. Ел болып бастаған игі істерді қолдап, келешегімізді жарқын етсін деп тілеймін. Әрдайым еліміз аман, жұртымыз тыныш, болашағымыз жарқын болсын, – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов Ораза айты адамдардың жан дүниесін, сана-сезімін, көңілін қуанышқа бөлейтін, кірбіңнен тазалайтын ұлық мереке екендігіне тоқталды. “Келесі Рамазан айына дейін иманымызды нығайтып, алдағы жылда аман-есен жүздесуге жазсын,” – деген ізгі тілегін жеткізді.
Айт мерекесіне орай «Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы Берік қажы Сүлейменов жамағатқа мешітке келу әдебін түсіндіріп, терең мағыналы уағыз айтты. Айт намазы оқылып, көпшілік мерекелік дастарқаннан дәм татты.
А.ЖИЫЛЫСҚЫЗЫ