Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіл үйрену – тегін

Тіл үйрену – тегін

«Үштілділік» саясаты бүгінгі күні уақыт талабына айналды десек қателеспейміз. Оның үстіне жаңа, озық технологияны меңгерудің алғышарты – ағылшын тілінде екені белгілі. Содан да болар бүгінгі күні сөздік қорын дамытып, шетелдің заманауи ілімін елге импорттап жүрген білімділер мен оларды жоғары деңгейде оқыта алатын ұстаздардың санын арттыруға назар аударылып отыр. Осыған байланысты Жастар ресурстық орталығының мамандары жастар мен аудан тұрғындарына арнап тегін ағылшын курсын ашты. Оны аудан бойынша «English for Jastar» жобасының белсендісі, №266 мектеп-лицейдің мұғалімі Әйгерім Амантаева жүргізеді.

Оқыту, білім беру – ең үлкен садақаға жататын сауапты іс екенін көнекөздердің әңгімесінен жиі естіп жүрміз. Әйгерім де дип­ломын алып, туған жерге оралған бойда өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатуға бел буды. Мектепке қызметке тұрғаннан кейін уақыттың тығыздығына байланыс­ты мұндай үлкен жобаны бірге алып жүру қиын болғанын жасырмайды. Кейінірек мектеп басшысының қолдауымен сабақ кестесі реттеліп, аудан тұрғындарына ағылшын тілін оқытуға ден қойған. Қазір ерікті ретінде жүрген орталықтағы ағылшын курсына әлеуметтік жағдайы әртүрлі адамдар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен мемлекеттік қызметкерлерге дейін қатысады. Олардың шет тілін меңгерсем деген ойын жүзеге асырып ғана қоймай, болашаққа деген көзқарасын қалыптастыру арқылы белгілі бір мақсатқа жетуіне түрткі болуды жетістік деп біледі. Өзі жұмыс істейтін мектептегі оқушылары біліктілігінің айқын бетбейнесі болғандықтан оларды да назардан тыс қалдырмауға күш салып жүргенін айтады.

Қазіргі таңда оқу курсына жиырмадан астам адам тұрақты келіп жүр. Әзірге аптасына бір рет өткізілетін тегін шет тілі курсының өткен жұмада сегізінші дәрісі өтті. Басқаларға қарағанда жасы кіші болса да, көптің қолдауымен топбасшы болып тағайындалған Ақнұр Өмірзақ сабақты асыға күтетінін жеткізді.

– Сабақ жөнінде айтар болсам, бүгін отыздан аса сөз жаттадым. Бұл бұрынғы дәрістерге қарағанда әлденеше есе көп. Мұғалім күн өткен сайын деңгейімізге сәйкес қызықты тапсырма береді. Бұдан бөлек Әйгерім Дулатқызының педагогикалық әдістері мен түсіндіру шеберлігі ерекше ұнайды. Мәселен, бүгін ағылшын тіліндегі сөздерді жаттаудың жаңа тәсілін үйретті. Осы ретте көлігінің магнитафонына шет тіліндегі жүз өлеңді енгізіп алып, күн сайын қайталап тыңдай берген жігітті мысалға келтірді. Ол осылайша бір айға жетпейтін уақытта мыңнан аса ағылшынша сөзді жаттап алған. Кейін зердесіндегі сөздерді қазақшаға аударған. Сөздік қорды дамытуда осы тәсілмен дайындалу тиімді екен, – дейді ол.

Ал Жастар ресурстық орталығының директоры Олжас Ахметов ұтымды бастамаға білікті ұстаз үйлестіріп берген №266 мектеп-лицейдің басшылығына жүрекжарды алғысын жеткізді. Жоба жайындағы жарқын жоспарымен бөлісті.

– Жастар тарапынан біздің орта­лыққа келіп тегін шет тілі курсын ұйымдастыруды сұрағандар көп болды. Біз де бұл ұсыныстың жан-жақты пайдалы екенін ескере келе тек жастарға арналған ағылшын оқу курсын аштық. Уақыт өте келе жас шектеуі алынып тас­талды. Тегін курсқа қатысушылар әр дәріс сайын келіп, ризашылығын білдіріп кетеді. Бұл бізді жаңа идеялармен жұмыс жасауға итермелейді. Қазіргі таңда жобаны кеңейтудің жолдарын қарастырудамыз. Осы кезеңде білім алған азаматтарға облыстық деңгейде сертификат табыстайтын боламыз. Сондай-ақ ерікті жастардың белсенділігін арттыруға үлес қосып жүрген ағылшын тілі пәнінің мұғаліміне де аудан жастары атынан алғыс білдіреміз, – деді О.Кенжебайұлы.

Айта кетейік, Әйгерім Амантаева Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін қызыл дипломмен тәмам­даған. Қытай Халық Республикасында болып, Үрімші Шыңжаң экономика және финанс университетінде білім алған. Ағылшын тілінен бөлек орыс, неміс, түрік тілдерін де меңгерген.

Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ

06 сәуір 2019 ж. 1 319 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930