Алла үйіндегі ауызашар
Өткен жұмада Әйтеке би кентіндегі «Жанқожа батыр» мешітінде аудандағы той саласында қызмет етіп жүрген жандар ораза ұстағандарға ауызашар берді.
Жастардың қасиетті Рамазан айындағы ауызашар өткізу бастамасын қолдаған мәдениет саласының майталманы Кенже-Әлі Асқар үстел басындағы әңгімені де өзі бастады. Әрине, дастарқан басында бірлік, сабырлылық туралы толғамды пікірлер айтылды.
Алдымен «Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы Берік қажы Сүлейменов:
– Қадірлі жамағат! Сіздерді ұлық мереке – Рамазан айымен құттықтаймын. Рамазан – айлардың сұлтаны. Сондықтан да бұл айда мұсылман жамағаты Құранды әдеттегіден де көбірек оқып, әдеттегіден де көбірек зерделеп, ілімнің тұнығынан сусындай түскені абзал делінеді. Сіздер де осы ораза талаптарын бұлжытпай орындайтындарыңызға сенімдімін. Осы қасиетті айда жүрегінде иманы бар азаматтар мұқтаж кісілерге қарайласып, қол ұшын созып, сауап алады. Істеген жақсылықтарыңызға Алла разы болсын, – деген ол қасиетті Құран аяттарын оқыды.
Сондай-ақ, кең жайылған дастарқан басында Қызылорда қаласындағы Айтбай мешітінің найб имамы Рахат Ахметов, еңбек ардагері Мұқараб Табынбаев, марқұм адуынды ақын Абдулла Сапардың анасы Гүлжахан Байбөлекова, Байқоңыр қаласынан келген Бауыржан Садықов игілікті істі ұйымдастырушыларға алғысын айтса, Ботабай Рыстығұл ақсақал ақ батасын берді. Сонымен қатар, имандылық шарасын өткізуге ұйытқы болған жандар мәдениет саласында аянбай еңбек етіп, бұл күнде марқұм болып кеткен бірқатар азаматтардың рухына арнап құран бағыштады.
Табақ тартылып, ас қайтарылып болған соң Кенже-Әлі Асқар бастаған азаматтар “Жанқожа батыр” мешіті жанындағы қайырымдылық қорына 20 мың теңге ақша беріп, тағы да бір ізгіліктің үлгісін көрсетті.
Ауызашарға жиналғандар: “Осындай дәмге толы дастарқан басында ұйымшылдықпен, ауызбіршілікпен бас қосуымыздың өзі – Тәуелсіз мемлекетіміздің арқасы. Еліміз тыныш болсын. Рамазаннан Рамазанға аман-есен жете берейік!”, – деген тілекпен тарқасты.
Жеңісбек СОВЕТҰЛЫ