«Нұрлы жол» бағдарламасын орындау үшін мемлекеттік органдарға қарқынды жұмыс атқаруды тапсырды
Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында ұлттық экономика, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлерінің, сондай-ақ бірқатар облыстардың әкімдерінің «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасының іске асырылу барысы туралы баяндамалары тыңдалды. Бұл туралы Премьер-Министрдің ресми сайты хабарлады.
Биыл 2015–2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың бірінші кезеңі аяқталады. А. Мамин бағдарламаны іске асыру Қазақстанның транзиттік әлеуетінің, сонымен қатар, инженерлік инфрақұрылымының дамуына үлкен үлес қосқанын атап өтті. Бұл кезеңде 8 мың шақырым автожол, 3 шақырым жылумен және сумен жабдықтау желілері салынып, реконструкцияланды, 1776 шақырым болатын Солтүстік–Оңтүстік электр беру желілерінің үшінші желісі пайдалануға берілді.
«Бағдарламаның аса маңызды міндеті – халықтың тұрмыс сапасын арттыру. Жаңа жолдар салу жүк тасымалдау кезінде бизнес үшін көліктік шығандарды кемінде 15%-ға қысқартуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, бұл өзіндік құнына және тұтынушылар үшін түпкі бағасына ықпалын тигізеді», — деді Асқар Мамин.
Өткен жылы елімізде 86 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Биыл жоспарға сәйкес тағы 54 мың жұмыс орнын құру көзделген.
Сонымен қатар, бағдарламаны іске асыру елдің көліктік әлеуетін дамытуға үлкен серпін берді. Өткен жылдың өзінде транзиттен түскен кіріс $1,5 млрд құрады. Ал транзиттен қосымша табыс алу мақсатында осы жылдан бастап, Астана — Щучинск жолынан бөлек, 471 шақырым ақылы жол пайдалануға берілді. Оның ішінде Астана — Теміртау, Алматы — Қапшағай, Алматы — Қорғас жолдары бар. 2020 жылы 5,5 мың ақылы жол іске қосылады.
Премьер-Министр экономиканың дамуына үлкен үлес қосқан және ұзақ мерзімді оң әсер тигізген жобалардың бірі «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» жобасы болғанын атап өтті, оның аясында 47 жаңа өндіріс пен 73 қызмет көрсету нысаны құрылды. Жобаны іске асырудың орташа жылдық жиынтық тиімділігі 200 млрд теңгені құрайды.
«Бағдарлама аяқталатын биылғы жылға да үлкен жоспарлар бар. Республикалық маңызы бар 4,4 шақырым жол реконструкцияланып, 5 мың шақырым жергілікті жол жөнделеді. Осыған орай, мемлекеттік органдар, құрылыс компаниялары белгіленген жоспарларды орындау үшін қарқынды жұмыс атқаруы тиіс», — деді Премьер-Министр.