«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңі басталды
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында белгілі болды. «Казконтент» АҚ басқарма төрағасы Евгений Кочетов, «Болашақ» және «Жастар үні» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәурен Бабамұратов, Қазақстан Азаматтық альянсының директоры Гамал Түзелбаев, «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің мүшесі Динара Шайжүнісова қатысқан баспасөз жиынында «100 жаңа есім» жобасының маңыздылығы туралы һәм екінші кезеңіндегі басымдықтар туралы әңгіме өрбіді.
«100 жаңа есім» жобасының мақсаты – табысты, бәсекеге қабілетті болу, прагматизм мен білім культі идеяларын, Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан адамдардың өмірбаянын үлгі ете отырып насихаттау. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында баса назар аударылған жастар мәселесі де қоғам талқысынан тыс қалмаған болатын. Қалың ел қолдаған сол бағдарламалық мақалада айтылған әр мәселе жеке-жеке қаралып, әр тапсырма жіті қадағалаумен іске асып келеді. Соның бір тармағы ретінде «100 жаңа есім» жобасы да іске қосылған болатын. Өткен жылы аталған жобаға 2 мыңнан аса өтінім қабылданып, оның 302-і іріктеу кезеңінен өтіп, 102 үміткер «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанған, Елбасы өзі қабылдап, арнайы кездесу өткізген болатын. Бұл жобаның басты мәні кейінгі толқынды еңбекке, білімге, іскерлік пен адалдыққа құштар ету екендігі де баса айтылып келеді. Биылғы екінші кезеңнің өзіндік ерекшелігі бар.
«Осыдан бір жарым жыл бұрын Елбасының жаңа замандағы трендтер мен жаңа бағыттарға сәйкес жастардың сана-сезіміне, рухани дүниесіне қозғау салған мақаласы шықты. Бұл мақала біздің еліміздегі қоғам өкілдерінің арасында қызу қолдау тапты. Соңғы жылдарда кездеспей кеткен азаматтық қоғам мен биліктің арасында диалог орнады. Сол рухани жаңғыру мақаласы аясында «100 жаңа есім» бағдарламасы іске асқан болатын. Мүлде басқа бағыт, жаңа технология арқылы жүзеге асты. Тәуелсіздік жылдары қазақ қоғамының дамуына зор үлес қосқан азаматтар таңдалды. Әлеуметтік оптимизмнің арқасында таңдалған жаңа тұлғаларымыз қоғамға үлес қосады деуге негіз бар. Азаматтық қоғамның тарапынан 100 жаңа есімді әрі қарай жалғастырсақ деген ұсыныстар болды. Қазақ қоғамының дамуына үлес қосып келе жатқан азаматтар 100-ден көп деген пікірлер айтылған соң, соған сәйкес жаңа есімдерді іздесек деген қоғамдық тапсырыс болып отыр. 100 жаңа есімнің екінші кезеңін бастағалы отырмыз. Бұл жастардың арасына жаңа бағыт, рухани дүниелерге жаңа серпін әкеледі деп ойлаймын. Әртүрлі тағдырларды жастарға үлгі етіп көрсетіп, жақсы жағынан ұсынамыз» деді Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Ерлан Саиров.
«100 жаңа есім» Қазақстанда ерекше талантты және тұлғалық сипатқа ие адамдарды іздеп, жобаға белсене қатысуға шақырып отыр. Аталған жоба кәсіби салада жетістікке жеткен, өз дара жолы өзгеге өнеге болатын адамдарға арналған. Осымен екінші жыл ұйымдастырылып отырған жобаның биылғы ерекшеліктеріне келсек, үміткер өзін өзі ұсынуға және үміткерді ұйым атынан ұсынуға болады. Сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдар өкілдеріне басымдық берілетіні айтылды. Сол сияқты өткен жылғы іріктеу кезеңінен өтпей қалған үміткерлер биыл тағы да өтінім беруге құқылы. Өтінім осы жылдың қазан айының ортасына дейін 100esim.el.kz сайты арқылы қабылданады, одан әрі қараша айы бойы онлайн дауыс беруге жалғасады. «100 жаңа есім» жобасының жаңа маусымын ашық деп жариялаймыз. Үміткерді таңдауда қойылатын басты талап, ол адамның тәуелсіз еліміздің дамуына өз үлесін қосуы. Үміткерлерді анықтауда қазылар алқасы болмайды, лайықты деген азаматты не азаматшаны халық дауыс беру арқылы өзі таңдайды», деді «Қазконтент» АҚ-тың басқарма төрағасы Евгений Кочетов.
Қызмет саласы бойынша ұйымдар тобының кеңінен таныстырылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтық бастамаларды насихаттау мақсатында жобаның жаңа үміткерлерін таңдау институционалдық әдістермен жүргізіледі. Әр қоғамдық ұйым, бірлестік ерекше тарихы мен кәсіби жетістіктері бар үміткерлерін ұсына алады. Үміткерлерге қойылатын негізгі талап мынадай:
• үміткердің кәмелет жасқа толған болуы (18);
• қызмет саласында елдің жағымды имиджін қалыптастыруға үлес қосқан айрықша жетістіктерінің, қатысушы имиджін дамытуға ықпал ететін тұлғалық қасиеттерінің болуы;
• үлгі алуға лайық, жастарды патриоттық және туған жерге адалдық рухында тәрбиелеуге, еңбек культін қалыптастыруға ықпал ететін қоғамдық-саяси және еңбек қызметінің болуы;
• Қазіргі Қазақстанның дамуына қосқан нақты үлесінің болуы.
• Қазіргі Қазақстанның, оның табыстары мен түрлі саладағы жетістіктерінің жарқын үлгісі бола алатын тұлға;
«100 жаңа есім» жобасында үкіметтік емес ұйымдарға басымдық берілуі – үлкен сенім мен қолдау. Лайықтылар, әрине, көп. Соның ішінен 100 есімді анықтау барынша әділ өтуі тиіс. Сол үшін үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне басымдық беру қажет. Қазақстан халқының көбі ауылда тұрады. Сол себепті аймақтағы талантты жастарды, азаматтарды анықтау үшін осы ұйымдар барынша атсалысады деп ойлаймын», деді Дәурен Бабамұратов. «100 жаңа есім» жобасы қазақ қоғамына, я жастарына не береді? Оның маңыздылығы неде? Осы сұрақтарға да баспасөз жиынында жауап берілді. Бұл қазақ қоғамының оптимистік санасын дамытуға, қазақ жастарына үлгілі ел азаматтарын көрсетуде маңызды қызмет атқаратын жоба. Ел үшін тер төгіп жүрген замандастарымыз еленуге де, құрметтелуге де лайық.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,