Ауыл қараңғы, байланыс нашар
Аудандық газетте қызмет істегендіктен болар, ара-тұра электронды поштаға немесе ватсап нөміріме аумақтың әр түкпірінен тұрғындар хат жазады. Олардың бірі өздеріне қажетті кеңес сұраса, енді біреусі туған жердегі өзекті деген мәселелерді айтып жатады. Сондай хаттардың бірі менің ватсап нөміріме Лақалы ауылынан келді. Онда ауыл тұрғындары тұрмыстық мұқтажын көрсете отырып, мәселенің тезірек шешілуіне ықпал жасалса деген ой-пікірлерін жеткізіпті.
Хатта “Біздің ауылға жарық 2005 жылы қосылды. 2010 жылы ауыл көшелеріне 13 жарықшам орнатылса, бүгінгі таңда оның 8-9-ы ғана аман тұр. Онда да бұлар уақытылы қызмет көрсетпейді. Ауыл тұрғындары мереке күндерінде өздері қосады. Сонан бақылау жоқтықтың салдарынан екі-үш күн сөндірілмей жанып қалады. Ал бізбен көршілес ауылдарға кешке қарай көз салсақ, жерге қонған жұлдыздардай жарқырап тұрады. Біз болсақ тас ғасырында өмір сүріп жатқандаймыз. Тағы бір айта кетерлігі, жарықшамның жоқ болуы қаладан, даладан кеш қайтқан жандар үшін қатты қиындық келтіреді. Себебі, тастай қараңғыда ауылды табу оңай болмайды. Əсіресе, бұл ауылға ара-тұра сырттан келетін қонақтар үшін қолайсыз-ақ. Қазіргідей күн қысқарған уақытта оқушылардың таңертеңмен сабаққа барарда қармалап жүргеніне іштей өкінеміз. Осындай уақытта балаларымызды көшеде ит қауып немесе ой-шұқырда құлап, жарақат алып қала ма деп қатты алаңдаймыз”, – деп жазылған. “Баламның табанына кірген шөңге, менің маңдайыма қадалсын” дейтін ата-аналардың жанайқайы өте орынды. Шындығында да ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайы жақсара бастаған тұста мұндай келеңсіздікке жол берілуі көңілге қонымсыз көрініс.
Сондай-ақ, Лақалы ауылының жастарын алаңдататын тағы бір жайт бар. Ол ақпараттар ағыны сәт сайын өзгеріп жатқан бүгінгі таңда ұялы телефон байланысының мүлдем нашарлығы. Бұлай деп отырғаным, осы ауылға ұялы байланыс телефоны 2010-2011 жылдары келген. Алайда, біреумен байланысқа шығу үшін төбе қуалап, болмаса қораның үстіне шығуың қажет. Бұл тек сөйлесу үшін. Аталған ауылдың жастары да өркениет көшінен қалыс қалмай, әлеуметтік желілердегі жаңалықтарды оқып, шартараптың тыныс-тіршілігінен хабардар болуды қалайды. Әсіресе, ұстаздар қауымы өздеріне қажетті дүниелерді қолындағы смартфон арқылы алғысы келеді. Алайда әзірге мұның бәрі лақалылықтар үшін арман болып тұр.
– Лақалы ауылында әлі күнге дейін ұялы байланыс қызметі дұрыс жолға қойылмаған. Өркениет көшіне бет бұрған заманда бұл әрине күлкілі нәрсе, алайда бұл шындық. Жастардың жағдайына үнемі мән бере жүретін Елбасының “Цифрлы Қазақстан” жобасы жүзеге асып жатқан кезеңде біздің ауылда ұялы байланыс телефонының жағдайы неге жөнделмей тұрғанын түсінбей жүрміз. Мойындаймыз, біздің ауыл аудан орталығынан алыс қоныстанған. Бірақ Лақалыдан да шалғай жатқан елді мекендерде бұл мәселе әлдеқашан жолға қойылғанын көріп-біліп жүрміз, – дейді №93 мектептің әлеуметтік педагогы Жасұлан Өксікбаев.
Расында да әлдебір жұмыстармен Лақалы ауылындағы ағайындарға телефон шала қалсақ, арғы жақтан “Байланыс аясынан тыс жерде” деген сұлу қыздың жауабын жиі естиміз. Осы арада “Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған” цифрлық технология қарыштап дамыған шақта туысқаныңмен тез тілдесе алмағаныңа қарның ашады, іштей ренжисің. Әзірге біз білетін жағдай осы. Мүмкін тиісті орындардан пәрмен болса, бұл мәселенің шешімі табылып қалар. Соған сенейік...
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ