Шетелдік көлікке шектеу керек
Көлік міну – кез келген адамның арманы. Бұл кейінге қалдыруға болмайтын жұмысы көп жандарға уақыт үнемдеу үшін таптырмас құрал саналады. Бүгінгі таңда ауданда тоғыз мыңнан астам көлік тіркелген. Күнделікті алу-сату көрсеткіштері әртүрлі болатындықтан олардың саны аталған межеден де көп болуы мүмкін. Бұған басқа қалалардың нөмірін тағып, қазалылық көшелерде зытқып жүрген темір тұлпарларды қоса есептеңіз. Осыдан-ақ аудан тұрғындарының әлеуеті бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жоғарылағанын білеуге болатын секілді. Ал жақсы көлік иемдену үшін қаражатын жеткізе алмай жүргендер не істемек?
Олар Қырғыстан, Армения, әсіресе, Ресей Федерациясы сияқты шет мемлекеттің көліктерін Қазақстандағы нарық құнынан арзан бағаға мініп келеді.
Соның есебінен қазірде аудандағы ресейлік «жигулилер» мен иномаркалардан көз сүрінеді. Дегенмен оны басқа мемлекеттен әкелу де оңай емес. Көрген-білгендердің айтуынша, арзан көліктерге құмар қазақстандықтардың көп келетінін білетін қарақшылар жолды торуылдайтын көрінеді. Ұсталғандардан ақша өндіріп, жаңа мінген көлігін тартып алған жағдай да кездескен. Әсіресе Ростов трассасында көп орын алатын мұндай оқиғалар болмас үшін шетелдегі көлік иесі қосымша ақылы қызмет ұсынып, алушымен келіседі. Осылайша көліктің жүк салғышына тесік шелек, жарты кірпіш сияқты белгі салып береді. Қайтар жолда әлгілер тоқтатса, жүксалғыштағы затты көрсетіп, қиындықсыз өз жолыңмен кете беруге болады-мыс. Соған қарағанда сатушылар да қылмыс әлемімен етене жақын секілді. Бұдан басқа ұрланған көлікке ұрынып қалғандар туралы да ақпарат жетерлік. Бірақ біздің айтпағымыз бұл емес.
Жақында арзан көлікті елге әкелудің заңдылықтарын, ұтымды және залалды тұстарын зерттеп көрген едік. РФ нөміріндегі «шоқа» көлігін тізгіндеп жүрген қазалылық такси жүргізушісі Арман Оңдасыновтың айтуынша, ел аумағында жүргенде басы артық қиындыққа кезікпеген.
– Достарымның айтуымен Ақтөбедегі автобазарға бардым. Онда орынборлық жігіттердің ресейлік көліктерді сатумен айналысатын орны бар екен. Мініп жүрген көлігімді өз бағасынан үш есе арзанға алдым. Жылы да жаңа. Сатып алған күні Байқоңыр қаласындағы досымның атына сенімхат рәсімдедік. Салығын сол арқылы төлеп отырмын. Жылына елу мыңның шамасында шығады, – дейді ол.
Ең алдымен елге экологиялық және қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін көліктерді кіргізуге тыйым салынатынын айта кетейік. Мамандар келтірген ақпарға сүйенсек, шетелден әкелінген көліктер осында уақытша тіркеуде тұратындықтан оған айыппұл салу қарастырылмаған. Мұндай темір тұлпардың күннен күнге көбею себебінің бірі – осы. Олармен болатын қиындықтар да жоқ емес. Онымен тәртіп сақшылары жиі ұшырасады. Алматы, Нұр-Сұлтан сияқты үлкен қала көшелерінде орналасқан «Сергек» камералар бұндай көліктің барлығын тіркеуге алуға мүмкіндігі бар. Сондықтан жол қауіпсіздігін бұзған немесе қылмыс жасаған жүргізушілерді анықтау еш қиындық тудырмайды. Қай елдің көлігі болса да хаттама толтыра алады. Бірақ мұндай мүмкіндік барлық ауданда қарастырылмаған. Соның себебінен қазалылық полицейлер бірқатар құқық бұзушылықтарды анықтау қиынға соғып жүргенін айтады. Себебі жергілікті жерде тіркеуге алынбаған. Бұл бағдаршамда, жаяу жүргіншілер сызығында аялдамай, жылдамдығын шамадан тыс асыратындар оқиға орнында ұсталмаса, жазадан да құтылады деген сөзге саяды. Әрі-беріден соң мұндай жағдайлар тұрғындардың қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі бек мүмкін.
Көліктердің жасанды депортациясы отандық машина жасаушылардың саудасын баяулатқанға ұқсайды. Өз кезегінде олар жауаптыларға шағымданған. Мұндай бәсекелестік көлік құнын төмендететіні белгілі. Ұрымтал сәтті ұтымды пайдалана білген қазақтар ресейлік көліктер секілді болмаса да су жаңа отандық көлік мінді. Есесіне жол күзетшілері себепсіз тоқтатып, құжатын тексермейді.
Сондай-ақ жақында елдегі өзгеріс енгізілген заңға сәйкес қонақта жүрген шетел көлігі жергілікті көлікпен жол апатын жасаса екі жақта бірдей жауапкершілікке тартылады. Жоғарыдағыдай талап күшейгелі бері шетелдік көлікті өз атына аударғысы келетіндердің саны күрт өскен көрінеді.
Бұл күндері Қазақстанға милиондаған шетелдік көлік кіріп үлгерді. Оларды елден шығару біраз қиындық әкеледі. Себебі қаражатын жұмсап әкелген азаматтар бұған оңай көнбейтіні анық. Алдағы уақытта басқа мемлекеттің көлігі мен қазақстандық темір тұлпарлардың құқығы теңестірілетін болса, бұндағы барлық қиындықтар өз шешімін табатын сияқты. Әзірге мәселенің ақ-қарасы жайында толыққанды мәлімет беріп, көлік алушылардың көзін ашатын өкілеттіктер табылмай отыр.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ