Талдардың күйі тайып барады...
Көзі қарақты, шариғаттан хабары мол жаннан «Уәде – Алланың алдында пендеден сұралатын басты жауапкершіліктің бірі» дегенді естігенім бар. Мән-мағынасы кім-кімге де «Шама-шарқың жететін нәрсеге уәде бер. Сөз бердің бе, орындалуына күш сал» дегенді аңғартатыны анық.
Әңгімемізді мұндай сарында бастауымыздың өзіндік себебі де табылады. Әрі қозғалған мәселе де жеке бастың мүддесі емес, көпшілікке ортақ жайт. Біз тұратын Сырым батыр¬ көшесі Әйтеке би кентіндегі іргелі көшелердің бірі саналады. Аталмыш кенттің ажары жылдан-жылға көркейіп, көлденең жүрген жолаушыға жақсы әсер қалдыратыны жалған емес.
Пірімов көшесінің бойындағы салынған нысандар, түнгі жарықпен безендірілуі де көңілден шығады. Кешкі мезгілде көкке самғаған субұрқақтың жанында асыр салған бүлдіршіндердің шат күлкісін естігенде іштей шүкіршілік жасап, бейбіт заманның бұзылмауын, көк аспанды соғыс бұлты торламауын Жаратқаннан іштей тілейсің. Мұнан өзге бірқатар көшелерде де жөндеу, басқа да шаралар қолға алынған.
Десе де, орталықтағы осынау Пірімов көшесімен қиылысатын Сырым батыр көшесінің сұрықсыз кейпі қарын аштырады. Әлденеше жыл бұрын қиыршық тас төселді деген аты ғана. Нақты кезеңде көшедегі қиыршық тасты қолыңа майшам алып іздесең де таппайсың. Жауынды-шашынды күндері көлік тұрмақ жаяу адамның жүруі қиын. Түнгі жарық атымен жоқ. Түнемелік бір жерге жаяу бару қажеттілігі туындаса түртінектеп, қос қапталдағы Пірімов немесе Бөріқұлақов көшесіне жеткенше асығасың. Бұл көшелерге түс¬кенде өзіңді тозақтан жұмаққа шыққандай сезінесің десем, артық болмас. Бұл мәселе көптен бері қозғалып жүр. Тіпті одан бері бірнеше мәрте кент, аудан әкімі өзгерді. Алайда бұл тақырып сол күйі тоңы сірескен қалпы тұр. Осы жылдар аралығында құзырлы орындардан талай көңіл жұбатар сөз де естідік. Бірақ... құрғақ сөз жұбаныш болмайды екен. «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде тұр.
Аяқсу да кейінгі кезде тым күрделі халде. Жарайды, су жайы баршаға ортақ мәселе деуге болар еді. Алайда біз ағайыншылыққа салынғанмен, көше бойына егілген азды-көпті жасыл желектердің күйі тайып барады. Сырым батыр көшесінің аяқ жағына отырғызылған осынау саялы талдардың бірқатары мекеменің емес, Ерсайын есімді жеке тұрғынның еңбегі екені көрші-көлемге жақсы мәлім. Қысы қытымыр, жазы аптап Қазалыда тал егу, көркейтіп, көгалдандыру ересен еңбекті талап етеді. Ал көше бойын өз еркімен, ақы-пұлсыз көгалдандырып жүрген Ерсайын ініміздің талабы қандай мақтауға да лайықты. Енді сол жасыл желектер өлмешінің күйін кешуде.
Осы жайтты біршама уақыт бұрын кент әкімінің орынбасары Қайрақбай Орынбасаровқа білдірген едік. Қайрақбай Жақсыбайұлы су мәселесінде кедергі кездесіп отырғанын айтып, бүгіннен қалдырмай аяқсу барады деген уәде берген еді. Міне, Қайрекеңнің де сөзіне бүгін (31.07.2018 ж.) тура екі апта толды. Су әлі жоқ. Мүмкін, бұл жерде каналды жөндеу, тағы басқа жұмыстар жүріп жатуы да. Сонда кент әкімінің орынбасары Орынбасаров неге асығыс уәде берген?! Егер шындықты айтып, жағдайды түсіндірсе кім жазғырар еді?! Осындайда «Шындықтың жүгі ауыр. Оған бәрі бірдей тәуекел ете алмайды» деген халық даналығы еске оралады.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ