Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада мүгедектер арбасын жөндейтін орталық жұмыс істейді

Қызылордада мүгедектер арбасын жөндейтін орталық жұмыс істейді

Қызылорда қаласында мүмкіндігі шектеулі жандардың арбасын жөндейтін ұстахана бар.

Бұл нысан «Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған техникалық қызмет көрсету орталығы» деп аталады. Қысқаша айтқанда, «инваСТО». Мұнда мүгедектердің арбасы жөнделеді.

Орталықты ашқан жас кәсіпкер Нұрсұлтан Тәжиевтің жасы 27-де. Өзінің де денсаулығының туабітті кінәраты бар. Ол осы орталық арқылы тағдырлас жарымжан жандарға көмектесуді ойлаған.

«Өзім үшінші топ мүгедегімін. Арбадағы адамдардың жағдайын жақсы түсінемін. Кейбіреулерінің арбасы сынып, жазым бола жаздаған кездері болды. Ереже бойынша олар мемлекет тарапынан берілетін арбаға төрт жылда бір рет қол жеткізеді. Алайда, осы уақыт аралығында арбалар бұзылады, бір құрылғысы болса да істен шығады. Жаңадан арба сатып алуға көбісінің қалтасы көтермейді. Ал мұны жөндейтін маман тапшы, тіпті жоқ деуге де болады. Сондықтан осы мәселені шешуді ойлап, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған техникалық қызмет көрсету орталығын аштық. Мұны ашпас бұрын кәсіпкерлер палатасынан "Бизнес-кеңесші" курсы бойынша оқу бітірдік. Содан кейін жобамды инновациялық байқауға ұсындым. Қайтарымсыз грантқа ие болып, кәсібімізді бастап кеттік. Бір жағынан, өздігінен жүріп-тұруы қиын жандарға жасаған көмегім болсын деген оймен ақысыз жөндеп жатырмыз», – дейді Нұрсұлтан Тәжиев.

Жас кәсіпкердің бұл идеясы "Zhas project" жобасында қолдау тауып, жеңімпаз атанды. Бүгінде ол жобадан бөлінген қаражатқа орталықтың техникалық жөндеу құрылғылары қатарын толықтырған. Шеберхана жанынан шағын цех ашып, бір мезгілде бірнеше арба жөндеу мүмкіндігіне жол ашты. Қазіргі таңда мұнда төрт адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Арасында Нұрсұлтанмен тағдырлас жігіттер де бар.

«Бірер ай бұрын тігін машинасын сатып алдық. Мүгедек арбасына бөтелкедегі су, телефон салып қоятын тысқабын жасаймыз. Сондай-ақ, қыс қыс мезгілінде тоңбас үшін арбада отырған адамға қолғап, арнайы киімдер тігеміз. Сонда қолы жылы болады және арнайы киім шашыраған лай-балшықтан қорғайды», – дейді Нұрсұлтан.

Сапалы қызмет түрін ұсынуды мақсат еткен Нұрсұлтан біліктілігін арттыру үшін семинар-тренингтерге қатысып тұрады. Жақында ғана «ДОС» Тәуелсіз өмір» Орталығы LDS Charities халықаралық қайырымдылық ұйымы және «WAQYP» корпоративтік қайырымдылық қорының бірлесе ұйымдастыруымен өткен «Мүгедектігі бар азаматтардың өмір салтын жақсарту және мүгедектер арбасын жинау» тақырыбындағы тренингте сауаттылық деңгейін арттырып келді. Онда ол арбаларды тек құрастырып ғана қоймай, тиісті өлшемдерін алып, бөлшектерін дұрыс орналастыруды америкалық мамандардың өзінен үйреніп қайтты.

«Бізде арбаны мемлекет тарапынан немесе қайырымдылық негізде берген кезде оны алатын адамның дене өлшеміне аса мән берместен үлестіре салады. Ол дұрыс емес. Себебі, әрбір адамның тұлға тұрпаты әртүрлі болатыны белгілі. Сол уақытта арба оның өлшеміне сәйкес келмей, еркін қозғалуына қиындық туындатады. Ал, оның қолайсыз болуы адамның қауіпсіздігіне де кедергі келтіреді. Демек, арба бірінші орында өлшем бойынша дұрыс келуі керек. Біз оны иесінің өлшеміне қарай жинап беретін боламыз. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандардың қозғалысы қиындау болғандықтан көбінесе, арнайы тапсырыспен де үйлеріне барып жасап беріп жатырмыз. Жеңіл тетіктері ғана істен шықса, құрылғымызды өзімізбен бірге апарып, қайта жасақтап береміз. Ал, үлкен жөндеуді қажет ететін арбаларды шеберханамызда өңдеуге тура келеді», – дейді кәсіпкер.

Нұрсұлтанның сапалы жұмысына сұраныс жоғары. Тіпті, еліміздің өзге аймақтарынан да тапсырыстар түсуде. Телефон арқылы хабарласып, арба жөндеп беруін сұраушылар бар.

«Кызметіме деген мұқтаждық маған жауапкершілік жүктейді. Алдағы уақытта мүгедектерге қолайлырақ әрі қозғалысқа тиімді болу үшін арба алдына кәдімгі велосипед секілді рөл орналастыруды жоспарлап отырмын», – дейді жас кәсіпкер.

Нұрсұлтанның “инваСТОсына” барып арбасын жөндеткендердің бірі – Қызылорда қаласының тұрғыны Роза Смағұлова. Ол арбасын пайдаланып жүргеніне он жыл болғанын айтады. Тозығы жеткен “көлігін” “инваСТОның” жігіттері толық жөндеуден өткізген. Дөңгелегін ауыстырған, орындығын жаңартқан. Розаның қуанышы еселеніп, жуырда су жаңа кресло-арбаға да қол жеткізген. Оған да жас кәсіпкер Нұрсұлтан Тәжиев, сондай-ақ Қызылорда қаласындағы Талсуат оңалту орталығы себепкер болған.

“Сонымен қазір менде екі арба бар. Өзім арбада отырып билеймін, би жарыстарына да қатысып жүрмін. Мен бүгінгі өміріме риза болып, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біраз адамға алғыс айтқым келеді. Мүгедектер күні, яғни 6 желтоқсан күні “жаңа мерске” (қол арба) қол жеткіздім. Сонау 1999 жылы жол көлік апатына түсіп, қол арбаға таңылғаныма да 20 жыл болып қалыпты. Содан бері қол арба менің аяғым һәм қолыма, он екі мүшемнің біріне айналды. Қол арбам сынса мен үшін өмір тоқтап қалғандай болатын. Астанадан келген қол арбаның біреуін иемденуге мүмкіндік жасаған Талсуат оңалту орталығының басшысы Мейрамбек Абдукаримовке, жас кәсіпкер Нұрсұлтан Тәжиевке алғыс айтамын. Нұрсұлтан Zhas project жобасы бойынша арба жөндеу шеберханасын ашып, біздің кедергісіз өмір сүруіміз үшін қолдан келген көмегін аямай келеді. Нұрсұлтан бастаған Әліби, Еламан Нұрғали, Даниярдай азаматтарға рахмет айтамын. Оларға Алланың нұры жаусын, жасап жатқан қызметтеріне береке, отбасына амандық тілеймін”, - дейді Роза Смағұлова.
10 желтоқсан 2018 ж. 1 166 0

Мәдени мұра

18 сәуір 2024 ж. 72

Жанға жайлы демалыс

18 сәуір 2024 ж. 76

Қалдықсыз болашақ

18 сәуір 2024 ж. 59

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930