Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сары мысық

Сары мысық

Бұрын бала кезімде түн баласында тыным таппай мияулап, мауыққан мысық дауысын естігенде апам жарықтық: «Өзіңе көрінсін, өзіңе көрінгір» деп отырушы еді. Апамның айтуынша олар бізді қарғап немесе бізге айта алмаған назын мауығып жеткізетін көрінеді. Содан соң тағы апамның айтатыны: «Мысыққа тиіспеңдер, Мұны Пайғамбарымызда қатты сыйлаған екен. Етегіне келіп ұйықтап қалған мысықтың ұйқысын бұзбай, шапанының бір бұрышын кесіп тастап орнынан тұрып кетіпті», – деп ақылымен аралас ескі бір аңызын айтатын.
...Қап-қара түнді қақ жарып әлде бір белгісіз жақтан мысықтың мауыққан үні естіледі. Өне-бойым қалтырап кетті. Тоңып жатқандай дір-дір етемін.
***
Сары күзде сары мысық үйден қуылған-ды. Содан бері сенделіп көше кезіп жүр. Көзін ашқалы адамдардың аялы алақанын көріп, адал асын ішіп, жылы-жұмсақ жерде күнелтіп жүрген бұған бәрі де бір-ақ күнде кері айналған. Қарашаның қара желімен сәуірдің суығын қойшы, бәрінен де бұған қаңтардың қақаған аязымен ақпанның ақ түтек бораны қатты батқан. Көшенің бұрыш-бұрышынан сумаң етіп шыға келетін бұралқы иттерден қашып-пысып жүріп жер үйлердің шатырындағы мұржаның маңында маужыраған ұйқыға басып, көктемнің қатқағына ілінді-ау. Анабір жылдардағы әдемі бітімі, келісті түр-сипатынан ешбір белгі қалмаған. Жүні үрпиіп, қараңғылықта шырадай жанып тұратын көздері ашкөзденіп әр нәрсеге бағдарлай қарайды. Бұл бір жағынан өзін қоршаған ортадан мейілінше сақ болу үшін, екінші жағынан шатырдан-шатырға дамылсыз ұшып-қонып жүретін ұшқалақ құстарды, тынымсыз торғайларды сәті келсе тажал тырнақтарымен талғажау ету ойы еді.
Сары мысық көбіне қаңғалақтап жүретін қаңғыбас немесе күні кешке дейін пәтерде тығылып жататын жылтыр жүндес иттерден көп қорықпайды. Әлгі мақұлықтар араны ашылып арсалаңдап жетіп келгенде жиырыла қалып, жалы күдірейіп тұра қалса болды ол сорлылар келген ізімен кері қайтуға ынталы болады. Бұл көбіне-көп адам аяғы азайған мезгілде, түнге жақын жортуылға шығатын. Әйтпесе екі аяқты әлгі қулар екіленіп бұны қолына іліккен затпен ұрып-соғып, запыран құстыратындай сезіледі. Бұның бүгінгі тірлігі де сол екі аяқтылардың кесірінен осылай жалғасып жатыр ғой... Бәрі де кештетіп келген бейтаныс қонақтан басталған.
Сары мысықтың тіршілік көзі де, тәлкекке түскен тағдыры да Ермектің үйінен басталған. Көзін енді ғана ашып, аяғын бауырына жинап апыл-тапыл баса бастағанда Ермек бұны көрші кемпірден асырап алған. Жер үйдің жайы белгілі ғой есігінен екеулеп, тесігінен төртеулеп кіріп-шығатын тышқан деген титімдей тіршілік иесі быжынай қаптап, «үйірімен үш тоғыз» болып жортатын болған еді. Кішкентай мысық баласын аларда көрші кемпір ескертіп: «Мұның тұқымы Сиямский, өте кекшіл келеді, жөн-жосықсыз басқа мысықтарға көрсеткен доңайбатыңды бұларың екі еселеп қайтарады. Балалар көп тиіспей, сақ жүрсін. Бірақ бір жақсы қасиеті иесіне адал. Менің «Марусямның» тұқымы да Сиямский» деген. Бастапқыда бір үйлі жан көршінің сөзін ұмытпай мысыққа мейірімін төгіп, обалы не керек ойынан тыс қалдырған емес. Бірақ екі-үш жылдан кейін көршінің сөзі көңілден көмескіленіп кетті. Бәрі болмашы нәрседен басталған...
Ермектің үйіне досы Біржан кештетіп жетті. Жары Жанаргүл жанын салып қонақты күту қамына кіріскен. Әне-міне дегенше оны-мұнысын дайындап дастарқан басына шақырды. Ермек жөн сілтеді. Біржан төрге озғаны сол еді, орындықта бейқам ұйықтап жатқан мысықты бар күшімен итеріп жіберді. Ештеңені түсінбей қалған мақұлық иесі ұйқысын аша алмаған күйінде төрт аяғымен еденге дік ете түсті. Мезгілсіз оятқан жан иесіне қараған еді, өзінің бұрыннан бері өшігіп жүрген адамы екенін аңдап қалды. Ешкім ештеңені елеген жоқ. Қылмойыннан құйылған суға қызып алғандар қызу әңгімеге көшкенде мейманның: «Ой, әкеңнің» деген боқтығы естілді. Ермек жалма-жан үстөлдің астына үңілді. Бұл кезде сары мысық өткір тырнақтарын Біржанның қос аяғына бірдей батырып жіберіп айбат шегіп тұрған-ды. Бұл көрініске үй ішіндегілер толықтай куә болды. Кішкентай Айғаным шырылдап қоя берді. Үй иесі мысықтың мұндай қылығына ашуланып, желкесінен бүріп ұстаған қалпы ауызғы бөлмеге қарай атып жіберді. Есікті жауып алды да, қысылып қалған қонағының көңілін табуға қайта кірісті.
Қызып алған бұлар бір мезгілде темекі тартуға тысқа шыққан. Сол кезде киім ілгіштің малақайлар тұратын тұсында жалы күдірейіп, серіппедей атылғалы тұрған сары мысықты сабалап, далаға бездіріп жіберді. Сары мысық қараңғылыққа сіңісіп кете барған. Болған оқиғаға Жанаргүл қатты қапаланды. Ермек жұбатып, жүрегін тыныштандырды. Оған Біржанның: «Өй, қайдағы бір кемпірдің айтқанына несіне сенесіңдер, оның үстіне мысықты анадай тепкіге алған соң қайтып оралмас» деген басуы және де әсер етті.
Ертесі таңертең Жанаргүл мен Ермек күндегісінше жұмыстарына кеткен еді. Айғанымды сары мысықтың есікті тырмалай мияулаған үні ұйқысынан шошытып оятты. Ойында ештеңе жоқ Айғанымның есіктің тиегін түсіргені сол еді, сары мысық бейкүнә қызға атылсын келіп. Оның көзінде кешегі түннен қалған кек бар еді. Өткір тырнақтарымен қорғанып үлгермеген алты жасар Айғанымды тәуір-ақ талады. Кішкентай ғана қыздың әппақ тәні, үйдің жақында ғана әктелген әппақ қабырғасы шапшыған қып-қызыл қою қанмен алабажақ болып қалды. Айғанымға арашашы болған көршілері еді. Оның шырылдаған үнінен жүрегін қолына ұстап алып жеткені сол, болған көрініске жағаларын ұстай аңтарылып қалды. Осы мезетте сары мысық та далаға қарай сып берген.
Болған оқиғадан кейін мысыққа таланған қыз туралы қауесет қалаға жайылды. Айтқыштар мен жазғыштар жағы сол оқиғаны жарты әлемге жар салды. Айғанымның есі кіресілі-шығасылы болып, денесіндегі уытты тырнақтардан түскен жарақаты жазылмай екі ай жатты. Оның үстіне есі ауытқып кететін тағы бір кесел килікті. Мысықтың дауысын естісе болды қол-аяғы дірілдеп құлап түсетін дерті тағы бар.
...Сары мысық содан бері сол үйдің маңайы түгіл көшесінен аулаққа кеткен. Бүгінде жейтіні нанның қалдығы. Көше кезген иттердей емес адамдардан оқшау жүреді. Жаңарақта жер үйдің шатырында отырып сынық қанат кептерді байқап қалған. Жемтігіне тағатсыздана көз тас­тап, асықпай, аптықпай баспалап келе жатыр. Кептер болса жаралы қанатымен әрең көтеріле ұшып барып, көшенің арғы жиегіне қона қалды. Қарны ашып, құлқынының құлы болған сары мысық жолдың арғы бетіне, жемтігіне қарай жүгіре жөнелгені сол еді. Оң жақ бүйірден шыға келген бір машина қақты да кетті. Мысық иттердей емес, көпе көрнеу көзге шалына бермейді. Десе де жүргізуші бір қолайсыздықтың болға­нын сезсе керек анадай жерге барып тоқтап үлгерді. Осы мезетте мысық мақұлықтың да жүрегі тоқтап қалған еді.
* * *
Қап-қара түнді зарлы үнімен үрейге бөлеп бір мысықтың мауыққаны естілді. Төбе құйқам шымырлайды. Зарлы үн алыстан, тым алыс­тан талып жетеді. Бәлкім, бұл сары мысық болар деп ойладым. Кімді қарғап-сілеп барады екен? Тағдырына қарғанып бара ма, әлде бізге адамдарға деген оның өзегін өртеген өкініш-өкпесін ұға алар ма едік...
Қуат ҚИЫҚБАЙ
29 қаңтар 2019 ж. 4 061 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 46

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930