Б.Сағынтаев дәрі-дәрмектер қажеттілігін жоспарлауды ретке келтіруді тапсырды
Бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтауды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының осы жылдың І жарты жылдығында іске асырылу барысы қаралды, деп хабарлайды primeminister.kz.
Денсаулық сақтау министрінің және бірқатар өңір әкімдерінің баяндамаларын тыңдау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев денсаулық сақтауды дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы бойынша белгілі-бір жұмыстар атқарылып, ілгерілеу бар екенін атап өтті. Сонымен қатар, денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жаңғыртуға қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берілді.
Премьер-Министр дәрі-дәрмектерді мақсатты сатып алу мәселесіне назар аударды. Қажетті дәрі-дәрмектердің нақты санын біліп, артық қаражат жұмсамау керек. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігіне дәрі-дәрмектердің қажеттілігін жоспарлауды реттеу туралы тапсырма берілді.
Облыс әкімдеріне денсаулық сақтау саласында қайта реттеу бойынша қажетті шараларды қабылдау тапсырылды. Мемлекет басшысы бұл туралы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында атап көрсетті. Премьер-Министрдің айтуынша, соңғы бес жылда Қазақстанның кейбір өңірлерінде жеке кәсіпкерлер бір де бір медициналық нысан салмаған, демек, жұмыс орындары да ашылмаған.
Сондай-ақ, өңірлердің әкімдері өздерінің жұмысын МЖӘ тұрғысынан қайта қарауы керек екендігі атап өтілді. Дербес түрде жеке инвестицияларды тартып, өңірлерде МЖӘ дамытқан жөн.
Бақытжан Сағынтаев шет елдерде емделу үшін квота алу мәселелеріне ерекше назар аудару керектігін айтты. Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановқа квота алу тәртібін жетілдіру және оның ашықтығын арттыру тапсырылды.
Қорытындылай келе, Премьер-Министр Б.Сағынтаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды тиімді енгізу мәселесі ерекше бақылауда екенін еске салды. Е.Біртановқа міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу қорытындылары туралы баяндау тапсырылды.