Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Діни басқарма оқушылардың орамал тағуына қатысты мәлімдемесін жариялады

Діни басқарма оқушылардың орамал тағуына қатысты мәлімдемесін жариялады

ҚМДБ жамағат тарапынан киім мәселесіне қатысты жолданған сұрақтарға шариғат бойынша, балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу міндет екенін мәлімдейді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман қыз-келіншектер мен әйелдерді киім кию үлгісінде қазақ халқының салт-дәстүрлерін сақтай отырып, жинақы киінуге кеңес береді. Ал паранжа (ниқаб) киюдің салтымызда болмаған, басқа елдің үлгісі екенін де ерекше атап өткеніміз жөн.

Ислам шариғатында қыз баланың балиғатқа толуын 9 жаспен шектеу дұрыс емес. Мұсылман ғалымдары қыз балалардың физиологиялық ерекшеліктеріне сай, көпшіліктің жағдайын назарға ала отырып, 15 жаспен шектеген.

Ислам діні балиғат жасына толмаған, санасы толық қалыптасып үлгермеген, орамал тағудың түпкі мәні мен маңызын, үкімін түсінбейтін кішкентай қыз баласына орамал тағуды міндеттемейді. Әрбір мұсылман қыз бала орамалдың қадір-қасиетін терең түсініп, жауапкершілігін саналы түрде сезініп, Алланың әмірін өз еркімен орындауы басты мақсат. Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған бүлдіршінді жаулық жабуға мәжбүрлеуден бұрын оған ең әуелі білім мен тәрбие берген абзал. Бұл – ата-ананың басты міндеті.
Алла Тағала күллі адамзат баласына иманды болуды әрі білім алуды әмір еткен. Құран Кәрімнің ең алғаш түскен аятының өзі «Оқы!», деген бұйрықпен басталуы ерекше назар аударарлық.

Сондай-ақ Құранда: «Раббым, білімімді арттыр!», («Таһа» сүресі, 114), «Білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма?» («Зумар» сүресі, 9), «Алла Тағала сендердің араларыңда иман келтіргендер мен бойларына білім дарытқандардың дәрежелерін өсіреді» («Мужәдәлә» сүресі, 11) деп ілім иелерінің мәртебесінің жоғарылығын атап өткен.

Ардақты Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болғай): «Білім алу әрбір мұсылман ер кісіге де, әйелге де парыз»,– деп білім ізденудің әйелдерге де тиісті екенін айтқан.

Сондықтан да, дінімізде мұсылман ер кісі мен әйелге білім алу – міндет. Ал мектеп жасындағы балаға имандылыққа баулып, білім үйрету – әрбір адамның азаматтық әрі мұсылмандық борышы. Діни һәм зайырлы білім алу – жарқын болашақтың кілті.

Бүгінгі заманның үдерісі еліміздің әрбір азаматы мен лауазымды тұлғасына білімді, иманды, отаншыл ұрпақ қалыптастыруды талап етуде. Бұл – баршамыздың ұлы борышымыз, асыл міндетіміз.

Біз мұсылман жамағаты мен ата-аналарды оқу орындарының мектеп оқушыларының киім үлгісіне қатысты қойылатын талаптарына түсіністікпен және сабырлықпен қарауға шақырамыз. Бұл мәселені ушықтыру дұрыс емес. Өйткені елімізде орамалға түбегейлі тыйым салынбағанын түсінуіміз керек. Тек орта мектептерде киім үлгісін бірізділікке түсіру мақсатында шешім қабылданған.

Конституцияға сәйкес, еліміз зайырлы мемлекет болып табылады, онда азаматтардың ар-ождан бостандығына еркіндік берілген. Сонымен қатар, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңда діни бірлестіктердің мемлекеттің қызметіне араласпайтыны көрсетілген. Аталған Заңда еліміздегі білім беру және тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлінгендігі және зайырлы сипатта болатындығы айтылған.
Діндар азаматтар қоғамнан бөлек өмір сүрмейді. Дініміздегі бойұсыну – негізгі міндеттердің бірі. Сондықтан мұсылмандар заңға құрметпен қарауы тиіс.

Еліміздің заңнамалары бізге балаларымыздың орта білім алуын қамтамасыз етуімізді міндеттейді. Білімсіздік бүлікке бастайтынын
ұмытпайық. Сондықтан қыз баланың толыққанды зайырлы білім алуын ата-аналары еліміздің заңнамасы талаптары шеңберінде қамтамасыз еткендері жөн.
10 қаңтар 2018 ж. 2 549 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 85

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930