Қиын бала қайдан шығады?
Биылғы 3 айда облыстың кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот өндірісіне 20 қылмыстық іс түскен. Биылғы жылы түскен істердің саны өткен жылғы есепті мерзімімен салыстырғанда 7 қылмыстық іске көбейіп отыр. Бұл туралы облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Қанат Абдуллаев сот әділдігін жүзеге асыру жұмысы жайлы баспасөз конференциясында баяндады.
– Үкім шығару арқылы қаралған істер саны 21,4 процентке көбейген. Себебі былтыр 11 іс бойынша 18 адамға үкім шықса, биыл 14 іс бойынша 20 адамға үкім кесілген. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарға қатысты шығарылған үкімдердің саны былтырғы жылмен салыстырғанда 5 адамға көбейіп отыр. Әсіресе, биыл бас бостандығынан айыру жазалары қолданылғаны қынжылтады. Өйткені өткен жылғы есептік мерзімде мұндай жазалар болмаған, – деді Қ.Абдуллаев.
Сот төрағасының мәлімдеуінше, үш айда бала асырап алу 35,9 процентке, девиантты мінез-қылықты балаларға арналған мектеп интернатына жолдау жайлы 80 процентке көбейген. Мамандар осыған орай, бала тағдыры мен тәрбиесіне өз деңгейінде көңіл бөлінбей жатқанына алаңдаушылық білдіруде.
Айта кету керек, есепті мерзімде көп қаралған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, зорлық-зомбылық, ұрлық, алаяқтық секілді қылмыстық істер болып отыр.
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».