Өзбекстанда Халықаралық конгресс аясында қазақстандық фильмдер көрсетілді
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігіТашкентте «Орталық Азия: ортақ рухани-ағартушылық мұра – ортақ болашақ» атты Халықаралық конгресс аясында Орталық Азия елдері мен Әзербайжан кино күндерінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шара Ұлттық киноөнер сарайында ұйымдастырылып, оған Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжанның ғылыми және мәдени ортасының өкілдері, өнер қайраткерлері мен жас көшбасшылары қатысты.
Бағдарлама аясында көрермендерге қазіргі қазақстандық киноиндустрияның таңдаулы туындылары ұсынылды: «Жамбыл. Жаңа дәуір» тарихи фильмі, прокатта бір миллиард теңгеден астам табыс жинаған «Qaitadan» драмасы, 2024 жылғы Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ерғали Шәмеев туралы қысқаметражды «Үміт сәулесі», сондай-ақ көкпаршы қыз Ева Жигалинаның өмірі туралы «Ева – Батыр қыз» көркем туындысы. Фильмдер өзбек көрерменінің жылы қабылдауына бөленді.
«Жамбыл. Жаңа дәуір» көрсетіліміне Өзбекстан Киноагенттігінің директоры Шухрат Ризаев арнайы қатысып, режиссер Жандос Құсайыновтың кәсіби шеберлігін атап өтті. Сондай-ақ, ол Қазақстан мен Өзбекстанның алдағы бірлескен жобаларына қатысуға шақырды.
Халықаралық конгресс аясында қазақстандық режиссерлер «Өзбекфильм» студиясының павильондарын аралап, түркі және араб киімдерінен бастап, сауыттар мен реквизит коллекциясына дейін танысты. Мұндай сапарлар бірлескен жобаларды талқылауға, тәжірибе алмасуға және кәсіби байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді.Сонымен қатар, конгресс барысында Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан кино ұйымдарының басшылары дөңгелек үстелге қатысып, бірлескен киножобалардың әлеуеті, ұлттық киноны халықаралық деңгейде дамыту және мәдени диалогты нығайту мәселелерін талқылады.
Жиында ерекше назар копродукцияға қолайлы жағдай жасауға, кәсіби тәжірибе алмасуға және Орталық Азия елдері мен Әзербайжан арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамытуға аударылды.













