Ажалдан арашалаған Ақылбек
Өткен жұма күні Астана қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінен өрт шығып, тілсіз жаудың құрсауында бір отбасы мүшелері қалып қойды. Мұны байқаған астаналық құрылысшылар дереу көмекке ұмтылып, жедел іске кіріскен.
Оқиға 2 наурызда "Nova City" көпқабатты тұрғын үй кешенінің 7 қабатында орын алған. Көршілес ғимаратты тұрғызып жатқан құрылысшылар Жасұлан Байсейітов, Ақылбек Жақайымов, Руслан Беріков және Әділбек Дағыстанов өртке оранған пәтерден бір әйел мен үш баланы құтқарып қалды. Олар төменгі пәтердің терезесінен жетінші қабаттағы балконнан лақтырылған балаларды қағып алып, көзсіз ерлікке барды. Мұны әлеуметтік желілерде таралып жатқан видеолардан анық байқауға болады.
Тосыннан келген қатермен бетпе-бет кезіккен жандарға өз өмірлеріне қауіп төнгеніне қарамастан қол ұшын беруге асыққандарды бейбіт күннің батырлары деп атасақ артық айтпаған болар едік. Солардың арасында жерлесіміз, Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаев атындағы ауылдың тұрғыны барын естігенімізде дереу телефон байланысына шығып, әңгімеге шақырдық.
- Түскі асымызды ішіп, жұмыс орнымызға бара жатқанбыз. Алғаш қара түтінді көргенде мән берген жоқпыз. Құрылыс жұмыстары жүріп жатқан шығар деп ойладық. Бірақ, жанұшыра айқайлаған әйел дауысын естіп, жедел жетінші қабатқа көтерілдік. Есікті бұзып кіре алмаған соң, алтыншы қабатқа түстік. Бұл пәтерлерде әлі ешкім тұрмайды, себебі, мұнда жөндеу жүріп жатыр. Осылайша қасымдағы жігіттермен бірге үш балалы ананы аман алып қалдық, - дейді Ақылбек.
Осы жайтты назарынан тыс қалдырмаған Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев "Nova City" тұрғын үй кешенінен шыққан өрттен балалар мен әйелді құтқарып, батылдық танытқан азаматтарға алғысын жеткізді. Кездесу барысында жанкештілік танытқан Жасұлан Байсейітов, Руслан Беріков, Әділбек Дағыстанов және қазалылық Ақылбек Жақайымовқа "Белсенді азамат" естелік статуэтка, "Алғыс хат" және ақшалай сыйлықтар тапсырылды.
Ал, Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Барат Дұзақбаев бір отбасы мүшелерін қауіп-қатерден қорғап қалған құрылысшылар "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" ведомствалық төсбелгісіне ұсынылғанын жеткізді.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ.