SMM мамандық ретінде оқытылатын болды
Маркетолог, журналист және PR маманының қызметін бір өзі атқаратын әмбебап тұлғаға бүгінгі ақпарат нарығы өте зәру.
Өскеменде SMM мамандарын дайындау қолға алынбақ. Әлеуметтік медиа маркетинг майталманы болу үшін талапкерлер кем дегенде 4 жыл оқуы керек, деп жазады ҚазАқпарат.
Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ базасында SMM мамандарын дайындау қолға алынбақ. Осы мақсатта білім ордасы Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетімен серіктестік орнатқан. Қос университеттің өкілдері жаңа мамандықтың тұсауын кесіп, меморандумға қол қойды.
Маркетолог, журналист және PR маманының қызметін бір өзі атқаратын әмбебап тұлғаға бүгінгі ақпарат нарығы өте зәру. Осы сұранысты қамту үшін техникалық университет жаңа бағдарлама ашып отыр. «Біздің университет заман талабына сай бейімделіп, бұған дейін де бірнеше заманауи оқу бағдарламаларын айналымға енгізген болатын. Сонымен шектелмей бүгін тағы бір жаңа көкжиек аштық. Қазір қатып қалған техникалық мамандық немесе біржақты гуманитарлық кәсіп деген ұғым жоқ. Сондықтан, өзіміз үшін тың бағытқа жол салып отырмыз» - дейді универсиеттің бірінші проректоры Сәуле Рахметуллина.
Жаңа мамандыққа студент қабылдау жаңа оқу жылында басталуы мүмкін. Болашақ SMM-шілер бір жылын Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде өткізеді. Онда олар журналистика мен PR-дың қыр-сырын меңгерсе, Өскеменде ІТ-технологиялар мен маркетинг саласы бойынша қабілеттерін қалыптастырады. «Бұл мамандық бакалавриат деңгейімен шектелмейді. Магистратураға арналған бағдарлама да дайындап жатырмыз. Оқу бағасы өзге де мамандықтармен деңгейлес болуы керек», - дейді университеттің оқу және әдістемелік істер жөніндегі проректоры Жадыра Қоңырбаева.