Темір жол билетін алыпсатарлар анықталды
Жылдың осы мезгілінде жолаушы көбейіп, жол жүру билетіне сұраныс артып кететіні белгілі жағдай. Жең ұшынан жалғасқан адамдардың заңсыз әрекетке баратыны да осы кезең. Жуырда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті жанынан құрылған арнайы мониторинг тобы темір жол қызметіне тексеру жүргізу барысында жолаушыларды заңсыз тасымалдауға қатысты істі анықтады.
Бұл ақпарат көліктік бақылау инспекциясына хабарланып, Қызылорда станциясындағы желілік ішкі істер бөлімі, теміржол вокзалы өкілдерінен жедел түрде жұмыс тобы құрылған. Жолсеріктердің заңсыз әрекетін бақылауға алған топ мүшелері 22 тамыз күні темір жол вокзалының перронында қосалқы көмекші Н.Догаровтың құқық бұзғанын байқап, іс қозғалды. Қызметкер жолаушыға «Шымкент қаласына дейін кедергісіз жеткіземін» деп уәде берген. Ал 2 қыркүйек күні белгісіз азамат жолаушыларға билет тауып беремін деп, он мың теңгені алдап алғаны анықталды. Қазіргі таңда, Қызылорда станциясындағы желілік ішкі істер бөлімімен аталған деректер зерттелу үстінде.
Сейсенбіде бұл істер жалғасын тауып, №24 «Ақтөбе-Алматы» жолаушылар пойызында арнайы мониторингтік топ мүшелері, департамент, инспекция және БАҚ өкілдерімен бірге тексеру жұмыстары жүргізілді. Топ мүшелері пойыз станцияға аялдаған уақытта жолаушылармен тілдесіп, вагондарды аралап шықты. Заңсыз билет алу, жолаушы тасымалдау фактісі анықталмады. Алайда, мониторингтік топ мүшесі Болат Нұрхожаев пойыздың штаб вагонындағы қызметкерлерге арналған екі орынға жолаушылардың жүк тиеп жатқанын, пассажирлер бұл станцияға дейін мұнда басқа адамдар болды деп айтқанын хабарлады. Бұл жағдай жауапты мамандарға жолданып, ескертілді. Ал мониторингтік топпен бірге рейд жұмысы әлі де жалғасатын болады.