Молшылық жолындағы мерейлі міндет
Айнала қытымыр қыс құрсауынан арылып, ортамызға көгілдір көктем оралды. Сонымен бірге егістік басындағы қат-қабат шаруалар басталды. Осы саладағы алдағы тұрған мақсат-міндеттер қандай? Бұл жөнінде аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Өміртай Өтеп-Әлімен тілдесіп, мәселенің мән-жайын білген едік.
Егінші – жылда арманда, балықшы – күнде арманда. Бұрынғылардан жалғаса жеткен ұлағатты сөздің салмағын терең ұғынып, үкілеген үміттерін жалаулатқан ауыл еңбеккерлері кезек күткен көктемгі маусымдық жұмысқа жұмылған жұдырықтай ұйымшылдықпен кірісіп отыр.
Бөлім басшысының мәліметіне сүйенсек, үстіміздегі жылы аудан көлемінде ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру 17329 гектар болып белгіленген. Осының ішінде егістікті әртараптандыру бағытына айрықша назар аударылған. Нәтижесінде жаздық бидай 82 гектарға, арпа 89 гектарға, мал азығындық дақыл 29 гектарға ұлғайтылып, аудан бойынша 631 гектар бидай, 192 гектар арпа, 2490 гектар жоңышқа егілді.
«Әрекет түбі – берекет» демекші ілкімді істің басында жүрген мамандар молшылыққа негіз қалайтын – егіс науқанына дайындықты ешқашан естен шығармады. Осыған байланысты атқарылатын тірлікті тындырымды орындауға күш салынды. Ыждағаттылық пен ынтымақтың арқасында 2003 тонна күріштің, 120 тонна бидайдың, 41 тонна арпаның, 26,5 тонна жоңышқаның, 19 тонна мақсарының дәндік тұқымы дер кезінде тазаланып, себу дәрежесіне жеткізілді. Өткен күзде 6705 гектар сүдігер жырту қамтамасыз етілді.
Сондай-ақ егістің агротехникалық шараларын жүзеге асыру үшін 3867 тонна тыңайтқыш, 5168 литр гербицид пайдалану жоспарланып, бүгінгі таңда 3227 тонна тыңайтқыш әкелінді. Ал гербицид жөнінде шаруашылықтар тарапынан жеткізушілермен алдын ала келісімшарт жасалғандықтан, мамыр айының басында толық жеткізілетіндігі жөнінде уәделестік бар.
Қандай шаруашылық құрылымдарында да берілген тапсырманың мезгілінде бітуінде әртүрлі қуатты техникалардың алар орны бөлек. Онсыз егіс даласының келімі де келіспейді. Сондықтан да қауырт науқанға қатыстырылатын 138 трактор, 11 жүк көлігі, 55 соқа, 22 дән сепкіш, 55 трактор тіркемесі жөндеуден өтіп, сақадай сай әзірлікке келтірілді. Қажетті механизмдерге тұтынатын дизель отынының лимитіне 1375 тонна бөлініп, жеткізіп беруші оператор «Нефтьтранс – Қызылорда» ЖШС белгіленді. Әзірге жанар-жағар майдан іркіліс жоқ.
«Су – тіршілік нәрі» екендігі кім-кімге де түсінікті. Белгіленген жоспарға сәйкес дақылдар орналасқан алқапты суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесі де шешілді. Сөйтіп тиісті мекемелер арқылы 666,39 млн текше метр су лимитіне келісім жасалды. Бүгіндері бүкіл егістік жерлердегі ішкі су жүйелерін дайындыққа келтіру қызу қолға алынуда.
Қазалылық диқандар үшін басты дақыл саналатын – күріш биылғы жылы 6195 гектарға себіліп, күтімге алынады деп межеленуде. Атап айтсақ «Сыр маржаны» ЖШС – 2400, «Рза-Агро» ЖШС – 1950, «Агро-Өркен» ЖШС – 700, «Жалаңтөс батыр» ЖШС – 655, «Ақмаржан», «Мерей» шаруа қожалықтарының әрқайсысы 240-250 гектар аралығында сыр маржанын өсіру қамтығын қарқынды жүргізуде. Дала төсін дүбірлі еңбек ырғағына бөлеген диқан-механизаторлар қауымы күріш себуді жаппай 30 сәуірде бастап, мамыр айынан суға бастыруға білек сыбанған дайындық үстінде.
Қажырлы қимылдарынан танбайтын шаруақор жандардың мерейлі міндеттер үдесінен табыларына сенім мол.
Сахи ҚАПАР