Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Айбыны асқақ арулар

Айбыны асқақ арулар

Азаматтардың құқығын қорғаушы, қылмыскерді құрықтаушы полицей дегенде көпшіліктің көзіне мығым денелі ер адам елестейтіні анық.
Алайда бұл әйелдер тәртіп сақшысы бола алмайды деген сөз емес. Себебі елімізде он екі мыңнан астам нәзік жанды заңның тұтастығын күзетіп, аталған мамандық бойынша жұмыс істейді. Солардың қатарында Бегалиевалар династиясы да бар.
Апалы-сіңлілі Махаббат пен Гауһар полицей болуды бала кезден армандаған. Оның бір себебі кішкентайында ойнап жүріп көшеде көрген полиция қызметкерінің тәртіп бұзған азаматты жөнге салғаны болса, екіншісі, көзтартарлық қызметтік формасы екен. Арман жетегіне ерген Махаббат мектеп бітірген соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құқықтану мамандығына оқуға тапсырады. Апасынан 8 жас кіші Гауһар да аталмыш білім ордасынан заңгер мамандығын алып шыққан. Бірер жыл өткеннен кейін өз ісін сүйіп таңдаған айбынды арулар полицейлер қатарынан табылды. Нәтижесінде бүгінгі күні Махаббат полиция майоры, ал Гауһар аға лейтенант дәрежесін иемденген.
Ағайындылардың үлкені №266 мектеп-лицей мен Жанқожа батыр атындағы №70 мектепке аймақтық инспектор болып бекітілген. Басты жұмысы бала тәрбиесі болғанымен оның да өзіндік қиындықтары бар көрінеді.
– Жасөспірімдермен жұмыс істеу біршама психологиялық сауатты қажет етеді. Әсіресе өтпелі кезеңде жүрген жастармен жұмсақ әрі түсінісіп сөйлескен дұрыс. «Балалы үйде ұрлық жатпайды» демекші, олар кейбір мәселелерді ашық айтады. Сол арқылы көптеген топтық төбелестер мен құқықбұзушылықтың алдын аламыз, – дейді Махаббат.
Ал Гауһар Бегалиева Қазалы аграрлық-техникалық колледжіндегі жастардың тәртібін бақылайды. Бұл жұмыстан кейін кешкі кезекшілігін орындау мақсатында ойын-сауық орталықтары мен кафе-барларға рейд жүргізеді. Нәзікжанды полицей әр түрлі жағдайларға ұшырасқанымен осы кезге дейін ешбір құқықбұзушы өзіне қарсылық көрсетпегенін айтады.
Жұмыстың қиындығына қарамастан тәртіп сақшылары жетістіктен де кенде емес. Бір үйдің қыздары адал қызметтері үшін аудандық, облыстық деңгейдегі Алғыс хаттармен марапатталған. Ал 2013 жылы ювеналды полицей мен инспекторлар арасында өткен сайыста облыс әкімі Махаббатқа 500 000 теңге қаржылай сертификатын табыс­тап, ІІ дәрежелі «Үздік сақшы» төсбелгісін таққан.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

07 наурыз 2019 ж. 1 459 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930